Денсаулық

Жемқорлықпен күресте қоғамдық кеңестер де белсенді

Жемқорлықпен күресте қоғамдық кеңестер де белсенді

Халықтың игілігіне арналған жұмыстардың жүйелі атқарылуына кедергі келтіретін сыбайлас жемқорлықпен күрес – бүкіл қоғамның ортақ мүддесі. Бұл бағытта «Amanat» партиясы да белсенді жұмыс істеп келеді. Әрдайым ел мүддесіне негізделген істердің басы-қасында жүретін партияның облыстық филиалы жанынан құрылған Мемлекеттік басқаруды дамыту және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі қоғамдық кеңес биыл жыл басынан бері 58 отырыс өткізіп, онда облыстағы басқармалардың халыққа қызмет көрсетудегі жұмыстары талқыланған.

«Amanat» партиясының облыстық филиалы бойынша өңірде 1 облыстық, 1 қалалық, 10 аудандық партия филиалы жанындағы Мемлекеттік басқаруды дамыту және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі қоғамдық кеңестер жұмыс істейді. Ол кеңесте жалпы 92 мүше болса, оның 4-еуі облыстық, 6-ауы қалалық, 28-і аудандық мәслихаттың депутаттары. – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ағымдағы жылдың 1 қыркүйегіндегі «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Қазақстан халқына арналған Жолдауынан туындайтын міндеттер барысы партия филиалы жанындағы кеңестің арнайы отырысында жан-жақты талқыланды. Сондай-ақ облыс әкімдігі білім басқармасы мен оған қарасты мекемелерде сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі жұмыстың барысы және инклюзияны қолдау кабинеттерін әдістемелік сүйемелдеуді қаржыландырудың барысы туралы білім басқармасы басшысының есебі тыңдалып, тиісті ұсыныстар берілді. Партия филиалдары жанындағы қоғамдық кеңестің отырыстарында «Amanat» партиясының 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бағдарламасынан туындайтын міндеттердің және облыс көлемінде сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бағытындағы жұмыстар жергілікті түрлі атқарушы органдармен бірлесе жүргізіліп отырады. Сондай-ақ облыс көлемінде түрлі мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асырылуын бақылауды күшейту кеңес мүшелері тарапынан бақылауға алынып, тиісті ұсыныстар беріледі. Партияның аумақтық филиалдары жанындағы қоғамдық кеңестердің отырыстарында «Amanat» партиясының 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бағдарламасының Тараз қаласы мен аудандарда жүзеге асырылуы мен бағдарламадан туындайтын міндеттердің барысы туралы жауапты мекеме басшыларының есептері тыңдалады, – дейді партияның облыстық филиалы партиялық бақылау комиссиясының инспекторы Ерғали Омаров. Қоғамдық кеңестің отырыстарында өңірде жүргізіліп жатқан сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бағытындағы іс-шаралар мен түрлі мемлекеттік бағдарламаларға бөлінген бюджет қаражатының жұмсалуын бақылау бойынша жауапты мекеме басшыларының есептері тыңдалған. Қаралған мәселелер талқыланып, ұсыныстар беріліп, партия бақылауына алынады. Аталған қоғамдық кеңестердің ұйымдастыруымен, кеңес мүшелерінің қатысуымен түрлі сектордағы мекемелерде «Жемқорлыққа жол бермейік», «Жемқорлықсыз мемлекет», «Сыбайлас жемқорлықтың және құқықбұзушылықтың алдын алу» секілді тақырыптарды қамтыған семинар-кеңестер, дөңгелек үстел және кездесулер өткізілді. – Партия облыстық филиалы жанындағы Мемлекеттік басқаруды дамыту және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі қоғамдық кеңес мүшелерінің қатысуымен облыстық төтенше жағдайлар департаментінде және «Азаматтарға арналған үкімет» АҚ облыс бойынша департаментінде кездесу өтті. Түрлі құзырлы орган өкілдерінің қатысуымен өткен басқосу «Сыбайлас жемқорлық көріністерін болдырмау, тәуекелдерін азайту және алдын алу шаралары» тақырыбына арналды. Осы мәндес дөңгелек үстел, семинар-кеңестерде партияның 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бағдарламасының екінші кезеңінің жүзеге асырылуы мен одан туындайтын міндеттердің барысы туралы түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Партия филиалдары жанындағы қоғамдық кеңестің төрағалары мен мүшелері қоғамдық қабылдау жұмыстарын жүйелі түрде өткізіп отырады. Жалпы, биыл сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері тақырыбында 35 семинар-кеңес, 37 дөңгелек үстел және 103 кездесу мен партиялық рейдтер ұйымдастырылды. Қоғамдық кеңес мүшелері мен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыс бойынша департаменті өкілдерінің қатысуымен облыстағы «Жамбыл – адалдық алаңы» жобасы аясында Тараз қаласы мен аудандарда сыбайлас жемқорлық туралы заң талаптарын сақтау негізінде түрлі мекеме өкілдерімен кездесулер ұйымдастырылып, түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Қоғамдық кеңестің басты мақсаты – қоғамда сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, оны болдырмау, кеңес отырыстарында партия мүшелерінің жауапкершіліктерін арттыру және тәжірибесін орнықтыру. Партияның филиалдары жанындағы Мемлекеттік басқаруды дамыту және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі қоғамдық кеңестер алдағы уақытта да өз жұмысын жоспарлы түрде жалғастыра беретін болады, – дейді Ерғали Жұмағалиұлы.  

Қамар ҚАРАСАЕВА