- Advertisement -

Депозит ашудың жеті қадамы

212

- Advertisement -

Соңғы жылдары елде қаржылық айналым артып келеді. Әсіресе, депозит ашып, қор биржасындағы түрлі акцияларды сатып алу, инвестор болу сынды осы күнге дейін таңсықтау болып келген қаржылық ұғымдар бүгінде өмірімізге дендеп еніп алды. Мұндай жағдайда әр азамат өзінің қаржылық сауатын арттырып отырғаны жөн. Өйткені банк қызметімен қатар, қаржылық алаяқтардың да айла-шарғысы күн сайын құбылып, жетіліп келеді. Қаскөйлердің «құрығына» түсіп, сан соғып қалғандар да аз емес. Сондықтан бүгінгі күнде қаржы бойынша сауатты болғаныңыз өте абзал. Ақша – бүгінде өмір сүруіміздің, айналамен қарым-қатынасымыздың ажырамас бөлігіндей болып кеткен. Қаражат мемлекет үшін де, отбасы, жеке адам үшін де аса қажетті құралдардың бірі. Сондықтан қаржы жинау, қор қалыптастыру, бюджетті жоспарлаудың экономикалық маңызы зор. Бұл ретте ақша жинаудың ең тиімді әрі табысты да қауіпсіз жолдарының бірі – депозит. Бүгінде еліміздің екінші деңгейлі банктерінің бәрі азаматтардың депозит салымдарын жинау қызметін көрсетуге құқылы. Ол үшін Ұлттық банктің берген арнайы лицензиялары бар. Ал ол салымдарды жинауға қай банк қандай шарт ұсынатыны, қандай жеңілдіктер қарастыратыны сол банктің бағдарламасына байланысты. Ең бастысы Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры сіздің депозитіңізге кепілдік береді. Кез келген басқа шарт сияқты, банктік салым шарты да маңызды талаптарды қамтиды. Шартқа қол қоймас бұрын сол талаптарға баса назар аударған жөн. Біз банк мамандарының кеңесі негізінде депозитке ақша жинаудың жеті қадамы жайлы ақпарат ұсынбақпыз.

1-қадам. Салым мақсатын анықтап алыңыз

Банкке өз қаражатыңызды салмас бұрын, өзіңіз үшін салынған қаражаттан не күтетіндігіңізді шешіп алыңыз. Бүгінгі таңда банктер Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қорының жіктеуі бойынша депозиттердің мерзімсіз, мерзімді және жинақ сынды үш түрін ұсынады.

Мысалы, мерзімсіз депозит аты айтып тұрғандай салынған ақшалай қаражатты ұзақ мерзімге сақтауға не болашақта туындауы мүмкін көзделмеген шығындарға жұмсауға бағытталған.

Егер сіз қомақты қаражат керек болып, я болмаса үлкен сауда жоспарласаңыз және ақшаны мерзімінен бұрын алатын болсаңыз, онда мерзімді депозитті таңдаңыз. Оның шарттары салымды шектеусіз толықтыруға, сондай-ақ ішінара алуға мүмкіндік береді. Бірақ бұл жағдайда сыйақыны ішінара жоғалтасыз.

Егер сіз салған ақшаңыздың қомақты кірісін көргіңіз келсе, дұрысы депозитті ұзақ уақытқа салғаныңыз абзал. Көбінесе, бұл жағдайда сіз ең жоғары пайыздық мөлшерлемені аласыз. Мұндай мақсатқа жинақ депозиті өте тиімді. Бұл – теңге валютасындағы салымдардың ішіндегі мөлшерлемесі ең жоғары қайтарып алынбайтын депозит. Ол өз ақшасын ұзақ уақытқа салуды жоспарлаған және салым кезеңінде ол қаражатты жұмсамайтын адамдар үшін тиімді. Жинақ депозитінің толықтырылып отыратын, сондай-ақ толықтырылмайтын түрлері бар. Бір ғана ерекшелігі – мұндай салымнан ақшаны мерзімінен бұрын тек толықтай және банкке өтініш жібергеннен кейін 30 күн өткен соң ғана ала аласыз. Бұл ретте банк сізге берілген сыйақы түгел ұстап қалады. Өйткені шарт солай.

Сондықтан қандай да бір депозит ашарда осы бағыттағы ақпараттармен әбден танысып және банкке барғанда банк қызметкерінен де салымдардың түрлерімен барынша таныстыруын сұрап алу керек.

