- Advertisement -

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес – жалпы қоғам мәселесі

75

- Advertisement -

Қазақстан Республикасының 2015 жылғы 18 қарашадағы «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заңының 22-бабына сәйкес, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылды өз құзыреті шегінде барлық мемлекеттік органдар, ұйымдар, квазимемлекеттік сектор субъектілері мен лауазымды адамдар жүргізуге міндетті.

Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өз сөзінде жемқорлықтың түп-тамыры жойылғанша күрес жүргізілетінін жеткізді. Осылайша сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мемлекет саясатының басым бағыттарының бірі ретінде айқындалды.

Бүгінгі күнге Мемлекет басшысының тапсырмасымен сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша заңнамалық өзгерістердің бірқатар топтамалары әзірленіп, іске асырылды.

Заңнамалық өзгерістердің бірінші топтамасы 2019 жылдың 19 желтоқсанында қабылданды. Енгізілген өзгерістерге тоқталып өтетін болсақ:

– Бағынысты қызметкерлердің сыбайлас жемқорлық үшін бірінші басшылардың отставкасы және тәртіптік жауапкершілігі туралы нормалар енгізілді;

– Нормативтік-құқықтық актілер жобаларының сыбайлас жемқорлыққа қарсы сараптамасы қалпына келтірілді, сыбайлас жемқорлық туралы хабарлағаны үшін азаматтарды көтермелеудің сараланған жүйесі енгізілді;

– Ауыр және аса ауыр қылмыс жасағандарға шартты түрде мерзімінен бұрын босату шарасы қолданылмайды;

– Құқық қорғау органдары қызметкерлерінің, судьялардың, пара берушілердің және парақорлыққа делдал болғандардың сыбайлас жемқорлығы үшін жазасы қатаңдатылды; (ҚК-нің 366-бабында судьялар мен құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне қатысты жаңа құрам енгізіліп, 5 жылдан 6 жылға дейін бас бостандығынан айыру түріндегі санкция күшейтілді);

– Мемлекеттік қызметшілердің, депутаттардың, судьялардың шетел банктерінде есепшотқа ие болуы, қолма-қол ақша және бағалы заттар сақтауына шектеулер енгізілді;

– Жемқорлықпен ұсталғандардың мемлекеттік қызметте және квазимемлекеттік секторда жұмыс істеуіне өмір бойы тыйым салатын шектеу қойылды.

Заңнамалық өзгерістердің екінші топтамасы 2020 жылдың 6 қазанында қабылданды.

Ол бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеулерді қабылдаған мемлекеттік қызметшілерге өзге тұлғалардан сыйлықтарды алуға және өзге тұлғаларға сыйлықтарды сыйға тартуға толық тыйым салынды.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнама қолданылатын тұлғаларға, сатып алуды ұйымдастыру және өткізу жөнінде шешімдер қабылдауға уәкілетті, мемлекеттік бюджеттен және Ұлттық қордан қаржыландырылатын жобаларды іріктеу мен іске асыруға жауапты, дербес құрылымдық бөлімшенің басшысынан төмен емес лауазымды атқаратын квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қызметкерлеріне жатады. Бұрын мұндай нормалар квазимемлекеттік компаниялардың бірінші басшыларына ғана қатысты болатын. Енді бұл тізім айтарлықтай кеңейтілді:

– Квазимемлекеттік сектор ұйымдарында сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс-қызметі институты енгізілді;

– Бір мемлекеттік органда немесе ұйымда туыстардың жұмысын құқықтық реттеу. Енді мемлекеттік лауазымға үміткер өзі лауазымға орналасуға үміткер ұйымның басшылығына онда жұмыс істейтін жақын туыстары, жұбайы немесе жекжаттары туралы жазбаша түрде хабарлауға міндетті. Заңда осы алдын алу нормасының болуы мемлекеттік органдар мен ұйымдардың қызметіндегі мүдделер қақтығысын (конфликт интересов) болдырмауға мүмкіндік береді;

– Жедел-іздестіру қызметін немесе сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын лауазымды адамдардың қылмысқа арандатқаны үшін қылмыстық жауаптылық енгізілді (ҚК 412-1-бабына сәйкес үш жылдан бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады);

– Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет квазимемлекеттік сектор субъектілерінен ревизиялар, салықтық және басқа тексерулер, аудит және бағалау жүргізуді талап ету құқығымен қамтамасыз етілді;

Сонымен қатар сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ететін мемлекеттік органдар тізіміне енгізілді.

