- Advertisement -

Геопорталдың тиімділігі мол

59

- Advertisement -

Бүгінгідей ақпараттық технологиялар дамыған заманда біз де көштің соңында қалып қоймауымыз керек. Осы орайда елімізде «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасының қабылдануы сан саланың серпінді дамуына жол ашты. Барлық мемлекеттік органдардың интернет ресурстары іске қосылып, кері байланыс орнатуға да басымдық берілуде. Мұның бәрі де Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен жүзеге асып жатқан «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының нәтижесі екендігі даусыз. Бұл тұрғыда Тараз қаласы әкімдігі сәулет және қала құрылысы бөлімінің ұжымы да халыққа қалтқысыз қызмет көрсетіп келеді.

Жалпы мекеменің негізгі функциялары мен міндеттері – сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметтерін іске асыру кезінде қолайлы өмір сүру мен тіршілік ету ортасын қамтамасыз ету, Тараз қаласының аумағында «Сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» Заңнамасының, сондай-ақ сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласындағы мемлекеттік жүйенің нормативтік құжаттарының негізінде жүргізілетін сәулет-құрылыстық және қала-құрылыстық қызметтеріне мемлекеттік реттеу жүргізу. Бүгінде бөлімде 8 мемлекеттік қызметші еңбек етеді. Сонымен қатар келісімшарт негізінде 14 маман жұмыс істейді.

Тұрғындардың талап-тілегі әрқашан басты назарда. 2022 жылдың 7 айында Тараз қаласы сәулет және қала құрылысы бөліміне жеке тұлғалардан – 1216, заңды тұлғалардан 87 арыз-өтініш түсті. Сонымен қатар мемлекеттік мекемелерден 943 хат келіп, олар бойынша тиісті жауаптар қайтарылды. Халыққа қызмет көрсету орталықтары арқылы жазылған 316 өтініш бойынша қызмет алушыларға уақытылы қызмет көрсетілуде.

Халыққа ыңғайлы болу үшін кеңсе «бір терезе» қағидасы бойынша жұмыс істейді. Яғни келушілер қажетті қызмет түрін бір жерден ала алады. Жобаның басты мақсаты – азаматтардың мемлекеттік қызметшілерге сенімін арттырып, жемқорлықты болдырмау. Осы орайда айта кету керек, бөлімде 4 мемлекеттік қызмет түрі көрсетіледі. Мысалы, құрылыс және реконструкция (қайта жоспарлау, қайта жабдықтау) жобаларын әзірлеу кезінде бастапқы материалдарды ұсыну бойынша 465 сәулеттік жобалау тапсырмасы берілді. Сонымен қатар эскизді (эскиздік жобаны) келісуден өткізу бойынша 215 өтінім мақұлданды. Объектілерді кейіннен кәдеге жаратуға (құрылыстарды бұзу) жөніндегі жұмыстар кешенін жүргізу бойынша 7 тұлғаға рұқсат берілді. Ал Тараз қаласы бойынша «Мекенжай тіркелімі» ақпараттық жүйесінде 2022 жылы жалпы 2806 нысан тіркелді.

Цифрлық технологиялар қарқынды дамыған уақытта сәулет саласында ең көп сұранысқа ие қызметтерді egov.kz порталы арқылы да алу мүмкіндігі бар. Басты талап – электрондық цифрлық қолтаңбаның болуы.

Қазіргі таңда көпшілік тарапынан «Тараз қаласын дамыту жөніндегі Бас жоспарды түзету» жобасы бойынша да сұрақтар қойылып жүр. Жобалау үшін негіздеме- Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2010 жылғы 22 ақпандағы №104 қаулысы.

Тараз қаласының абаттандыру, сәулет келбетін дамыту және жақсарту мәселелері жөніндегі кеңестің 2020 жылғы 8 маусымдағы №98 хаттамасының 1-тармағы «Тараз қаласының бекітілген бас жоспарына түзету енгізу» деп аталады.

Мақсат – халықтың тыныс-тіршілігінің қолайлы ортасын құру және орнықты даму үшін қаланың шаруашылық-экономикалық кешенін дамыту жөніндегі шешімдермен 2040 жылға дейінгі есептік мерзімге «Тараз қаласын дамыту жөніндегі Бас жоспарды түзету» жобасын әзірлеу.

Қаланың Бас жоспарына түзету енгізілген жағдайда Жамбыл және Байзақ аудандарына қарасты 14 елді мекеннен аумағы 11755 гектар қосылатын болады. Бас жоспарға сәйкес қала аумағы 30542 гектарға ұлғаяды. Аудандар есебінен қалаға 44 551 адам қосылса, облыс орталығында тұратын халық саны 408 235 адамды құрайтын болады.

Нақты көрсеткіштерді талдау мен табиғи және механикалық өсуді болжау негізінде, сондай-ақ Тараз қаласының әкімшілік шекараларындағы аумақтық өзгерістерге байланысты жобалау кезеңдері бойынша қала халқының келешектегі санына есептеу жүргізілді. Мысалы, тұрғындар саны 2029 жылы 484 мың адамға жетсе, 2040 жылы 574 мың адам тіркеуде болады деп болжануда.

Бұдан басқа Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы 1993 жылғы 8 желтоқсандағы №2572-XII Заңының 2-бабы 5-тармағының негізінде Тараз қаласы халқының саны 400 мың адамға жетуіне байланысты осы жобада қаланың әкімшілік аудандарының шекарасы мен қаланың әкімшілік аудандарын бөлу ұсынылған. Әрбір әкімшілік ауданның саны кемінде 200 мың адамды құрайды. Осыған байланысты Бас жоспарда әкімшілік шекара және қаланы екі әкімшілік ауданға бөлу ұсынылды.