2-қадам. Өз деректеріңізді тексеріңіз

Сіз депозит түрлерімен кеңірек танысып, қандай салым ашатыныңызды шештіңіз делік. Ендігі қадам – банктік салым шартына қол қою, алайда ол мұқият зерделеуді талап етеді.

Бірінші кезекте, міндетті түрде өзіңіздің дербес деректеріңіздің дұрыс толтырылғанына көз жеткізіңіз. Жеке басыңызды куәландыратын құжаттың және ұялы байланыс телефоныңыздың нөмірінің дұрыс жазылуын тексеріңіз, себебі сіз мұндай қызметті қосатын болсаңыз бұдан әрі дәл сол нөмірге дербес ақпарат, оның ішінде шот бойынша операциялар және басқа да сізге қажетті ақпаратпен SMS-хабарлар келетін болады.

Сонымен қатар құрылтай құжаттарына өзгерістер енгізу кезінде, тұрғылықты мекенжайы өзгерген, аты-жөнін ауыстырған, нөмір ауысқан жағдайда бұл туралы өзгерістер енгізілген сәттен бастап 15 күннің ішінде банкке хабарын беруіңіз керек. Өйтпеген жағдайда соның салдарын банк тартуы мүмкін және ол үшін клиентке жауапкершілік жүктеледі. Бұл да шартта жазылған.

3-қадам. Сыйақы мөлшерлемесі және комиссиялар

Банктер өздерінің салымдарын «ең тиімді пайыздармен» белсенді түрде жарнамалайды. Алайда жарнамаға сенбеңіз, одан да банктің менеджерінен сіз ашқыңыз келетін депозит бойынша сыйақы мөлшерлемесінің қазіргі уақытта қанша болатынын сұраған жөн. Мысалы, мөлшерлеме шарттың мерзімі ішінде сомаға байланысты өзгеруі мүмкін. Мұндай ақпарат банктің жарнамасында көрсетілмеуі мүмкін, бірақ шартта міндетті түрде жазылады. Менеджерден мөлшерлеменің қандай талаптарға байланысты екенін нақтылаңыз, сондай-ақ комиссиялар туралы сұраңыз. Кейбір банктер шотты ашқаны және жүргізгені үшін, қолма-қол ақшасыз қаражатты есептегені және аударғаны үшін комиссия алуы мүмкін. Сол себепті шарттың барлық талаптарын мұқият оқып шығыңыз.

4-қадам. Пайыздарды есептеу және төлеу талаптары

Сондай-ақ банктік салым шартында пайыздарды есептеу және төлеу талаптарын тексеріңіз. Төлемнің күніне назар аударыңыз. Егер салым пайыздарды капиталдандыруды болжаса, онда кезеңділік қандай болатынын нақтылаңыз. Көбінесе ай сайынғы капиталдандыру бар, бірақ ең тиімдісі – күнделікті.

Пайыздарды капиталдандыру – бұл салым бойынша пайыздарды есептеу әдісі, онда салым сомасы алдымен есептелген пайыздарға көбейтіледі, содан кейін алынған сомадан кезекті кезеңдегі пайыз есептеледі.

Пайыздардың қай шотқа аударылғанын міндетті түрде тексеріңіз. Карта қосылған шот тиімдірек, сондықтан банктен картаны шығару және қызмет көрсету қанша тұратынын тексеріңіз. Егер сіз валюталық салымдардың ұстаушысы болсаңыз, пайыздарды төлеу тәртібіне назар аударыңыз. Мерзімінен бұрын бұзу немесе ай сайынғы төлем кезінде көптеген банктер оларды теңгемен төлейді. Бұл жағдайда табыс қайта есептелетін бағам маңызды.

«Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасының Кодексіне сәйкес, 2018 жылғы 1 қаңтардан бастап бейрезидент жеке тұлғалардың салымдары бойынша сыйақы түріндегі табыстарға жеке табыс салығы салынып келеді. Жеке табыс салығының мөлшерлемесі 15 пайызды құрайды.

