- Advertisement -

Масылдық көзқарастан арылсақ

225

- Advertisement -

Бүгінде түйінді мәселелердің бәрі әлеуметтік салаға тікелей қатысты. Көпбалалы аналар, жалғызілікті қарттар мен мүмкіндігі шектеулі жандардың жанайқайына қоғам құлақ түріп, олардың өмірін жеңілдетуде барлық мүмкіндікті пайдаланып отырғаны белгілі. Десе де кейбіреулердің масылдық көзқарасы басым түсіп, ауырдың үстімен, жеңілдің астымен күн көруге бейім келетіндердің қатары артқанын да байқап, олардың іс-әрекетін қалай түсінерімізді білмей дағдарған жайымыз бар. Барға қанағат, жоққа сабыр дейтін даналықты алға тартудың өзіне қаймығып қалғандаймыз. Жалпы адам жанының саулығына бастайтын көркем мінезі мен еңбекқорлығы болса, рухын биіктететін тақуалық екені ата-бабадан қалған қасиетіміз еді. Тек біз ғана емес, мейманасы тасып, алға озған мемлекеттердің де ұстанымы осыған саятынын шолуды оқып барып түсінесіздер.

«Дауншифтинг» деген шығыпты

Дүниенің құлы дәл осы біз шығармыз. Алсақ, жесек, ұстап көрсек дейміз. Күнделікті тірлігімізді пайдасы аз, бос нәрселермен толтырып, қоқысқа оранып жүргендейміз. Ол аздай, қолда бардың буына масайып, жоқтың орнын толтырамыз деп ала шапқын боламыз. Осылай жүргенде уақыт шіркіннің зымырап өте шыққанын көреміз. Қазіргі адам табиғатына сәйкес жүрегіндегі қуысты құндылықпен емес, заттармен толтыруға асығатын сияқты. Әлеуметтік медиа, жарнама – негізгі ынталандырушы, бізді, алға апарушы күш. Көкірек көзімізді тұмшалап, барынша көбірек тұтынуымызға себепші де солар. Осылайша сыртқы факторларға жіпсіз байланып, жолымыздан жаңылып, «өзгенің дегенін» өзіміздің қалауымыз деп жүріп жатырмыз. Сайып келгенде, мұның сыртында үлкен мүдде жатқанын сезбейміз.

Білетін жұрт адамдардың шектен тыс тұтынушылықтың, материалдық игіліктерге ұмтылуының әлеуметтік және рухани зардабы бар деп шешіпті. «Ониомания» деп дүние қууды айтады. Бұл тауарларды сатып алудан ләззат алып, осыған деген құмарлықтың тәуелділікке жеткізгенін білдіреді. Содан адам баласы сан мың тауар нөпірінің астында қалып өзін жоғалтады. Ашкөздік рухани дәрежеде тоғышарлыққа итерсе, Жер шары деп аталатын мына ортақ ғаламға зиянын тигізбей қоймайды. Ғаламшар тұрғындары қажеттілігінің шамадан тыс сұранысын өтеу жерасты, жерүсті қазынаның сарқылуына алып келеді. Бір жақсысы, кез келген нәрсенің шегі болатындай, ойсыз тұтынушылыққа қарсы тақуалық, аскетизм, соңғы кездері минимализм сәнге айналып келеді. Осы атаулардың қатарында «дауншифтинг» деген сөз естіле бастады. Ағылшын тілінен тікелей аударғанда көліктің жылдамдығын бәсеңдетіп, біріншісінен екіншісіне түсу дегенді білдіреді. Егер кең мағынасында алсақ, өзің үшін өмір сүр деген екен. Қарапайым өмір сүру деген ұғыммен егіз.

Дауншифтингтер дүниенің баянсыздығын біліп, қалыптасқан шеңберді бұзып, ағынға қарсы жүзуге талпынады. Оларға салса, дүниені тәрк еткен ләзім. Өзімен-өзі үйлесімде, өз болмысын танып, тақуалықпен күн кешіп, рухани жасампаздыққа ұмтылу.

 Минимализм де философия

Ғалым біткен минимализмді дұрыс өмір сүру салтының негізіне байланған философиялық тәжірибенің бір формасы деп айтады. Қалай дұрыс өмір сүру керек дегенде ислам құндылықтарына бұрылмай, Батыстың ойшылдарына құлақ түрсек, «өзің үшін», «өзіңді қамқорла» деген өзімшіл тұжырымға алып келеді. Әрине, о бастағы Сократтың кезінде санаңды тазартып, рухтан деген ұғымы біршама көмескіленген сияқты. Дегенмен бүкіл Батыс мойынсұнып, жаңаша өмір сүру салтына айналдырған бұл ұғымның мағынасы адамның өз болмысын ашып, тазарта түседі. Минимализм – әркімнің іс-әрекетінде, киген киімі мен ішкен асында да көрініс табады. Керек десеңіз, пайдасыз ақпараттан да тыйылып, адаммен де аралас-құралас болудың әдебін реттейді. Бұл санасында бекіп, тақуалыққа бастайды дейді. Минимализм қалың бұқараның ғана емес, элитаның да таңдауына айналып келеді. Көпке есімдері таныс Стив Джобс, Марк Цукерберг, Киану Ривз, Рассел Кроу, Арнольд Шварценеггер осы топтан. Олар көбіміз қадіріне жетпей жүрген уақыт пен күшін үнемдеп, оны адамзатқа қызмет етуге, өзін-өзі дамытуға арнағанды артық көреді. Мұның астарында қарапайымдылық, қарабайырлылықтың да көрінісі жатыр. Жай адамның мысалында минимализм жан-жағын қоршап тұрған артық заттан арылуды білдіреді. Өз ортаңыздың тазалығын білдіреді.

