Қоғам

Жұрт болып жұмылсақ, жеңеміз

Жұрт болып жұмылсақ, жеңеміз

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнамаларды жетілдіру, заңсыздықтың алдын алу және қылмыстық-құқықтық сипаттағы жұмыстарды ұтымды үйлестіру ғана жеңіске жеткізеді. Парақорлыққа қарсы мәдениет қалыптастыру және оның алдын алу бағытында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі облыстық департаментінің бастамасымен әртүрлі мақсатты топтар арасында биыл 330-дан аса іс-шара өткізіліп, оған 20 мыңға жуық адам қатысты. Аталған іс-шараларға құрметті мемлекеттік қызметшілер қатарынан құрылған спикерлер пулы мен жастар арасында парасаттылық мәдениетін ілгерілету мақсатындағы облыстық жас көшбасшылар спикерлер пулының мүшелері тұрақты түрде қатысып келеді.

Жыл ішінде облыс әкімдігінің жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы комиссия отырыстарында жергілікті атқарушы органдардың жұмыстары қаралды. Облыстық қоғамдық кеңестің сыбайлас жемқорлыққа қарсы комиссиясы және «Amanat» партиясы облыстық филиалының осы бағыттағы комиссиясының отырыстарында сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің картасы талқыланды. Жергілікті атқарушы органдардың қатысуымен тәуекелдерді жою жолдары пысықталды. Департамент тарапынан жүргізілген мониторинг қорытындыларымен тиісті жұмыстар атқарылды. Адалдықты дәріптеп, көпшіліктің назарын сыбайластықтың лас әрекетімен күресуге аудару мақсатында түрлі форматта іс-шаралар да ұйымдастырылып тұрады. Мәселен, департаменттің бастамасымен Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық жоғары колледжі мен облыстық ішкі саясат басқармасының ұйымдастыруымен 1 қыркүйек – Білім күніне орай облыстың барлық білім беру мекемелерінде «Адалдықтың алып жыршысы – Жамбыл Жабаев» тақырыбында онлайн адалдық сағаты өтті. Қазіргі таңда Жамбыл политехникалық жоғары колледжімен және облыстық ішкі саясат басқармасымен бірлесіп, А.Асқаровқа арналған бейнедәріс әзірленіп жатыр. Қоғамды ақпараттандыру мақсатында облыс көлемінде агенттіктің Call-орталығының «1424» нөмірі бейнеленген 112 баннер мен 30 мыңнан астам арнайы жадынама таратылды. Жемқорлық тәуекелдері кездесетін салаларда арнайы жұмыстар жүргізіліп тұрады. Мәселен, білім саласында кездесетін жемқорлық фактілерінің алдын алу мақсатында облыстық білім басқармасымен бірлескен «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты іске асыру жөніндегі 2022-2023 оқу жылына арналған бірлескен іс-шаралар жоспары» әзірленген болатын. Осындай жоспар денсаулық сақтау басқармасында да дайындалып жатыр. Үлгілік базалық бағыт шеңберінде облыс әкімі аппаратының 25 басқармасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы ішкі талдау жүргізілді. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс қызметі 344 квазимемлекеттік секторында енгізілді. Барлық ұйымдарда сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат, стандарттар, нұсқаулықтар, әдеп кодексі, шектеулер, жыл сайынғы іс-шаралар жоспары қабылданып, сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдау жүргізу жұмыстары да аяқталып қалды. Бүгінгі таңда өңіріміздегі жоғары оқу орындары мен ірі мекемелерде ISO-37001 халықаралық сыбайлас жемқорлыққа қарсы стандартын енгізу мәселелері қарастырылып жатыр. Осы орайда сыбайлас жемқорлыққа қарсы стандартты қолдайтын жеке кәсіпкерлік субъектілері үшін жеңілдіктер, преференциялар, мемлекеттік сатып алу кезінде шартты жеңілдіктер және басқа да қолдау шаралары енгізілді. Комплаенс-қызметтердің әдіснамалық және түсіндіру жұмысына бағытталған 56 іс-шара ұйымдастырылды. Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының өңірлік филиалы базасында 6 дәріс өткізілді. Онлайн-режимде ақпараттандыру және кеңес беру үшін мессенджерлерде комплаенс-офицерлердің чаттары құрылды. Еріктілер жылы іске қосылған «Adal kómek» жобасы аясында халықтың әлеуметтік әлсіз топтарына құқықтық көмек көрсетумен қатар өмірлік маңызды мәселелер шешімін тапты. Мәселен, ағымдағы жылда тәжірибелі заңгерлер, адвокаттар, нотариустар, сондай-ақ мемлекеттік орган басшыларымен 3 мыңға жуық тұрғынға құқықтық көмек көрсетілді. Қайырылған 30-ға жуық азаматтың құқығы қорғалды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт: «Шынайы заң үстемдігін қамтамасыз етпей, әділетті әрі нарықтық экономиканы құру, жекеменшікті қорғау, бәсекелестікті дамыту, сыбайлас жемқорлықты жою мүмкін емес. Сондықтан заң алдында бәрінің тең болуы – мемлекетіміздің ұзақ мерзімді дамуының негізгі шарты», – деген болатын. Анығында бәріміздің ортақ шаңырағымыз – Отанымыздың өркендеуі үшін жемқорлықпен күресуді әрбір қазақстандық өзінің азаматтық борышы деп білуі қажет.  

 Ернар МАҚАЖАНОВ,

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі облыс бойынша

департаменті басшысының

бірінші орынбасары.