ҚР Президентінің 2022 жылғы 2 ақпандағы №802 Жарлығына сәйкес «Қазақстан Республикасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатының 2022-2026 жылдарға арналған тұжырымдамасы» қабылданғаны туралы жоғарыда айтылды.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты дамыту тәсілдері мынадай міндеттерді орындау арқылы іске асырылатын болады:

1-міндет. Сыбайлас жемқорлыққа төзбеушілікті қалыптастыру.

Мемлекеттік аппаратта сыбайлас жемқорлық материалдық жағынан тиімсіз болатын сыбайлас жемқорлыққа қарсы мықты мәдениет қалыптасуға тиіс.

2-міндет. Сыбайлас жемқорлықтың мүмкіндіктерін жою.

Бұл бағытта басты назар бюджет қаражатын тиімсіз жұмсау тәуекелдерін және сатып алуда сыбайлас жемқорлықты азайтуға бағытталатын болады. Бюджет саясатының ашықтығына қол жеткізу үшін мемлекеттік сатып алу, бюджетті жоспарлау және мемлекеттік қаржыны басқару процестері бірыңғай платформаға біріктірілетін болады.

3-міндет. Жауапкершіліктің бұлтартпастығын қамтамасыз ету жөніндегі шараларды жетілдіру.

Жауапкершіліктің бұлтартпастығы қағидаты жазалау практикасында ғана емес, елдегі заңдылық пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуде, келтірілген залалды өтеуде және әлеуметтік әділеттілікті қалпына келтіруде де болуға тиіс.

Кінәсіздік презумпциясы конституциялық қағидатын қатаң басшылыққа алу қажет.

Ықтимал сыбайлас жемқорлық іс-әрекеттерінен қоғамға келтірілетін залалды болғызбай, жосықсыз қызметшілерді уақытылы анықтауға және жұмыстан босатуға мүмкіндік беретін парасаттылыққа тексеруді (integrity check) енгізілетін болады.

Шығыстар кірістерден айтарлықтай асып кеткен кезде негізсіз баю үшін жауапкершілікті енгізу жоспарлануда.

4-міндет. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылда азаматтық қоғамның рөлін күшейту.

Азаматтық қоғам өкілдерінің бюджет процесіне, мемлекеттік сатып алу мониторингіне, мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің сапасын бағалауға, қандай да бір саладағы, өңірдегі неғұрлым проблемалы, өткір мәселелерді айқындауға қатысуы арқылы олардың мемлекетпен өзара іс-қимыл процестерін жетілдіру қажет.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылға журналистер мен өзге бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерін кеңінен тарту қазақстандықтардың белсенді азаматтық ұстанымын нығайтуға ықпал ететін болады.

Ақпарат берушілерді жұмыс орнында қудалау мен қысым жасаудан қорғай отырып, олардың еңбек ету құқықтарын қорғау жөніндегі шаралары бекітілетін болады.

5-міндет. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы шараларды іске асырудың тиімді мониторингін қамтамасыз ету.

Енгізілетін жобалық тәсілді ескере отырып, ол объективтілік және жариялылық қағидаттарына негізделетін болады және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы ахуалды нақты уақыт режимінде көрсететін индикатор болады.

6-міндет. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі уәкілетті органның қызметін одан әрі жетілдіру.

Квазимемлекеттік сектор субъектілерінің сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс-қызметтерінің жұмысы мәселелерінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі уәкілетті органның үйлестіруші рөлі күшейтіледі.

Тұжырымдамада көзделген сыбайлас жемқорлыққа қарсы бастамаларды іске асыру үшін 2023 жылы Парламент Мәжілісіне 2 заң жобасын ұсыну жоспарлануда:

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша заң жобасына консультативтік құжатқа заңнамалық реттеуді талап ететін бірқатар ұсынымдар дайындалуда.

Өздеріңіз көріп отырғандай, заң аясында жауапкершілік күшеюде. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев уәкілетті органның алдына қойған міндеттемелері мен басымдылықтарын белгіледі.

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2019 және 2022 жылдардағы Сайлауалды бағдарламаларында сыбайлас жемқорлықты түп-тамырымен жою мақсаты қойылған.

«Жемқорлық – мемлекеттің дамуын тежейтін кесел. Бұл қоғамдағы өзара сенімге, жалпы мемлекетіміздің қауіпсіздігіне қатер төндіретін құбылыс. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы жүйелі жұмыс жүргіземіз», деді Мемлекет басшысы.