5-қадам. Толықтыру және мерзімінен бұрын алу мүмкіндігінің талаптары

Шартта депозитті толықтыру немесе алу, оның ішінде ішінара алу бойынша қандай да бір шектеулер жазылған-жазылмағанына назар аударыңыз. Кейбір ұйымдар салымды толықтырудың ең төменгі немесе ең жоғары мөлшерін енгізеді. Ал мерзімінен бұрын алу үшін айыппұл салынуы мүмкін. Банктер шартты мерзімінен бұрын бұзу үшін комиссия ала алады. Нәтижесінде берілетін сома салымның бастапқы сомасынан аз болуы мүмкін. Сондықтан да шартты мерзімінен бұрын бұзу талаптарына өз назарыңызды аударыңыз.

6-қадам. Салым мерзімін ұзарту

Мерзімін ұзарту – салымшының қатысуын талап етпейтін, депозит мерзімін автоматты түрде ұзарту және бұл өте ыңғайлы қызмет. Яғни, шарттың мерзімі аяқталған кезде банк оны автоматты түрде ол ашылған мерзімге ұзартады. Банктік салым шартында мерзімін ұзарту мүмкіндігі, сондай-ақ ұзартудың ең көп саны жазылады. Мерзімін ұзартқан кезде сыйақы мөлшерлемесі өзгеруі мүмкін. Мысалы, сіз депозитті 10 пайыз мөлшеріндегі сыйақы мөлшерлемесімен ашсаңыз, ал банк қазіргі уақытта депозиттерді 8 пайыз мөлшерлемемен қабылдап жатса, онда сіздің салымыңыздың мерзімін ұзартқан жағдайда, мөлшерлеме 8 пайызды құрайтын болады.

Ұзартудың ең жоғары мөлшері шегіне жеткен жағдайда немесе шартта мерзімді ұзарту көзделмеген болса, онда банк ақшаны автоматты түрде сіздің ағымдағы шотыңызға аударады.

7-қадам. Қоңырауларға абайлап жауап беріңіз

Осы ретте есте ұстайтын үлкен мәселе бар. Алаяқтар салымды тиімді қайта ресімдеуді ұсыну арқылы немесе сіздің депозиттік шоттарыңызға хакерлік шабуылдар жасалады деп қорқыту арқылы банк қызметкерлерінің кейпінде жаппай хабар жіберіп, қоңыраулар жасайды.

Егер қаскүнемдер сізбен онлайн байланыс жасайтын болса, олар өз дербес деректеріңізді толтыру қажет болатын жалған онлайн-банкинг парақшасына өтуіңізді ұсынуы мүмкін. Телефон арқылы қоңырау шалған кезде алаяқтар сіздің картаңыздың толық деректемелерін, сондай-ақ банк операциясын растайтын SMS-кодты біліп алуға тырысады. Алаяқтар қажетті мәліметтерді алғаннан кейін оларға сіздің банк қосымшасындағы шынайы аккаунтыңызға, оның ішінде депозитіңізге де рұқсат ашылады.

Банктік салым шартын қайта ресімдеу, жасау немесе жүргізу бойынша барлық әрекеттерді екінші деңгейдегі банк бөлімшесіне барып орындаған жөн екендігін есте сақтаңыз. Өз жинақ ақшаңыздан айырылғыңыз келмесе, конфиденциалды мәліметтеріңізді білгісі келетін бейтаныс адамдарға сенудің қажеті жоқ. Сондықтан салымдарыңыз бойынша банк қызметкерімін деп хабарласқан қоңырауларға қашанда күмәнмен қарап, әбден зерттеп алыңыз.

Өтемақы алуға өтініштер беру мерзімі аяқталуда

Теңгемен депозиттерге өтемақы (сыйлықақы) алу үшін салымшылар депозиттерге міндетті кепілдік беру жүйесінің қатысушысы-банкке 2023 жылғы 1 қаңтарға дейін өтініш жолдауға тиіс.

ҚДКҚ-ның мәліметтерінше, 2022 жылғы 11 қарашадағы жағдай бойынша 1,8 миллион адам өтемақы алуға өтініш берген, бұл салымшылардың салымдары өтелуге жататын азаматтардың жалпы санының 35 пайызынан аз.

Қазақстанда салымшыларды қолдау мақсатында Жеке тұлғалардың ұлттық валютада орналастырылған депозиттері бойынша өтемақы (сыйақы) төлеу қағидалары (бұдан әрі – Қағида) әзірленді, ол 2022 жылғы 12 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізілді.

Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне кері байланыс арналары арқылы келіп түскен өтініштердің мониторингі және талдауы көрсеткендей, екінші деңгейдегі банктердің басым көпшілігі халыққа Қағидалардың талаптары жөнінде ақпараттандыру және түсіндіру бойынша жұмыстың толық көлемде жүргізілмейтінін көрсетті.

