Шағын несиенің шапағатымен
Шағын несиенің шапағатымен
«Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасының екінші бағытымен биыл аудан бойынша өз ісін ашқысы келген 85 азаматқа 210 миллион теңге сомасында шағын несие берілді. Олардың ішінде мал өсіруге ден қойған немесе тігін, жиһаз, кондитерлік цехтар, монша ашқандар бар. Шағын несиеге үміткер 110 адам кәсіпкерлік негіздеріне оқытылды. Несие алушыларды қолдау мақсатында олардың бизнес-ұсыныстарына сәйкес нысандардың жетіспейтін инфрақұрылымдарын жүргізуге республикалық және облыстық бюджеттен 33,3 миллион теңге бөлінген. Бүгінге дейін оның 20,7 миллион теңгесі игеріліп, шалғайдағы жеті шаруа қожалығына шағын жел және күн электр қуатын өндіру қондырғылары орнатылды. Енді үш шаруа қожалығына осындай генераторлар орнату жұмысы қолға алынған. Биыл үш миллион теңгеден шағын несие алып, өз ісін ашқандардың қатарында қордайлық Мәрзия Әміржанова өз үйінің бірінші қабатынан кондитерлік тағамдар цехын іске қосты. Онда бес адам жұмысқа тартылып, печенье, бәліш, торт тәрізді түрлі тәтті тағамдар әзірлейді. Той дастарханы үшін де осында тапсырыс берушілер көбейген. Ал, Бәйтен Бейсенбек болса жиһаз жасау цехын ашқан. Онда да төрт шеберге жұмыс табылыпты. Тапсырыстар тұтынушылардың қалауына қарай қабылданып, жасаған жиһаздарын үйлеріне апарып орнатып та береді. Сәткүл Смағұлованың тігін цехында он адам жұртшылықтың ықыласына бөлене еңбек етуде.
Бақыт Сахатов, аудандық жұмыспен қамту орталығының директоры.