Қалада және қала аумағына қосылатын елді мекендерде Бас жоспарға енгізілетін өзгерістер мен түзетулер бойынша бірнеше қоғамдық тыңдаулар өткізілді. Осындай маңызды жиындарға тұрғындар, жергілікті қоғам белсенділері, қалалық мәслихат депутаттары, жергілікті атқарушы органдар өкілдері қатысты.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жер қатынастары саласын цифрландыру жөніндегі тапсырмаларын орындау, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі тапсырмаларын орындау аясында «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында Тараз қаласының әкімдігімен Тараз қаласының геоақпараттық порталы әзірленіп, пайдалануға берілді.

Қаланың геоақпараттық порталы – бұл тұрғындар мен бизнес саласы үшін жер, сәулет-қала құрылысы қатынастары саласындағы бизнес-процестерді автоматтандыруды қамтамасыз ететін электрондық ақпараттық алаңы.

Халыққа мемлекеттік қызметтерді онлайн режимінде ұсыну үшін e-jambyl.kz электронды порталы құрылды. Бұл дегеніміз сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің алдын алуға бағытталған іс-шаралар болып табылады. Кез келген азамат үйінде отырып мемлекеттік қызмет түрлерін ала алады.

Қазіргі таңда Тараз тұрғындары үшін жер қатынастары, сәулет және қала құрылысы, қаланың коммуналдық қызметтері саласында 11 қызметті алу үшін геоақпараттық қызметтер енгізілді.

Бұл портал өтініш берушіге үйінен немесе кеңсесінен шықпай-ақ қызметке жүгінуге ғана емес, сонымен қатар мемлекеттік органдар мен қаланың коммуналдық ұйымдары арасындағы құжаттарды бекіту процестерін толықтай автоматтандырады.

Жаңа жүйе бізге қызметтердің бүкіл тізбегін электронды түрге көшіруге, оларды ұсынудың нақты мерзімдерін 3-6 күнге дейін қысқартуға, көрсетілетін қызметті беруші мен көрсетілетін қызметті алушының тікелей байланысын болдырмауға, халыққа қызмет көрсетудің қолжетімділігі мен ашықтығын қамтамасыз етуге, әкімдік қызметінің тиімділігін арттыруға мүмкіндік берді.

Сондай-ақ жер учаскесінің кезегі туралы ақпаратқа қолжетімділік жүзеге асырылды. Ол үшін:

– кезекте тұрған адамдардың толық тізімін қарау;

– кезек нөмірін ЖСН немесе тегі бойынша тексеру;

– ағымдағы кезектің нөмірін және алғашқы тіркеу күнін көрсететін түбіртекті жүктеу сияқты шарттарды орындаса жеткілікті.

Кезектің одан әрі қалыптасуы автоматты түрде жүреді. Айта кету керек, мәліметтер базасындағы барлық өзгерістер оқиғалар журналында көрсетіледі.

Баршаға белгілі, «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы 2021 жылға дейін «Жылжымайтын мүліктің бірыңғай мемлекеттік кадастры» ақпараттық жүйесін құруды және енгізуді көздейді. Осы жобаны іске асыру Қазақстанның қоғамдық кадастрлық картасын құруға, жер учаскелерін пайдалануды бақылау мен бақылауды автоматтандыруға мүмкіндік береді.

Тараз қаласы әкімдігімен геопорталдың осы ақпараттық жүйемен (жылжымайтын мүліктің бірыңғай мемлекеттік кадастры) интеграциясы сәтті жүзеге асырылғанын және іске асыруға дайын екендігін атап өткіміз келеді.

Геопорталдың электронды картасына келер болсақ, мұнда төмендегідей ақпараттар бар:

– алдағы жер конкурстары;

– ақысыз және перспективалы жер учаскелері;

– қаланы дамытудың бас жоспары;

– егжей-тегжейлі жоспарлау жобалары;

– және тұрғындар мен кәсіпкерлерді қызықтыруы мүмкін басқа да көптеген мәліметтер.

Мысалы, кәсіпкерлерге өткізіліп жатқан жер аукциондары мен конкурстары туралы ақпаратты үнемі жариялау пайдалы болады. Бұл қызметтің айрықша ерекшелігі – аукционға қойылған жердің орналасқан аумағын көрсету. Бұл әлеуетті тапсырыс берушіге жердің артықшылықтарын алдын ала бағалауға мүмкіндік береді.

Геопорталдың одан әрі дамыту мақсатында халыққа электронды түрде көрсетілетін қызметтердің тізімін кеңейтуге, ұсынылатын қызметтердің сапасын қамтамасыз етуге, әкімдік қызметін одан әрі автоматтандыруға көңіл бөлінуде.

Сондай-ақ бөлімде «Сервистік әкімдік орталық» жұмыс жүргізуде, қызмет түрлерін алу бойынша стенд орналастырылған. Және де мамандармен келген азаматтарға тұрақты түрде түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар сапасыз көрсетілген қызмет, артық құжат талап ету, бюрократияға жол берілген жағдайда шұғыл телефон желісі көрсетілген облыстық Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігімен стенд орналастырылды.

 

Тараз қаласы әкімдігінің сәулет және қала құрылысы бөлімі.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support