Қандай салымдар бойынша мемлекеттен сыйлықақы алуға болады?

Өтемақыны тек 2022 жылғы 24 ақпанға дейін теңгемен ашылған депозиттер бойынша ғана алуға болады.

Өтемақы мынадай салымдар бойынша төленеді: жинақ, яғни ақшаны ішінара алу құқығынсыз қайтарып алынбайтын депозит; мерзімді салым (білім беру жинақтау салымдарын және тұрғын үй құрылыс жинақтарын қоса алғанда). Сыйлықақы тек осы салымдар бойынша және 20 миллион теңгеден аспайтын сомаға төленетін болады.

Бұл ретте, сыйлықақы мыналарға: талап етілгенге дейінгі салымдарға, яғни банк белгісіз мерзімге ашатын және клиенттің бірінші талабы бойынша қайтарылатын салымдарға; шартты салымдарға; ағымдағы банктік шоттарға қолданылмайды.

Депозиттер бойынша өтемақы төлеу жеке тұлғаларға, резиденттерге және бейрезиденттерге, оның ішінде дара кәсіпкерлерге, жеке нотариустарға, жеке сот орындаушыларына, адвокаттарға, кәсіби медиаторларға төленуге тиіс.

Егер салымшының бір банкте бірнеше депозиті болса, онда өтемақы жалпы сомасы 20 миллион теңге көлемінде төленеді. Ал егер салымшыда түрлі банктерде депозиттер болса, онда сыйлықақы әрбір салым бойынша ол да 20 миллион теңге шегінде төленетін болады.

Салымшылар өздерінің теңгемен салымдары бойынша, егер: олардың салымдарының мерзімі аяқталмаған немесе 2023 жылғы 23 ақпанға дейін (бір немесе бірнеше рет) ұзартылған; банктік салым шарты тоқтатылмаған және салымшы өзінің барлық жинақтарын депозиттен толығымен алмаған жағдайларда сыйлықақы алуларына болады.

Өтемақы қалай есептеледі?

Өтемақы төлеудің негізгі талабы – бұл 2022 жылғы 23 ақпанда операциялық күннің соңында депозитте болған сома және ол жыл бойына өзгеріссіз қалуы керек. Яғни, салымшы депозиттен ақша алмауы керек!

Егер салымшы, айталық, депозиттен қаражаттың бір бөлігін алған болса немесе шотты толықтырса, онда 2022 жылғы 23 ақпаннан бастап 2023 жылғы 23 ақпанды қоса алғанда кезеңдегі депозиттегі ең аз қалдыққа өтемақы төленуге тиіс.

Мемлекеттен ең жоғары сыйлықақы алу үшін бір жыл ішінде – 2022 жылғы 23 ақпаннан бастап қоса алғанда 2023 жылғы 23 ақпан аралығында депозиттен қаражат алмаған жөн! Егер шот бойынша қозғалыстар болған болса, онда осы депозитте бір жыл ішінде тіркелген ең төменгі сома өтелуге тиіс. Өтемақы төлеу үшін арнайы жеке шоттар ашудың қажеті жоқ!

Өтемақы төлеу тетігін бірнеше мысалдармен талдап көрейік.

№1 мысал. Егер 2022 жылғы 23 ақпаннан бастап 2023 жылғы 23 ақпанға дейін салымшының өтемақы төленетін депозиттегі сомасы 5 миллион теңгені құраса және осы кезеңде толықтырылмаса және алынбаса, онда оған 10 пайыз мөлшерінде, яғни 500 мың теңге мемлекет сыйлықақысы есептелетін болады.

Егер осы кезеңде салымшы депозитті толықтырса немесе өз қаражатын ішінара алса, онда 10 пайыз мөлшеріндегі сыйлықақы осы кезеңдегі операциялық күннің соңында тіркелген ең төменгі қалдыққа есептелетін болады.

№2 мысал. Салымшының өтемақы төленетін депозитінде 2022 жылғы 23 ақпандағы күннің соңында 500 мың теңге болды. Бір жыл ішінде, 2023 жылғы 23 ақпанға дейін ол ақшаны ішінара алды, ал депозиттегі ең төменгі қалдық 200 мың теңге болды. Ол сондай-ақ депозитті толықтырды, нәтижесінде 2023 жылғы 24 ақпанда оның депозитіндегі сома 800 мың теңгені құрады. 10 пайыз мөлшеріндегі сыйлықақы 200 мың теңгеге есептелетін болады, себебі Қағидаларға сәйкес өтемақы ең төменгі қалдыққа есептеледі.