Соңғы кезде қоғамның мемлекетке деген сенімі арта түскенін көріп отырмыз. Оған негізгі себеп – Президенттің «Әділетті Қазақстан» атты саяси реформасының басталғаны. Елде әділдік орнап, заң үстемдігі салтанат құруда. Сонымен қатар «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясында халықпен кері байланыс орнату бойынша да жүйелі жұмыстарды жұртшылық қолдап отыр. Қасым-Жомарт Тоқаев заңнан жоғары ешнәрсе болмауы керектігін, мемлекеттік органдар басшыларына халықпен күн сайын бірге болып, қоян-қолтық жұмыс істеуді, жемқорлықпен күресті күшейте түсуді қатаң ескерткен болатын.

ҚР «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заңының 22- бабы бойынша: Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылды өз құзыреті шегінде барлық мемлекеттік органдар, ұйымдар, квазимемлекеттік сектор субъектілері мен лауазымды адамдар жүргізуге міндетті. Осыны ұмытпаған жөн. Сол сияқты «Жұртшылықтың сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылға қатысуы» деп аталатын 23-бабында: «Жеке тұлғалар, қоғамдық бірлестіктері және де заңды тұлғалар сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл кезінде тиісті шаралар қолданады», делінген. Аталған заңның 24-бабында сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылықтары туралы хабарлау, шара қолдану тәртібі түсіндіріледі.

Елімізде коррупцияға қарсы атқарылып жатқан қыруар жұмыстарға қарамастан, өкінішке қарай, заңбұзушылықтар әлі де жалғасып жатыр.

Сонда мемлекеттік қызметшілерінің қызметке кірісерде берген анттары қайда қалды дейсің? Осы орайда Ұлы Абайдың «Анттың, серттің, адалдықтың, ұяттың бір тоқтаусыз кеткені ме?!» деп күйінген сөзі еске түседі…

Осы орайда «ЖАҢАРУ» республикалық қоғамдық бірлестігі қолға алған «Жастардың бойында сыбайлас жемқорлыққа қарсы сананы қалыптастыру жөніндегі іс-шаралар кешенін жүргізу» атты әлеуметтік жобаның маңызы өте зор деп есептеймін. Себебі Жаңа, Әділетті Қазақстанды құру бүгінгі жастардың қолында. Мемлекет басшысы Қасым- Жомарт Тоқаевтың маусым айында өткен референдум қорытындысы бойынша Қазақстан халқына жасаған Үндеуінде: «Қолдан жасалған монополияларды түбегейлі жойып, сыбайлас жемқорлыққа тосқауыл қою маңызды», деп атап көрсете отырып, елден жылыстатылған қаржыны және заңсыз жекешелендірілген активтерді мемлекеттің иелігіне қайтару жөнінде мекемеаралық комиссия құрылғанын және арнайы Жарлыққа қол қойғанын айтып еді, қазір ол іске асуда.

Біз халықтың ішінде көп жүретін адамбыз, көпшілік не айтып, нені сынап жатқанын күнде естіп жүрміз. Жұртшылық әлемді жайлаған геосаяси текетірес, экономикалық дағдарыс, қымбатшылық, бүгінгі қиын өмір жайлы және елімізді жайлаған жемқорлық, сотқа сенімсіздік туралы сынды көп айтады. Сонымен қатар Президенттің сыбайлас жемқорлыққа қарсы жасап жатқан батыл қадамдарын тілге тиек етеді. Тұрғындардың енді бұрынғы билікпен сыбайласқан олигархтардың жемқорлығын әшкерелеп, мемлекеттің байлығын жегендердің желкесінен шығарып мемлекетке қайтартқызып, халықтың игілігіне айналдырса екен деген де талаптарын естиміз.

Осы орайда, яғни 2013 жылдың желтоқсанында құрылған «ЖАҢАРУ» Сыбайлас жемқорлыққа қарсы жалпыұлттық қозғалыс» республикалық қоғамдық бірлестігі бүгінде коррупцияға қарсы бағытталған еліміздегі ең ықпалды қоғамдық күштің біріне айналды десем, артық айтпайтын шығармын. Барлық өңірлерде оның филиалдары, белсенділері жұмыс атқарады.

«Жемқорлықты жою үшін оған бүкіл ел болып қарсы тұруымыз керек» деген Президенттің талабын басшылыққа алып сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға, онымен күреске мемлекеттік органдармен қатар, қоғамдық ұйымдармен, депутаттармен, саяси партиялармен, азаматтық альянс өкілдерімен, Антикор жанындағы қоғамдық сарапшылар тобымен тығыз қатынаста жұмыс жасап жатырмыз.

