Береке басы – бірлікте
Береке басы – бірлікте
«Нұр Отан» партиясы Жамбыл аудандық филиалының төрағасы, аудан әкімі Рүстем Дәулеттің төрағалығымен «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалының кезекті ХІІІ есеп беру-сайлау конференциясы өтті. «Нұр Отан» партиясы Саяси кеңесінің мүшесі Айнұр Келімбетова және «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы Саяси кеңесі Бюросының мүшесі Рүстем Бегалиев қатысып, партия аудандық филиалы Саяси кеңесінің мүшелері, аудандық мекеме-ұйым, кәсіпорын, құқық қорғау органдарының басшылары, БАҚ өкілдері шақырылған конференцияда «Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауын талқылау және одан туындайтын міндеттер, «Нұр Отан» партиясы Жамбыл аудандық филиалы Саяси кеңесінің 2012 жылдың қазаны мен 2014 жылдың қазаны аралығында атқарған жұмысы туралы мәселе қаралып, талқыланды. – Біз Ұлт Көшбасшысының сарабдал саясаты мен «Нұр Отан» партиясының сайлауалды тұғырнамасы аясында жүргізіліп жатқан игіліктер екенін халыққа жеткізе білуіміз қажет. Аудандық филиалдың екі конференция аралығындағы жұмыс ауқымы партияның өткен он төртінші және он бесінші съездері мен Саяси кеңес шешімдерін орындауға бағытталды. Елбасының Қазақстан халқына арнаған дәстүрлі Жолдауларынан туындайтын міндеттер партия ұйымдарының күнделікті тыныс-тіршілігімен үндесіп отырды, – деді күн тәртібіндегі мәселе бойынша баяндама жасаған аудан әкімі Рүстем Дәулет. Баяндама бойынша аудандық тұтынушылардың құқықтарын қорғау басқармасының басшысы Маржанкүл Ақтанова, «Өрнек» бастауыш партия ұйымының төрағасы Әмір Мырзаев, аудандық «Жұмыспен қамту орталығы» мекемесінің директоры Нұрқасым Үкібаев, Бірлесу-Еңбек орта мектебінің директоры Бақытбек Иманбеков сөз сөйледі. Конференцияда сөз алған «Нұр Отан» партиясы Жамбыл облыстық филиалы Саяси кеңесі Бюросының мүшесі Рүстем Бегалиев бірқатар маңызды мәселелерге тоқталып, бастауыш партия ұйымдарының жұмысын күшейту қажеттігін айтты. Делегаттар пікірімен партия аудандық филиалы Саяси кеңесінің есепті мерзімдегі жұмысы қанағаттанарлық деп танылып, қаралған мәселелер бойынша қаулылар қабылданды.
Дүйсенбек Орманов, журналист.
Жамбыл ауданы.