 Аз да, көп те емес

Шведтер бұл мәселеге келгенде өзіндік жолын таңдап, оны бір сөзбен lagom деп атапты. Бұл ұғым – шведтік өмір салты ұлттық өркендеудің негізі. Өмірді қажетсіз нәрселермен толтырмай, қажеттімен ғана қанағаттану – швед менталитетінің басты ерекшелігі. Расында да ұлттың үнемшілдігі, айнала қоршаған ортасының минимализмге байлануы, тұтынатын заттардың тиімділігі, табиғи байлықтарды қорғау, әр адамның әлеуметтік жауапкершілігі мемлекеттің дамуына ықпал етті. Осы негізде қалыптасқан қарапайым ережелерге қарай әрқайсысының өмірі мағыналы болып, тірліктері белгілі бір тәртіппен түзіле бастаған. Бұл елде сұраусыз нәрсе жоқ. Мысалы, қонақтарға тортты кесіп теңдей үлестіріп бермейді. Әркім жейтінін алады. Ал торт артылып не жетпей қалса, онда бұл lagom емес. Lagom-ның жақсы жері байлық пен тоқтықты мақтан тұтпайды. Тіпті алтын бұйымдарсыз, бренд заттары, керемет маркалы көлігі болса да мақтаныш үшін емес. Солай бола тұра велосипедпен жүру айып емес. Минимализм – жанға жайлы өмірдің мәні, шынайылықтың нақ болмысы. Тұрмыстағы байсалдылық жұмыс пен демалыста да, адамның жеке өмірі мен қоғамдағы орнында, тіпті пайда мен рахаттың ара салмағын тепе-тең етіп ұстап тұрады. Бұл адамның жеке басынан асып, айналасындағылармен жарасымды болуына алып келеді. Әрбір швед сабырлылық пен парасаттылықтың, адамгершіліктің шеңберінен шықпағанда, айналасындағы жағымсыз нәрселер өздігінен жоғалады екен. Айтқандай, БҰҰ жыл сайын жүргізетін рейтингке сәйкес, Швеция ең бақытты 10 елдің басында тұр. Бұл жағдайға біз айтқан lagom-ның тікелей әсері бар екен. Өмірді қиындатпай, барымен базарлы болу – шведтерден үйренетін үрдістің бірі.

Ал норвегтерге келсек, «hugga» сөзі ұстанымын жеткізіп тұр. Шведтерге қарағанда тар ұғымда отбасы – ошақ қасында қолданылатын осы қағидаттарды антрополог Йеппе Тролле Линнет былайша анықтап жазыпты: «Бұл – жанға жайлы қауіпсіз орта, жайлылық пен қуаныш сезімі, әсіресе әр әулетте, отбасында. Балалары күтулі, тамақтары тоқ. Сол отбасы мүшелерінің парасатты мінез-құлқы, жан-жағына қолайлы сүйіспеншілік пен сенім тудыратын қарым-қатынасы. Мүмкін соңғы сәнмен жиһаздалып, қалың кілем төселмесе де, тап-таза және жақсы күтілген үй. Hugga табысты ақшамен өлшемейді және адамдарды бай-кедей деп жікке бөлмейді. Өркениетті сыйластықтан артық ештеңе жоқ.

 Жапондардың өз жөні бар

Жапондардың «икигай» салауатты өмір салты өткен ғасырдың 60 жылдарында бүкіл әлемге танымал болып, алғаш рет қызығушылық танытты. Оның себебі әлемнің геронтологтары жапондықтардың өмір сүру ұзақтығы, мысалы, америкалықтар немесе еуропалықтарға қарағанда әлдеқайда ұзағырақ екенін байқайды. Қауқарсыз емес кәрілікке жеткізетін жапонша өмір сүру салтының мағынасын былайша анықтауға болады. Егер ұзақ та баянды өмір сүргің келсе, бар күшіңді соның жолында сарп ететін асыл мұратыңды көздей біл. «Бұл дегеніміз – атқан таңмен бірге қуанып оятатын алып күш» дейді зерттеуші Кен Моги. Жапондықтар мұны ұсақ-түйек тірлікке де, ғаламдық ұғымдарда да қолдана береді.

Бір қызығы, «өмір» сөзі көптеген тілдерде өзінің ғаламдық мағынасында өмірді де, күнделікті өмірді де білдіреді. Хасегаваның айтуынша, бұл ұғымдар үшін жапон тілінде екі түрлі сөз ойлап табылған: «жинсей» – «бүкіл ғұмырды» және «сейкацу» – қазіргі сәттегі нақты өмірдің үзігін білдіреді. Икигай күнделікті өмірмен байланыстырып, оны кішкентай қуаныштармен толтыра отырып, сіз мәңгі бақытты өмір сүретініңізге сенімді болу деген философияны ұсынады.

Икигай бүкіл Жапонияда дәстүрге айналғанына қарамастан, оны орта ғасырларда Окинава аралында пайда болды дейді. Аралда жасы 100-ден асқан адамдардың саны көп болғандықтан да бүкіл әлемнің қызығушылығын бұрды. Окинавалықтардың өздері айтатынындай, ұзақ өмір сүрудің бірнеше құпиялары бар. Бастысы, өзара қолдап, көмектесуге даяр тұратын аралдың кеңпейілді тұрғындары мен дұрыс тамақтану және ең соңында «икигай» дейді.

Әрине, өзгенің өмір салты жөн, біздікі бұрыс дей алмаймыз. Адамзаттың ортақ құндылықтарына құрылған өзімізге тән қасиеттер бізге де таңсық емес. Кемшін тұсымыз соны өміріміздің тірегіне айналдыра алмай, дүние қуып жүрген пендешілігімізде ғана.

 

 Айгүл УАЙСОВА,

журналист

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support