- Advertisement -

Жомарт жандардың жақсылығы

58

- Advertisement -

Қайырымдылық жасау – қазақ халқының бойында сан ғасырлар бойы қалыптасқан ұлы қасиеттердің бірі. Бұл орайда, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды әлеуметтік бейімдеу, еңбекпен қамту, тұрғын үймен қамтамасыз ету – өте өзекті. «Жетім көрсең, жебей жүр» деп қазақ атамыз бекер айтпаған. Осы орайда қолдауды қажет ететін балаларға арналған әлеуметтік «Мейірім» жобасы бүгінгі таңда облысымызда өз жалғасын тауып келеді.

Қазақ халқының қанында әуел бастан ізгілік, жайсаңдық пен қайырымдылық қасиет бар. «Қайыр қылсаң, бүтін қыл» деген мақалдың да мәні тереңде. Бұл жерде жасайтын қамқорлығыңды кеңінен жаса тартынып қалма деген керемет ой қамтылып отыр. Имандылықты жанына жақын еткен халқымыз қайырымдылық істердің сауапқа толы екенін түсініп, біреуге көмектескенге, жағдайы жоқ адамға қолдау жасағанына ерекше қуанып отырған. Себебі қайырымдылық жасау әрбір жүректі жібітеді, көңіліне көркемдік сыйлайды. Мұндай қайырымдылық әсіресе облыстық білім басқармасына қарасты «Өмірлік қиын жағдайдағы балаларды қолдау орталығына» қажет.

Аталған мекеме директоры Айжан Мейірханова да қайырымдылықтың қайырлы іс екенін үнемі айтып келеді. Өзі де балаларға мейірімін төгіп, жылы сөйлеуден жалыққан емес. Орталық қызметкерлерінен де осы мейірімді көзқарасты талап етеді. Осы қадамның өзі қайырымдылықтың қадамдары екені анық. Сол көзқарас пен ізгілікті біз аталған орталықтың қызметкерлерінің бойынан көрдік. Оның әрбірі осындағы балалардың ата-анасындай болып кеткен. Бәрінің де балаларға көрсетіп отырған мейірімі мен қамқорлығы мол. Қаржылай қолдау бере алмасаң да, жетімге жанашыр болып, басынан сипап, жылы сөйлегеннің өзі – қайырымдылық. Осыны естен шығармағанымыз абзал.

Соңғы жылдары тәлімгерлер өз тараптарынан балаларды қолдау жұмыстарын бастап, балалардың жеке есеп шоттарына қаржылай көмектерін аударуда. Сонымен қатар тәлімгерлер балаларды мереке кезінде келіп, сыйлықтармен қуантуда.

Отанымыздың ертеңі де, өркені де – бүгінгі ұрпақ. Сол ұрпақтың тәлімді де тәрбиелі болуы алдыңғы толқынның парызы мен қарызы десек, еш қателеспейміз.

Жоба аясында әрбір балаға бекітілген Жамбыл облысындағы тәлімгерлер өздеріне жүктелген міндеттерді жүзеге асыра отырып, балалардың әрбір қуанышты сәттерінде жандарынан табыла білді.

Ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар мәселесі – қай уақытта болмасын әрбір мемлекеттің ең өзекті мәселелерінің бірі болып саналады. Сөз жоқ, бұл балаларға еліміздің тарапынан қаншалықты жағдай жасалып жатқанымен де, ата-ананың және мейірімді жандардың аялы алақаны мен мейірімі, қолдауы қажет.

Осындай мақсатты түсініп, балаларды қуантып жүрген қайырымды азаматтар баршылық. Мәселен, облыс әкімі Нұржан Нұржігітов те үнемі балаларға қамқорлық көрсетіп келеді. Ал облыстық соттың төрағасы Ербол Ахметжанов қайырымдылық мәселесін бірінші қолдайтын азамат. Тараз қаласы №2 сотының төрағасы Ербол Дүйсенбаев та қайырымдылық жасауды өзіне міндет санайтын ізгі жан. Атап айтқанда, Нұржан Молдиярұлы орталыққа балалардың болашақта бейімделуіне керек дүниелерді алып беріп, болашақ мамандық иесі болуға көмек көрсетуде. Ербол Ахметжанов орталықтағы №4 пәтерге асхана жиһаздарын сыйға тартты. Балалар қазіргі уақытта тамақ дайындау, тәтті торттар пісіру тағы да басқа тұрмыста кездесетін аспазшы мамандығына түсу үшін барлық жағдай жасалған.

Облыс әкімі Нұржан Нұржігітов 3 пәтердегі ұл-қыздарға теледидар, соңғы стильдегі киімдер және тұрмысқа қажетті бұйымдар сыйлады. Сонымен қатар аталған орталыққа жеке тұлғалар өз тараптарынан балаларға қолдау көрсетеді. Мәселен, Қобланды Ахмедов акт залына «LED» экран сыйға тартқан.

Сондай-ақ аталған орталықтың балаларына қайырымдылық көрсетуші бірнеше демеушілерді атап өтуге болады. «BSG Technology» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің төрағасы Антон Мукажанов, «Меркі» шипажайының басшысы Серік Мақажанов, «Гауһартас» мейрамханасының басшысы Меруерт Лештаева, «Электрокомплект» дүкені мен «Ас-декор» дүкендерінің басшылары да сауапты іске атсалысуда. Сонымен қатар орталықтың түлегі, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының студенті Гүлбаршын Қойшыбаеваға үздік студенттердің қатарында болуына байланысты аталған мекеменің әкімшілігі Алматы қаласынан бір бөлмелі пәтер алып берді. Қазіргі таңда Гүлбаршын Қойшыбаева сол жайлы пәтерінде тұрып, жоғары білімін осы академияда жалғастыруда.

Қайырымдылық – қасиетті іс. Оны жасаған адамның жаны да, жүрегі де нұрланады. Маңайына ізгілік көзімен қарайды. Барлық ізгі қасиеттердің бастауы – қайырымдылық. Қайырымдылық жасай білгеніңіз – ізгі жолға басқан қадамыңыз!

 

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support