Тыныштықты күзеткен – учаскелік полиция
Тыныштықты күзеткен – учаскелік полиция
Шен тағып, шекпен киген жас жігіт 1990 жылы Шымкент қаласында дүниеге келген. Бүгінде «үшінші мегаполис» атанған алып шаһардағы негізгі орта мектепті, кейінірек гуманитарлық-этнопедагогикалық мектеп-гимназиясын тәмамдайды. Ал 2009 жылы Шымкент қаласындағы Оңтүстік Қазақстан құқық және салалық технологиялар колледжіне «құқықтану» мамандығына оқуға қабылданады. Уақыт өте Ақтау қаласындағы №25744 «Теңіз жаяу әскері» әскери бөлімінде азаматтық борышын өтейді. 2011 жылы Шымкент қаласындағы Мардан Сапарбаев атындағы Оңтүстік Қазақстан гуманитарлық институтында оқуын жалғастырып, оны 2014 жылы «құқықтану» мамандығы бойынша бітіріп шығады. Еңбек жолын облыстық полиция департаментінің Тараз қалалық жол патрульдік полиция батальонының полицейі болып бастайды. 2015 жылдың қаңтар айынан бастап аудандық полиция бөліміне учаскелік полиция инспекторы лауазымына тағайындалады. – Тәртіп сақшысы болуды бала кезден армандадым. Сол мақсат жолында білім алдым. Жалпы, полиция болу – екінің бірінің қолынан келе бермейтін таңдаулы мамандық. Әмбебап полицей кейде педагогтың да рөліне еніп кететін жағдайлар болады. Бүгінде Бауыржан Момышұлы ауылдық округінің учаскелік полиция инспекторымын. Қызметтік міндетімде – құқықбұзушылықтардың рецидивтік, тұрмыстық, алкогольдік қылмыстардың алдын алып, олардың жасалу себептері мен жағдайларын анықтауға күш саламын. Азаматтардың құқықтарын, бостандығы мен заңды мүдделерін заңсыз қол сұғушылықтардан қорғауды қамтамасыз етуге тырысамын. Сондай-ақ құқықбұзушылықтарды анықтап және жолын кесу, заңнамада белгілеген құзырет шегінде әкімшілік өндірісті және сотқа дейінгі тергеп-тексерулерді жүзеге асыру да учаскелік инспекторға жүктелген. Есепте тұрған азаматтармен профилактикалық жұмыстар жүргіземіз. Қоғамдық орындарда масаң күйде жүріп, адамның қадір-қасиетін және қоғамдық имандылықты қорлаған жандарды медициналық ұйымдарға немесе полиция бөліміне жеткіземіз, – дейді полиция капитаны. Жүрек қалауымен шен таққан Нұржан Мұсаханұлы қиындығы мол жұмысынан қолы қалт еткен сәтте отбасына асығады. Өйткені онда сүйікті жары мен балдан тәтті қылықты қызы бар. Жұмыс режимі бірқалыпты болмағандықтан, бос уақытында отбасының қасында болуды әдетке айналдырған. Иә, қазіргі таңда полиция қызметкерлеріне артылған сенім жүгі ауыр. Тәртіп сақшылары да сенім үдесінен шығу үшін аянбай еңбек етуде. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың: «Учаскелік инспектордың мәртебесін заңнамалық тұрғыда көтеріп, оған нәтижелі жұмыс істеу үшін мүмкіндік беру керек. Азаматтардың құқығы белсенді түрде қорғалуы тиіс», – деген тапсырмасы күн тәртібінен түспейді.
Мақпал САМАТҚЫЗЫ,
журналист.
Жуалы ауданы.