- Advertisement -

Ауданда шағын және орта бизнес үлесі артып келеді

49

- Advertisement -

Жуалы ауданының географиялық орналасуы инвесторлар тартуға, кәсіпкерлікті дамытуға ыңғайлы өңірдің бірі. Өйткені «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» автомобиль жолы бойында, қала берді Қырғыз Республикасымен және Түркістан облысымен шектесетін аймақ болғандықтан ел және шетел инвесторларын қатты қызықтыратыны белгілі. Дегенмен бүгінгі таңда ауданның әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерінің жоғарылауына, халықтың әлеуметтік тұрмыс сапасының жақсаруына елімізде жүзеге асырылып жатқан тың жобалар мен бағдарламалардың үлесі зор.

Ауданда жалпы құны 6,3 миллиард теңгені құрайтын төрт инвестициялық жобаны жүзеге асыру көзделген. Атап айтсақ, «Көксай» каналының бойынан қуаттылығы 18 мегаватты құрайтын кіші су электр стансасын салу. Оның жобалық құны 5,2 миллиард теңгені құрайды. Инвесторы– «ҚазГидроОперейтинг» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Екінші жобаны «Ахмет» шаруа қожалығы жүзеге асыруда. Қожалық 400 бас мүйізді ірі қараға арналған сүт тауарлы фермасын салу үстінде.

Келесі жоба Жетітөбе ауылдық округінде жүзеге асырылуда. Ондағы «Жамбыл Агромилк» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі жобалық қуаттылығы жеті тоннаны құрайтын сүт цехын іске қосуда. Қазір бес адамды тұрақты жұмыспен қамтып, 50 миллион теңгенің құрал-жабдықтарын орнатып, сүт өндеу жұмыстарын жаңадан бастап кетті. Бүгінгі таңда тәулігіне екі тонна сүт қабылдайды. Өнім түрін көбейту үшін кәсіпкер қосымша қондырғыларға тапсырыс берген, жалпы жоба құны – 70 миллион теңгені құрайды. Соңғы жобаны Күреңбел ауылдық округіндегі «Асылжан» жеке кәсіпкерлігі жүзеге асыруда. Бұл да сүт өнімдерін өңдеуге арналған. Кәсіпкер соған ыңғайлы ғимарат сатып алып, құрылыс жұмыстарын бастап кеткен. Оны жаңа жылда іске қоспақ ниетте.

Қазақстан Республикасы Үкіметінің «Жобаларды индустрияландыру картасына» және өңірлер кәсіпкерлігін қолдау картасы аясында іске асырылатын 4 жоба бар. Оның жалпы құны – 680 миллион теңге. Бұл жобаларды Сұрым ауылында ауылдық өндірістік кооперативі сүт, Жетітөбеде «IMC Group» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мақсары майын өңдеу, Шақпақатада «Япоша» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі нан өнімі цехтарын біртіндеп іске қосуда. Бұдан бөлек, Жамбыл облысының кәсіпкерлікті қолдау картасына енгізілген «ШақпақДорсервис» ЖШС «Битум зауытын қайта жаңғырту» жобасы бойынша «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасы аясында инфрақұрылым (газ жүйесін) жүргізу үшін тиісті құжаттарын жинақтап, рәсімдеуде.

Туриз саласы бойынша ауданда үш жоба жүзеге асырылып жатыр. Оның біріншісі – «Қаралма» тау-шаңғы базасының құрылысы. Инвесторы– «Таразстрой-2004» ЖШС. Бұл жоба «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасы аясында өндірістік инфрақұрылым жүргізу мақсатында құжаттары толығымен жинақталып, өңірлік үйлестіру кеңесінде қаралып, оң шешімін алды. Бұл жоба іске қосылса 120 жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде.

Екінші жоба – «Көксай» этно-туристік демалыс аймағы. Онда қонақтарға арналған коттедждер, арқан жолы, тамашалау алаңы, киіз үйлер, монша, спорт кешендері, қонақүйлер, бассейндер салу жоспарлануда. Бүгінгі таңда тапшандар мен киіз үйлер және тамақтану мен қызмет көрсету нысандарының құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Жобаның жалпы құны 4,5 миллиард теңгені құрайды, жоба толықтай іске асырылу барысында 100 адамды тұрақты жұмыспен қамту жоспарланған.

Үшінші жоба – «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автожолы бойынан «Жол сервисі» кешенін салу. Бұл жобаны жүзеге асыруға 16 жеке кәсіпкер ынталы.

Ауданның негізгі саласы – ауыл шаруашылығы. Бүгінгі таңда аудандағы ауыл шаруашылығы жері 216306 гектар алқапты құрайды. Оның 95449 гектары егістік, арасында 8460 гектар суармалы алқап бар. Қалғаны шабындық, жайылым, көпжылдық екпелер мен басқа да жерлерден тұрады. Ағымдағы жылдың өнімі үшін аудан шаруашылықтары бидайды – 9730, арпаны – 29149, майлы дақылдарды – 22140, картопты – 2708,1, көкөністі – 729,2, дәндік жүгеріні – 326, бақшаны 11 гектар алқапқа орналастырып, жинап алды.

