- Advertisement -

Жастар жемқорлыққа қарсы!

114

- Advertisement -

Ұлт руханиятында өшпестей сөзі қалған тұғырлы тұлғалардың бірі һәм бірегейі – Қазақстанның Халық жазушысы Шерхан Мұртаза екені даусыз. Шерхан Мұртаза Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінде депутат болған жылдары ұлт болашағына қатысты ойларын ешкімнен тайсалмай, ашық айтқан жазушы. Жай айтқан жоқ, турасын айтты.

Айталық, жазушы өзінің «Жас Алаш» сұрақтарына жауап» атты мақаласында: «Қазақстан – алтын құрсақ, асыл қазына елі екенін айтқанбыз. Бірақ сол кезде-ақ: «Қазаннан қақпақ кетсе, иттен ұят кетеді» деп те жаздық. Жемқорлармен, ұры-қары, парақорлармен аяусыз күрес керек екенін ескерткенбіз» деп, жемқорлармен күресті күшейту керек екенін айтады.

Аталған мақалада Шерхан Мұртаза Қазақстанның қойнауы түрлі-түсті металдарға бай екенін жазып, сол байлықты дұрыс пайдаланбай, «ұстағанның қолында, тістегеннің аузында» кетіп жатқанын жазады. Сондай-ақ Шерхан Мұртаза «Мыңжылдық соңындағы сөз» толғамында парақорлықтың қауіпті екенін жазады. «Өкінішті жағдай: ХХІ ғасырға қазақ елі демократия елесімен қоса коррупция топанын ала келді» деп, жаңа ғасырға қазақ жұртының сыбайлас жемқорлықпен келгенін айтып, соған қатты өкінеді. Бұл тақырып қазақ қарасөзінің жампозын айрықша алаңдатқан көрінеді.

Мәселен, «Жемқорлық, ұрлық-қарлық, парақорлық» атты мақаласы Камал Смайыловқа хат ретінде жазылған. 1997 жылдың 1 қазанында жарық көрген сол мақалада: «Мемлекетімізге, зарығып жеткен тәуелсіздігімізге төніп тұрған орасан зор қауіп – жемқорлық, парақорлық, ұрлық-қарлық!

Мемлекет қазынасын, қалың халықтың несібесін солқылдата сорып жатқан осылар, Камал! Шекспирдің даналығын есіңе ал. Қылмысты алтынмен көмкеріп қойсаң, заңның найзасы майысып қалады. Көк соққанда, біздің найзаларымыз әсіресе майысқақ келе ме деп сескенемін. Неліктен? Заңының найзасы майысқақ мемлекеттің іргетасы бекем бола қояр ма екен», – деп сыбайлас жемқорлық пен парақорлықтың, ұрлық-қарлықтың мемлекетімізге, тәуелсіздігімізге үлкен қауіп төндіріп тұрғанын жазған.

Мағжан ақын сенген жастар, яғни біздер, университет қабырғасында оқып жүрген студенттер Шерхан атамыздың жемқорлық туралы айтқан, жазған әрбір мақаласынан ой түйіп, сабақ алуымыз керек деп есептеймін. Елде ұрлық-қарлық, жемқорлық фактілері жойылса, біздің мемлекетіміз ілгері дамитыны анық.

 

Диас ЖҰМАШЕВ,

Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университеті журналистика факультетінің I-курс студенті.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support