- Advertisement -

Жол қозғалысын реттеу – басты назарда

69

- Advertisement -

Сенаттың Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің депутаттары көліктегі (автомобиль және теміржол) қозғалысты құқықтық реттеу және оның қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелерін уәкілетті мемлекеттік органдармен бірлесіп талқылады.

Комитет төрағасы Владимир Волков өз сөзінде Мемлекет басшысы еліміздегі жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету қажеттігі туралы бірнеше рет айтқанын атап өтті. Сенатор жол инфрақұрылымын дамытуды ерекше бақылауға алу және жол салу кезінде ереже талаптарының бұзылуының алдын алу шараларын қабылдайтын уақыт келді деп санайды.

«Жыл сайын жол-көлік оқиғаларынан 2 мыңнан астам адам қаза тауып, 18 мыңнан астам адам жарақат алады. Өкінішке қарай, бұл көрсеткіштер өсіп барады. Сонымен қатар соңғы 5 жылда теміржол көлігінде 27 апат болды. Жол қозғалысы мен теміржол көлігінің қауіпсіздігіне баса назар аударуымыз керек. Біз азаматтардың денсаулығы мен өмірінің қауіпсіздігіне кепілдік беруіміз керек», – деді сенатор.

Сенатор Андрей Лукин отырыс барысында статистика деректерін келтірді. Онда 2016-2022 жылдар аралығында автожолдарды салу кезінде заң талаптарының бұзылуы фактілері бойынша сотқа дейінгі 28 тергеп-тексеру жүргізілгені, оның 20-сы залалды анықтау жөніндегі сот сараптамасын жүргізгенде нормативтік-техникалық құжаттаманың болмауы себебінен тоқтатылғаны айтылды.

«Тапсырыс беруші мен мердігердің, атап айтқанда автожол комитеті мен ұлттық оператордың «сенімсіз қызмет көрсетушілермен» қарым-қатынасын реттейтін заңнамаға өзгерістер мен толықтырулар енгізу қажеттігі байқалып отыр. Сондай-ақ жолдағы қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз етуді құқықтық реттеу мәселелеріне де назар аудару қажет, өйткені апатқа әсер ететін маңызды себептердің бірі – жолдың жай-күйі мен жол инфрақұрылымы болып табылады», – деді сенатор Лукин.

Кездесуде Ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеха, сондай-ақ теміржол және көлік прокуратурасының өкілдері көліктегі қозғалыстың қауіпсіздігі мен реттелуін қамтамасыз ету саласында атқарылып жатқан жұмыстар туралы айтып берді.

Отырыста ҚР Парламенті Сенаты жанындағы Жас сарапшылар клубының өкілдері осы салалардың қауіпсіздігін жақсарту жөніндегі ұсыныстарын ортаға салды.

Сенаторлар отырыс қорытындысы бойынша Үкімет атына бірқатар ұсынымдар әзірледі. Атап айтқанда, қауіпсіз инфрақұрылым жасау арқылы жаяу жүргіншілерді қорғауды қамтамасыз ету шараларының қажеттігі, жол қауіпсіздігі ережелерінің бұзылуын тіркейтін автоматты камераларды көбірек қою туралы айтылды.

Депутаттар сондай-ақ Үкіметке жүргізушілерді даярлау жөніндегі ұйымдардың қызметін бақылаудың тиімділігін арттыруды, автомобиль және теміржолдағы қауіпсіздікті қамтамасыз етуді реттейтін нормативтік-құқықтық актілерді, оның ішінде пайдалануға берілетін автомобиль жолдарының сапасына құқықтық бағалау мен талдау жүргізу және тағы басқа мәселелерді қарауды да ұсынды.

 

«Aq jol»-Аqparat».

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support