Жанармай сатуда шектеуге жол жоқ
Жанармай сатуда шектеуге жол жоқ
Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің 2014 жылғы 21 тамызындағы бұйрығына сәйкес мұнай өнімдеріне келесі шекті бағалары белгіленді: Аи-80 жанармайының 1 литрі – 89, Аи-92/96 жанармайларының 1 литрі – 128, дизель отынының 1 литрі 115 теңге. Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитетінің Жамбыл облысы бойынша департаменті монополияға қарсы заңнаманың бұзылуын ескерту және айыппұл санкцияларының алдын алу мақсатында жанар-жағармай материалдары нарығына қатысушылардың назарын өз қызметтерін белгіленген талаптарға сәйкес жүзеге асыру қажеттігіне аударады. «Бәсекелестік туралы» Қазақстан Республикасы Заңына сәйкес, нарық субъектілерінің келісілген бәсекелестікті шектеуге және (немесе) тұтынушылардың заңды құқықтарына қысым жасауға, соның ішінде өндірісті немесе тауарды өткізуді негізсіз шектеуге байланысты іс-әрекеттеріне тыйым салынады. Аталған іс-әрекеттерді жасағандығы үшін Қазақстан Республикасының «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодексінде монополиялық қызметті жүзеге асыру қорытындысында тапқан кірістен (түсім) айыппұл түрінде 5%-дан 20%-ға дейінгі барлық монополиялық кірісті тәркілеу түрінде жауапкершілік қарастырылған. Осыған орай, монополияға қарсы органда монополияға қарсы заңнаманың бұзылуы бойынша жанар-жағармай материалдары нарығының қатысушыларына қатысты тергеу амалдарын жүргізу бастамасы көтеріліп отыр. Бұл ретте, тергеу жұмыстарын бастауға монополияға қарсы органға Қазақстан Республикасының монополияға қарсы заңнамасының бұзылуы туралы мәліметтердің келіп түсуі негіз болып табылады. Олар – мемлекеттік органдардан Қазақстан Республикасының монополияға қарсы заңнамасының бұзылуы туралы келіп түскен материалдар, жеке немесе заңды тұлғаның өтініші, монополияға қарсы органға бұқаралық ақпарат құралдарының өтініші. Монополияға қарсы заңнаманың бұзылуының алдын алу мақсатында департамент барлық тұрғындарға және бөлшек саудада сатушыларға жанар-жағармай материалдарын сату барысында шектеулер орын алған жағдайда, осындай деректер мен өзге де монополияға қарсы заңнаманың бұзылу оқиғалары туралы Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитетінің Жамбыл облысы бойынша департаментіне 45-94-68, 43-44-67 хабарласуы немесе хат жүзінде Тараз қаласы, Желтоқсан көшесі № 78 (7-қабат) мекен-жайға жүгінуі керек. Бұл мәселе тікелей облыс әкімдігінің бақылауында.
Ерболат Дүйсенбиев, Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитетінің облыстық департаменті басшысының орынбасары.