- Advertisement -

Емханаларда ардагерлерге барлық жәрдем тегін жасалады

83

- Advertisement -

Ақ халатты абзал жандардың жұмысы қашанда күрделі. Олар сырқаттың ауыр түріне шалдыққан науқастарды да емдеп жазып, көпшіліктен алғыс алып жүр. Әсіресе дәрігерлердің қарт кісілерге деген жанашырлығы жоғары. Оны облыстық ардагерлер кеңесінде өткен жиында да байқадық.

Өңірдің белсенді ардагерлері бас қосқан жиында облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Жанар Оспанова аталған бағытта атқарылған жұмыстарға және дәрі-дәрмектің бағасына қатысты есеп берді. Басқарма басшысы облыс аумағындағы «Меркі» және «Айша бибі» шипажайларында емдеу-сауықтыру мәселесін ерекше жауапкершілікпен шешіп отырғанын, алдағы жылы 500 ардагердің демалып қайтуына мүмкіндік бар екенін, қажет болса оған да қосымша төсектер бөлінетінін айтып өтті. Осы тұста Тараз қалалық ардагерлер кеңесінің төрайымы Күләш Әбдікешова «Біздің білетініміз қай емханаға барсақ та кезек күткен жұрт. Ардагерлеріміз де сарылып кезекте тұрады. Жедел жәрдем шақырса да қарамайды, ауруханаға жатқызбайды.

Ауруханаға инсульт немесе инфаркт болған ауыр жағдайдағы қарттарды ғана қабылдайды екен. Сонда, қарттарымыз ауруханаға әбден әлсіреп, нашарлаған кезде ғана баруы қажет пе? Мәселен, Макеев деген Ұлы Отан соғысының ардагері порталды күте-күте, уақыты созыла берген соң, өз қаржысына көзіне ота жасатқан. Қазір жанарына тамызатын дәріні зейнетақысынан сатып алып отыр. «Осы қаншалықты дұрыс? Мұнан соң дәрі-дәрмектің негізсіз қымбаттауын қалай түсіндіресіз?» деген сауал қойды.

Бұл сауалға Жанар Мықтыбекқызы: «Сұрағыңыз өте орынды. Бұл жұмысқа келгелі ардагерлер мен зейнеткерлерге қызмет көрсету сапасын жақсартуды барынша зерделеп жатырмын. Басқарма жанынан «Ақылмандар» алқасын құрдық. Оған бұрын денсаулық саласында басшылық қызметте болған, аурухана мен емханаларда абыройлы еңбек еткен алдыңғы толқын мамандар мүше болады. Сол кісілер аталған жағдайдың бәрін саралап, назарға алып отырады. Қазіргі таңда барлық аурухана мен емхана бас дәрігерлеріне қарттарға қамқорлық жасап, оларға көрсетілетін қызметті жақсарту және барынша сыпайы сөйлеп, жылы жүзбен қабылдау жөнінде нақты тапсырмалар берілді. Жедел жәрдеммен барған қартты қабылдамай қойған жағдайды қазір естіп, таңданып отырмын. Бұл жағдайдың қай ауруханада орын алғанын әлі де толық зерделеп, сіздерге жауабын айтатын боламыз. Әрине, кінәлілер анықталып, заң аясында жазасын алады. Ауруханаға инфаркт пен инсульт алғандар ғана қабылданады деген шешім жоқ. Қазіргі таңда қарттар үшін барлық жағдай бар. Күндізгі стационарларда мамандар мен төсек орындар жеткілікті. Қажет болса, ол төсек-орындарды тағы көбейтуге болады. Облыс бойынша 129 мың ардагер мен зейнеткер қарттар тіркелген. Бізде әр аймаққа бөлінеді. Тараз қаласында бір аймақта 1 мың 700 қарт тіркелген фактілер бар. Олардың барлығына да үлгеріп, қарап, назар аударып отыр. Алдағы уақытта бұл жұмысты күшейтеміз. Мен осы жиынға «Меркі» және «Айша бибі» емдеу-сауықтыру шипажайының басшыларын арнайы шақырттым. Сіздерді тыңдасын деген ойым болды. Әр ауруханада портал болады. Одан бөлек аурухананың өзінің ішкі порталы болуы тиіс. Келген кісілерді тексеріп, мүмкіндігінше жатқызып, емдеу – олардың жұмысы. Тіпті алдағы уақытта Астана мен Алматыға арнайы мамандар жіберіп, курста оқытып, әр аудан мен қаладан герантолог маманға арнайы штат ашамыз. Ол мамандар қарттардың денсаулық мәселесімен тікелей айналысады. Сосын басқармада да бір маманды жағдайын айтып келген қарттарды қабылдауға, олармен кеңінен сөйлесуге, алаңдатқан мәселесін шешуге ықпал етуі үшін арнайы бекітеміз. Өйткені қарт кісілерге деген қолдау ерекше болуы тиіс. Бұл жұмысты әлі де назарымда ұстаймын», – деді.

Басқарма басшысы дәрі-дәрмектердің қымбаттығына да назар аударды. Ол өзінің дәрігер ретінде білімі мен тәжірибесіне сүйене отырып, ойларын да ортаға салды. «Бізде біршама дәрілердің қымбат екені рас. Бұл саланың өз басшылары бар. Дегенмен маман ретінде ойларымды айта кетейін. Еуропадан келетін дәрілер қымбат. Себебі олар алыс мемлекеттен ұшақтармен тасымалданып келеді. Оның тасымалы да, дәріханаға дейін жеткізілуі де ақша. Сол жұмсалған шығын әлгі дәрінің негізгі бағасына қосылып, қымбатқа сатылады. Отандық дәрілер де бар. Олардың бағасы арзан. Бірақ кейбір ақсақалдар мен әжелер: «Бұл неге арзан дәрі? Қазақстанда жасалса, дұрыс дәрі емес шығар. Қымбат болса да шетелдікін алайық», дейді екен. Оны да естіп жатырмыз. Бұл жерде түсінбестік болып тұр. Қазір отандық медицинамыз да дамып кетті. Елімізде дәрі шығаратын зауыттар бар. Олар жұмыстары жүруі үшін сертификат және құзырлы орындардан рұқсат алады. Бірнеше арнайы комиссиядан өтеді. Білікті мамандар саралайды. Олар әлгі дәрінің мүмкіндігін жан-жақты зерттеп, зерделеп барып, шешім қабылдайды. Сондықтан отандық арзан өнімнен бас тартпаңыздар. Біздің облыс аумағынан да дәрі шығаратын шағын зауыт ашылғалы жатыр. Сонда өз өнімімізді сатып алмайсыздар ма?», деген басқарма басшысының сөзі ардагерлерге ой салды. Олар отандық дәріні де сатып аламыз деп келісім берді. Жанар Мықтыбекқызы ардагерлерге денсаулық пен жақсылық, амандық тілеп, қай кезде де есігі ашық екенін, қарттарды кезексіз қабылдауға әзір екенін айтты.

 

Есет ДОСАЛЫ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support