Банктер Проблемалық кредиттер қорынан (ПКҚ) және Қазақстанның орнықтылық қорынан (ҚОҚ) өтемақы сомасын алғаннан кейін 2 жұмыс күні ішінде салымшылардың ағымдағы банктік шоттарына сыйлықақыны есептейді. Ағымдағы шот болмаған жағдайда өтемақы төленетін депозит ашылған банкке жүгіну қажет.

Салымшылар Қағидаға сәйкес өтемақы алу үшін ақшаны толық алуға жол берілмейтінін есте сақтауы қажет.

Салымшы өтемақы алу келісімін қалай растай алады?

Есіңізде болсын! Өтемақы алуға келісіміңізді 2023 жылғы 1 қаңтарға дейін растау қажет. Көрсетілген мерзімде банкке келісім туралы өтініш бермегендерге өтемақы төлеу жүзеге асырылмайды.

Банктер салымшыларға өтемақы алу мүмкіндігі және өтініш беру арқылы келісім беру қажеттілігі туралы хабарлайды. Өтініш беру тәртібі мен тәсілін банк айқындайды.

Өтініште салымшылар мыналарды көрсетуі керек: тегі, аты, әкесінің аты (бар болса); жеке сәйкестендіру нөмірі (ЖСН).

Өтініште салымшы: өтемақы алу үшін; ПКҚ, ҚОҚ және ҚДКҚ (Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қорына) ақпаратын, оның ішінде банктік және заңмен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын ақпаратты ұсынуға; өтемақы төлеу үшін ПКҚ және ҚДКҚ дербес деректерді жинауға және өңдеуге өзінің келісімін береді.

Өтемақы төлеу Қағидалары бойынша сұрақтар туындаған жағдайда азаматтар «1477» нөмірі бойынша ҚР Үкіметімен бірлесіп теңгемен салымдарды қорғау бағдарламасын іске асыратын Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне жүгіне алады.

Қаржылық көрсетілетін қызметтерді тұтынушылар өз құқықтарын қорғау үшін ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне (бұдан әрі – Агенттік) egov.kz порталы, «e-Otinish» ақпараттық жүйесі арқылы, не А15С9Т5, Алматы қаласы, Көктем-3 шағын ауданы, 21-үй мекенжайы бойынша жазбаша жүгіне алады.

Өңірлердің тұрғындары тұрғылықты жері бойынша – Агенттіктің Өңірлік өкілдіктері басқармаларына жүгіне алады.

Сонымен қатар Агенттікте Қоғамдық қабылдау жұмыс істейді, онда азаматтар ақпараттық-анықтамалық сипаттағы консультациялар ала алады және реттеушінің қызметіне қатысты мәселелерді жедел шеше алады.

Агенттік өкілдері өтініш берушілердің әрбір өтінішін қарайды және банк, сақтандыру, микроқаржы салаларындағы, коллекторлық агенттіктер мен кредиттік бюролардың, сондай-ақ бағалы қағаздар нарығының кәсіби қатысушыларының қызметіндегі заңнама нормаларына егжей-тегжейлі түсіндірмелер береді. Қажет болған жағдайда Қоғамдық қабылдаудың қызметкерлері қарыз алушылар үшін банктердің, МҚҰ немесе қоғамдық бірлестіктердің өкілдерімен кездесулер ұйымдастыра алады.

Агенттіктің Қоғамдық қабылдауына жазылу үшін Yermek.Utemisov@finreg.kz электрондық мекенжайға өзінің ТАӘ, ЖСН, байланыс деректерін, ұйымның толық атауын, өтініштің қысқаша сипаттамасын жіберу және міндетті түрде «Азаматтарды қабылдауға жазылу» тақырыбын көрсету қажет немесе осы ақпаратты Қоғамдық қабылдау бөлмесінің қызметкеріне хабарлау, «1459» нөмірі бойынша Агенттіктің call-орталығына қоңырау шалу немесе «Fingramotalline» мобильді қосымшасы арқылы жазу қажет.

 

Дайындаған

Жасұлан СЕЙІЛХАНОВ,

журналист.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support