Көпжылдық шөп 31640 гектарға орналастырылған. Оның жаңа жоңышқасы – 3815 гектар. Мал азығы осы алқаптардан дайындалды. Биыл мал азығы үшін 155 335 тонна пішен, 12520 тонна пішендеме, 41 925 тонна сабан және 4920 тонна сүрлем дайындалған.

Биыл масақты дәнді дақылдардан 73 481 тонна өнім жиналды. Оның ішінде бидайдан 19092, арпадан 54 363 тонна өнім жиналып, әрбір гектардан орташа өнім 18 бен 19 центнерден айналды.

Аудандық агроқұрылымдар мен шаруашылықтарда 634 трактор, 158 комбайн, 790 ауыл шаруашылығы тіркемесі бар. Ауданда мал азығын дайындауға барлық трактор жұмылдырылса, шөп оруға 51 комбайн, 60 шөп тайлағыш, 193 жүк автокөлігі, 192 ауыл шаруашылығы тіркемелері қатысты.

Ағымдағы жылы 174 жаңа техника алу жоспарланған, алынғаны 111 жаңа техника. Техниканың жаңару пайызы 7 пайызды құрады. Бұл бағытта жұмыстар жалғасуда.

Жақсы өнім алу үшін минералды тыңайтқыштың көмегі зор. Биыл жоспар 4 879,5 тонна болып белгіленді. Бүгінгі таңда 303 шаруа қожалық 5449,1 тонна тыңайтқыш алуға келісімшартқа тұрған. Алынғаны – 4 885,2 тонна.

Мал басы да артуда. Атап айтсақ, мүйізді ірі қара – 53647, қой-ешкі – 268153, жылқы – 14987, шошқа – 41, құс 129756 басты құрап отыр. Ауыл шаруашылығы саласына тартылған инвестиция тоғыз айда 612,761 миллион теңгеге орындалды.

Суармалы алқаптарды және коммуналдық теңгерімдегі каналдарды қалпына келтіру бойынша 16 канал ұсынылды. Бүгінгі таңда Билікөл және Шақпақ ауылдық округіндегі «Дарбаза» және «Теке қамал» ішкі шаруашылық каналдарының жобалық-сметалық құжаттамасы дайындалуда. Сонымен қатар Көкбастау ауылдық округіндегі Көктөбе-1 және Көктөбе-2 шағын тоғандары «Жамбыл су қоймалары» мекемесі тарапынан қалпына келтіру жұмыстары атқарылуда.

Су үнемдеу технологияларын енгізу бойынша, ағымдағы жылы «Абзал», «Күнекей», «Төлеген», «Әділет» «Жазира», «Шолақ бастау» шаруа қожалықтары бір данадан, «Гамбург» ЖШС 250 гектарға жаңбырлатып суғару қондырғысын алды. Барлығы 450 гектар алқапқа жаңбырлатып суару қондырғысы орналастырылды.

«Жамбыл облысы тұрғындарының тұрмысын жақсарту» қанатқақты жобасы да жүзеге асуда. Бұған дейін ол Ақтөбе және Ақсай ауылдық округтерінде жүзеге асырылған болса, жақында бұл жобаға Жетітөбе ауылдық округі енді. Онда алты елді мекен бар. Қанатқақты жобаға соңынан енген округте үй іргесіндегі жерді тиімді пайдалану бағытына 513 аула қатысуға ниет танытқан. Ал екінші бағыты бойынша жобаға 185 азамат қатыспақ. Бұл бағытқа 464,580 миллион теңге қаралып, оған 2640 бас мал сатып алу жоспарлануда.

Сонымен қатар ауыл сыртындағы жерлерді тиімді пайдалану бағыты бойынша 51 шаруа ауыл шаруашылығы кооперативімен бірлесе жұмыс істеуге әзір. Жаңа техникасыз кооператив жұмысын көтеру мүмкін емес. Ол үшін 210 миллион теңге қаралып, оған 4 трактор, 1 комбайн, 13 ауыл шаруашылығы тіркемелерін алу көзделген. Бүгінгі таңда жеке кәсіпкерлер мен шаруа қожалықтардың бірігуі есебінен кооперативтің жер көлемі 930 гектар егістік, 145 гектар шабындық алқапқа ұлғайған.

Бұдан бөлек, жобаның бесінші бағыты аясында төрт жоба іске асырылмақ. Оған қаралған қаражат 40,5 миллион теңгені құрайды. Осы қаражат аясында округте сүтті қайта өңдеу кіші цехы, наубайхана, құс фермасы мен сүт өңдеу зауытын ашу жоспарланған. Бүгінгі таңда «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ-на 62 құжат несие алуға өткізіліп, құжаттары қаралу үстінде.

 

Рақымғазы ҚҰНИЯЗОВ,

аудан әкімінің орынбасары.

Жуалы ауданы.

 

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support