Экономика

Банктік заемды алу кезінде, ілеспе қызметтерді көрсететін ұйымдарды заем алушының өзі таңдайды

Банктік заемды алу кезінде, ілеспе қызметтерді көрсететін ұйымдарды заем алушының өзі таңдайды

Банктер клиентпен банктік заем шартын жасау кезінде, олардың басым бөлігі заем алушыларға белгілі бір бағалау немесе сақтандыру компанияларының қызметіне жүгінуді ұсынатыны бүгінгі күні құпия емес. Осылайша, қарыз алушының сақтандырушы немесе бағалаушы ұйымды таңдау құқығына шек қойылады. Өз кезегінде, көптеген заем алушылар банк ұсынған компаниялардың қызметіне жүгінеді де, өздерінің мүліктерін сонда бағалайды және сақтандырады. Алайда, заем алушылар өздерінде таңдау құқығының бар екендігін біле бермейді. Осы мақалада заем алушыға қандай бағалаушы немесе сақтандырушымен ынтымақтастық жасауға болатыны туралы нық шешім қабылдауға мүмкіндік беретін материалдар мазмұндалған. «Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы» Қазақстан Республикасының 1995 жылғы 31 тамыздағы №2444 Заңына сәйкес, егер қарыз беру туралы шарттарда сақтандыру немесе қамтамасыз ету болып табылатын мүліктің нарықтық құнын айқындау мақсатында бағалау жүргізу шарттарын жасасу туралы талаптар көзделген болса, банктің, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымның қарыз алушыға, кепіл берушіге сақтандыру ұйымын немесе бағалаушыны таңдауда шек қоюға құқығы жоқ екендігі қарастырылған. Сондай-ақ, Қазақстан Республикасының Азаматтық Кодексінің 380-бабының 1-тармағында, азаматтар және заңды тұлғалар шарт жасасуға ерiктi және заң құжаттарында немесе өз еркiмен қабылдаған мiндеттемеде шарт жасасу мiндетi көзделген жағдайларды қоспағанда, шарт жасасуға мәжбүр етуге жол берiлмейдi деп айтылған. Алайда, банктер заем алушыға бағалау немесе сақтандыру компанияларын таңдау кезінде «өздерінің» компанияларын ұсынуды тоқтатар емес. Тәжірибе көрсеткендей, бұл жағдайға заем алушы, өзінің жеке қалауына басымдылық беру мүмкіндігі бола тұрып, ұсынылған компания қызметтерін пайдаланбай, сақтандырушыларды және бағалаушыларды өздігінен табуға аса мән бермейді. 2014 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша, ресми статистикалық деректерге сәйкес, республикадағы сақтандыру компанияларының саны 323, олардың 17 бірлік филиалы немесе сақтандыру компанияларының жалпы санының 5,3%-ы Жамбыл облысының аумағында шоғырланған. Айта кететін жайт, екінші деңгейдегі банктер барлық бағалау және сақтандыру компанияларынан кепіл мүлігінің нарықтық бағасын бағалау есебін қабылдауға міндетті. Және, өз кезегінде, қарыз алушы лицензиясы бар кез-келген бағалау/сақтандыру компаниясын таңдауға құқығы бар. Егер қарыз алушының таңдауға байланысты талаптары бұзылған жағдайда, ол, өз құқықтарын қорғау үшін, Ұлттық Банкке жүгінуіне болады. Бұл екінші деңгейдегі банктердің заңсыз іс-әрекеттерінің жолын кесуге мүмкіндік туғызады. Несие алу кезінде өмірді немесе денсаулықты сақтандыруға келетін болсақ, «Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы» Қазақстан Республикасының 1995 жылғы 31 тамыздағы №2444 Заңының 34-бабының 11-тармағына және Қазақстан Республикасының Азаматтық Кодексінің 806-бабының 3-тармағына сәйкес, банктік заем шарты бойынша заем алушыға өмірді немесе денсаулықты сақтандыру міндеті жүктелмейді. Алайда, өз өмірін немесе денсаулығын сақтандыруға заем алушының өзі де қызығушылық танытуы тиіс, дәлірек айтсақ, ауырған немесе еңбекке жарамсыздық жағдайында заемды өтеу мәселесі туындайды, ал сақтандырылған жағдайында, банкке несие бойынша қалған ақша сомасын сақтандыру компаниясы төлейтін болады. Дегенмен, банктік заем шартын жасасқан кезде, сақтандыру және мүлікті бағалау нарығындағы баламалы ұсыныстарды талдап, сақтандыру және бағалау компанияларын таңдау құқығы заем алушының еншісінде қала береді. Осыған байланысты, банктік заем алған кезде оның негізгі шарттарымен ғана емес, банктің қосымша талап ететін сақтандыру немесе бағалауға байланысты «міндетті» талаптарына да аса мән бөлу керек.

Айжан ЖҮСІПОВА,

ҚР Ұлттық Банкі Жамбыл филиалының БЕБ бастығы–филиалдың бас бухгалтері.