- Advertisement -

Әр сабағы салмақты Санат ұстаз

87

- Advertisement -

Қазақ атамыз «Өнерлі өрге жүзер» дейді. Түрлі байқауларда топ жарып, аудан абыройын көтеріп жүрген жас өрендер қаншама. Ал соларды осы бір тамаша өнерге баулып жүрген, бірақ көп жағдайда тасада қалып қоятын ұстаздар жайында сөз етуді жөн көрдік. Солардың бірі – Мұқан Төлебаев атындағы өнер мектебі домбыра сыныбының мұғалімі Санат Баекенов.

35 жылға жуық ұстаздың еңбек жолында аудан балаларына домбыра үйретіп келе жатқан Санат Молдашұлы 1965 жылы Рғайты (қазіргі Ноғайбай) ауылында дүниеге келген. Алға ауылындағы орта мектепті аяқтаған азамат Жамбыл мәдени-ағарту училищесін, Шымкент қаласындағы аймақтық әлеуметтік-инновациялық университетін музыкалық білім мамандығы бойынша бітірген. Еңбек жолын сонау 1987 жылы Кенен ауылындағы музыка мектебінде бастаған жас домбырашы өнер ауылының балаларын баулуда үлкен жетістіктерге жетіп, олардың алдыңғы қатары қазір есімі елге танымал адамдарға айналған.

Өзі қызмет көрсеткен ауыл жайында тек жақсы естеліктер айтатын кейіпкеріміз, сауықшыл, өнерге өте құмар жерде еңбек еткенін мақтан тұтады.

Тоқсаныншы жылдардағы тоқырау кезеңінде Кенен ауылындағы музыка мектебі жабылған тұста еңбек жолын аудан орталығындағы Мұқан Төлебаев атындағы өнер мектебінде жалғастырады. Бір жақсысы, кейбір әріптестері секілді саудаға кетіп қалған жоқ. Қиналса да ұстаздық қызметте қалды. Аймағымызға аты таныс, ұзақ жылдар аталмыш мектепті басқарған белгілі домбырашы Қалибек Бұтабаев та Санатты құшақ жая қарсы алды. Екеуі бірігіп ауданда домбырашылық өнерді дамытты.

Бүгінде Санат ағадан тәлім алған шәкірттері небір байқауларда топ жарып жүр. Мәселен, оқушысы Асылжан Әлдемхан қазіргі таңда Алматыдағы Т.Жүргенов атындағы өнер академиясының студенті болса, тағы бір шәкірті Ақниет Асқар Құрманғазы атындағы консерваторияда оқып жатыр. Бұл екі оқу орнына шын жүйріктердің қабылданатынын ескерсек, мұнда ұстаздың үлкен еңбегінің көп екенін аңғаруға болады.

Ал қазіргі буын шәкірттерінің ішінде жастайынан домбыраны серік етіп, ұстаз тәліміне қанық болған Серік Бейбарыс, Серік Сезім, Абылай Кенжебай, Алтынай Кенжебай, Бекжан Бексұлтан есімді шәкірттері республикалық байқаулардың жеңімпазы атанып үлгерген.

Санат Молдашұлын шәкірттері білікті, әрі қатал ұстаз ретінде таниды. Бірақ сол біліктілік пен қаталдықтан шыңдалған балалар жеңіс тұғырынан түскен емес. Отыз жылдан астам уақыт музыка әлеміне, оның ішіне домбыра деген қасиетті аспапты үйретуде талмай еңбек етіп келеді. «Ақырын жүріп, анық бас, еңбегің кетпес далаға. Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» деп хакім Абай айтқандай, Санат ұстаздың еңбегі әрдайым елене беретіні анық.

 

Жандос ОМАРОВ,

журналист.

Қордай ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support