Жамбылда не жаңалық?

Дұрыс тамақтану аурудың алдын алады

Дұрыс тамақтану аурудың алдын алады

Бүгінде ел ішінде зоб, яғни жемсау дертінің таралуы, көбеюі белең алып келеді. Бұл ауру қалқанша безінің ұлғаюынан пайда болады. Қалқанша безі адамдарда кеңірсіктің алдыңғы қабатында орналасқан. Қалқанша безінің ұлғаюы мойынның жуандауына әкеледі. Зоб ауруына шалдыққан кезде, қалқанша безінің қызметі бұзылып, гормондар не аз, не көп мөлшерде бөлінеді.

Бұл ауруға адам түрлі жағдайда тұқымқуалаушылық, инфекциялар, психикалық жарақаттар, ағзаның әлсіреуі, шаршау, депрессия, орталық жүйке жүйелерінің, жыныс бездерінің дұрыс қызмет істемеуінен душар болады. Күн тәртібіне бағынбай, түнде ұйықтамай, дер кезінде тамақтанбау да өз әсерін тигізеді. Жемсаудың салдарынан науқастың есте сақтау қабілеті төмендейді. Депрессияға түсіп, жүйке тозуы, терінің кеуіп, шаш түсуі, ағза температурасы төмендеуі, ағзаға су жиналып, қабынудың салдарынан салмақ қосып немесе салмақ тастайды. Кейде тіпті беті домаланып, өңі қашып кетеді. – Йод тапшылығынан адам зоб ауруына шалдығады. Бұл дерттің белгілері байқалған жағдайда алдын ала диагноз қойылып, бала дәрігердің тағайындауымен емделсе, толық жазылып кетеді. Үлкендер де дер кезінде медициналық тексерістен өтіп тұруға тиіс. Қазіргі салауатты өмір салтын қолдап, дұрыс тамақтанып, әсіресе құрамында йоды бар тағамдарды пайдаланғандар зоб ауруының алдын алады. Қазір емханада мектеп жасындағы балалардың барлығы медициналық тұрғыда тексеруден өтіп, оның ішінде эндокринологтың да қадағалауында болады. Бұл жас балалардың зоб дертіне шалдығуының алдын алу үшін тиімді. Йод ташылығын анықтағанда міндетті түрде бағыт- бағдар беріп, ем-дом қолданып, жазылып шығуына ықпал етіп, дәрігерлік кеңес беріп тұрамыз, – дейді дәрігер эндокринолог Эльмира Ағабаева. Ұйқыға жатар кезде табанға йод жағып, мақта матадан тігілген шұлық киіп жатқан дұрыс. Түнімен йод өкшеге сіңіп, зоб ауруын емдейді. Алғашында йод бірден сіңіп кетеді. Егер адам емді үзбей жасап тұрса, уақыт өте келе йод қалай жақса, сол қалпында тұратын болады. Бұл зобтың жазылғанынан хабар береді. Негізі зобтың түрі көп. Соның ішіндегі көп тарағаны – эндемиялық зоб. Зобтың 3 сатысы бар:

  1. Қалқанша безі көрінбейді, сипалағанда сезілмейді.
  2. Қалқанша безі көрінбейді, бірақ сипағанда сезіледі.
  3. Қалқанша безі жұтынған кезде көрініп тұрады.

Зоб аяғы ауыр аналар үшін қауіпті жағдай туғызады. Себебі ауру асқынған кезде шақалақ өліп кетуі мүмкін. Жаңа туған нәрестеде қалқанша безінің дамымай қалуы, туа біткен гипотиреоздық қалыптасуы ықтимал. Ал ең қауіптісі – нәресте ақыл есі кемтар болып туылады. Диагноз қойылған бала өмір бойы гормондық ем алуға мәжбүр. Уақтылы емделсе, эндемиялық зобтан қауіп жоқ. Зобтың токсикалық түрі ұзақ уақыт емделіп, дәрігер қарауында болу керек. Науқас дәрігердің рұқсатынсыз бала тууына болмайды. Зобты өз бетімен емдеу өте қауіпті. Дұрыс тамақтану кез келген аурудың алдын алады. Бұл дерттен сақтанудың бір жолы да осы тамақтануға келіп тіреледі. Сау болу үшін салауатты өмір салтын ұстанып және дұрыс тамақтану қағидасын ұстанған абзал. Егер сізде ЗОБ-тың белгілері болса онда құрамы йод элементіне бай тағамдарды көбірек тұтыныңыз. Ас мәзіріңізден балықты, пиязды, сарымсақты, қызанақты, сәбізді, құлпынайды, цитрусты жемістерді, ананасты үзбеңіз. Ал алкогольді сусындарды, консервіленген, қуырылған, майлы ет пен тағамдарды, кофені шектеу қажет. Бұл ауруды хирургиялық жолмен де емдейді. Жемсауға ота жасатуды тыныс алу қиындықтары бар науқастарға және қалқанша безінің қатерлі ісігіне оң нәтиже берген кезде ұсынылады. Қалқанша безінің мөлшеріне байланысты пациенттер операциядан кейін қалқанша безінің қызметін алмастыру үшін левотироксин қабылдауға мәжбүр болады.  Аурудан сақтанудың тағы бір шарты – көпшіліктің және жеке бастың тазалығын сақтай білуіне келіп тіреледі. Сондай-ақ тамақты әртүрлі және құнарлы етіп ішуді әдетке айналдырған абзал. Ғылымның зерттеу нәтижесіне қарағанда тіршілікке керекті йодтың 60 проценті организмге өсімдіктен жасалған азықтан, 32 пайызы ет пен балықтан, тек 8 проценті су мен ауадан келетіні анықталды. Малдың ет-сүтіне қарағанда йодқа өсімдік тағамдары бай. Сондықтан эндемиялық жемсауы бар аудандардың халқына өсімдік тағамын жиірек пайдалану керек. Ет, сүт тағамдарының организм үшін құнды екенін ұмытпай, есте сақтаған жөн. Әсіресе балықта йод көп және өте пайдалы. Тамақ режимін дұрыс сақтамау, гигиеналық тәртіпті бұзу организмнің корғаныш арқауын босатады, сөйтіп йод кемістігін күшейтеді. Ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын іздеп, дәруменге бай әрі құнарлы тағам жеп, қажетінше демалып, ұйықтап, жүйке тыныштығын сақтаған жанның дені қашанда сау екенін естен шығармаңыз.  

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ.