- Advertisement -

Аймақ брендіне айналған өнім

91

- Advertisement -

Кәсіпкерлік салада жүзеге асырылып жатқан жобалар көп. Олардың соңғы жылдары жеткен жетістігі қандай? Өңірлік коммуникациялар қызметінің ұйымдастыруымен өткен баспасөз турында Тараз қаласындағы бірқатар өнеркәсіп, өндіріс кәсіпорындарында болып, олардың жұмысымен егжей-тегжейлі танысқан болатынбыз. Соның бірі – матрас шығаратын «Avero» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі.

Бұл кәсіпорын жеті жылдан бері Тараз қаласында табысты жұмыс істеп келеді. Онда матрастың 30 түрі шығарылады. Айына өндіріс ошағында 1500 матрас дайындалып, республика көлемінде таратылады екен.

Серіктестіктің техникалық директоры Шаһназар Айдарбековтің айтуынша, зауытта 35 адам еңбек етеді. Сұранысқа қарай зауытта айына 3 мың данаға дейін матрас дайындауға мүмкіндіктері бар. Дайын өнімнің басым бөлігі Тараз қаласындағы жиһаз сауда орталықтары мен базарларға өткізіледі. Орта есеппен өнімнің 500-600 данасы сауда орталықтарына түскен сәтте-ақ өтіп кетеді екен. Өзге облыстарға да сұранысқа қарай тасымалданып отырады. Отандық өнімнің Қытай мен Ресейден жеткізілетін матрасқа қарағанда сапасы да жоғары.

– Аймақта біз өндірген өнімге сұраныс жоғары. Сұранысқа қарай жұмыс қарқынын арттырудамыз. Қарапайым халық матрасқа төсеніш құралы ретінде қарайды. Шынтуайтында олай емес, біз оның медициналық жағынан ондаған түрге бөліп, қатты, жұмсақ және омыртқа, буын аурулары мен басқа да сырқаттардың талабына жауап беретіндей етіп жасаудамыз. Біздің тұрақты алушыларымыз кейде матрасқа арнайы тапсырыс беріп жатады. Ол кезде тапсырыс берушінің жасына, салмағы мен сырқат тарихына қарап қолайлы етіп жасап береміз. Жайлы матрас адамның ұйқысын тыныш етеді. Біз отандық нарықты жаулап алу үшін сапаға жұмыс істейміз, – дейді ол.

Матрастың адам денсаулығына тигізер пайдасы зор. Оны медицина саласының мамандары да мойындайды. Осы талаптан шыға білген зауыттың өніміне сондықтан да сұраныс артқан.

Зауыт құрылтайшысы Григорий Повстянконың айтуынша, матрас цехында жұмыс жүйесі қалыптасқан. «Зауыт қызметкерлері жеті жылдан бері табысты еңбек етіп жатыр. Барлығын да өзіміз үйретіп, осы саланың маманы етіп дайындап шықтық. Мұндағы қызметкерлердің орташа еңбек жалақысы 125 пен 200 мың теңге аралығында. Зауыттың Астана, Алматы, Шымкент пен Қызылорда қалаларында филиалдары да ашылған. Біз еліміздің әр өңірінен зауыт филиалдарын ашу арқылы отандық өнім желісін бір қалада ғана емес, ел көлемінде дамытуды көздедік. Бұл қадамға барар сәтте көлік логистикасы мен зауыттың экономикалық тиімділігін назарға алдық», – дейді ол.

Зауытқа қажетті шикізаттың басым бөлігі Ресей мен Қытай мемлекеттерінен жеткізілсе, он пайызын отандық өнім құрайды. Дайын өнімнің бағасы да халық үшін қолжетімді. Ең арзаны 30 мың теңге тұрса, қымбаты – 200 мың теңге. Әрбір матрастың белгілі кепілдік мерзімі бар. Мұны зауыт өз жауапкершілігіне алған.

Осы зауытта бір жарым жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан қаптаушы-кесуші Жорабек Әбдірекешовты сөзге тарттық.

– Жұмысым өзіме ұнайды. Табысы да жақсы. Жұмысы да ауыр емес. Қолыңның ебі болса өзіңе оңай. Менің бір орында ұзақ тұрақтап жұмыс істеп отырғаным осы зауыт. Өз мамандығым заңгер. Ол бойынша жұмысқа орналасу қиын. Сондықтан осында келіп, жаңа мамандықты игеріп, ұнаған соң қалып қойдым. Қазір сұранысқа қарай жұмыс көлемін арттырудамыз, – дейді ол.

Ал тігінші Ағзам Хасанов өзі басқаратын тігін машинасымен күніне 20 матрасты көктеп, шетін бүріп, тігісін жатқызып шығарады екен. Бұл жұмысқа ол еліміздің Қарулы Күштерінде азаматтық борышын өтеп келген соң орналасыпты. Осы жұмысқа орналасқанына жылдан асқан маман, өзіне осы жұмыстың ұнайтынын айтты.

Серіктестік басшылығы алдағы уақытта кәсіпкерлігін бұдан да үлкейтіп, нарықта отандық өнім брендін жасауды мақсат етіп отыр.

 

 Марат ҚҰЛИБАЕВ

Тараз қаласы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support