Соңғы екі жыл бойы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті жанынан құрылған ақпараттық ағарту штабына жетекшілік еттік. Екі жыл ішінде штаб тарапынан 517 іс-шара өткізіліп, оған 20 мыңға жуық адам қамтылды. Онлайн форматта өткен іс-шаралар 140 мыңға жуық қаралым жинады. Тек өткен жылы сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру бойынша 300 ден астам іс-шара өткізілді. Штабтың «Instagram» парақшасында 15000 адам тіркеліп, ол өз кезегінде республика бойынша үздік нәтиже болып бағаланды.

Сонымен қатар «Өзіңнен баста» онлайн-конференциялары, «Адалдық сағаттары» өткізілді. Жамбыл телеарнасындағы «Таңғы тайм» бағдарламасы мен облыстық радиоға штаб мүшелері тұрақты қатысып отырды. Одан бөлек аудан орталықтарында да ақпараттық үгіт-насихат топтары құрылып, ауыл тұрғындары арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Сол сияқты біздің белсенділер, зиялы қауым өкілдері «Парасат жолы» жобасына да белсенді қатысып, ағартушылық, тәрбиелік жұмыспен айналысты.

Сонымен қатар «АМАНАТ» партиясы облыстық филиалы жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы әрекет жөніндегі Қоғамдық кеңесінің мүшесі, сараптама тобының жетекшісі ретінде де көптеген отырыстарды дайындауға қатыстық.

«ЖАҢАРУ» филиалының басшылығы облыс орталығындағы «Дарын» мектебінің және Нұрғиса Тілендиев мектеп-интернатының ұжымдарымен, оқушыларымен кездесу өткізіп, сыбайлас жемқорлық көріністерін мүлдем қабылдамау туралы еркін форматта әңгіме жүргізді. Әділдік, адалдық туралы «Саналы ұрпақ», «Адал ұрпақ» еріктілер клубының студенттері мен оқушылары өлеңдерін оқыды, «Сыбайлас жемқорлыққа жол жоқ!» тақырыбында оқушылардың сурет байқауына қатысып, жеңімпаздарын құттықтадық.

Сол сияқты «Тараз-Сервис және технология» колледжінде 155 студент пен оқытушылар қатысқан ауқымды жиын өткіздік.

Осы жылдың көктемінде облыс әкімінің төрағалығымен сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысында барлық облыстық, қалалық, аудандық мемлекеттік органдардың басшыларына бұдан былай барлық салада бірде-бір сыбайлас жемқорлық заңбұзушылық болмау керек деген қатаң талап қойылды.

Өңірімізде билік пен қоғам сыбайлас жемқорлыққа қарсы өзара ықпалдастық танытып, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатының 2022-2026 жылдарға арналған тұжырымдамасын іске асыру мақсатында халықтың, әсіресе жастардың бойында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетін арттыруға және қоғамдағы жемқорлық көріністеріне «нөлдік» төзімділік қалыптастыру мақсатында облыс әкімі аппаратымен, облыстық қоғамдық кеңеспен, «Азаматтық альянс» ЗТБ, «Жамбыл-адалдық алаңы» жобалық офисімен, «Әділ жол» филиалымен, АМАНАТ партиясы филиалының қоғамдық кеңесімен, облыс әкімдігінің жастар саясаты мәселелері басқармасы мен бірлескен меморандум қабылдадық.

Осыдан біраз уақыт бұрын Құлан агротехникалық жоғары колледжінде «ЖАҢАРУ» Сыбайлас жемқорлыққа қарсы жалпыұлттық қозғалысы» республикалық қоғамдық бірлестігі филиалының «Жас Қыран» жастар қанаты ұйымы құрылып, жетекшісі сайланды. Оның құрылтай жиналысына Тұрар Рысқұлов ауданының әкімі Ернар Есіркепов, «АМАНАТ» партиясы облыстық филиалының «Жастар рухы» жастар қанатының басшысы Уалихан Болатбек қатысып құттықтау сөз сөйлеп, «Жас Қыран» жастар қанатына ақ жол тіледі.

Жиынға қатысқан 260 студенттің ішінде «Саналы ұрпақ» еріктілер клубының 22 мүшесі мен Жастар Парламентінің 16 белсендісі қатысып, Мемлекет басшысының сыбайлас жемқорлыққа қарсы жүргізіп жатқан саясатын, жемқорлыққа қарсы құрылып жатқан «Жас Қыран» жастар ұйымын қолдайтындарын, оның қатарына 50 белсенді жастың кіргенін жеткізді. Жастар қанатын қолдап, көпшілікке сыбайлас жемқорлыққа қарсы бағытталған студенттердің флешмобы көрсетілді.

Олжас Мұсақұлов басқаратын – облыстың ең үздік колледжі атанған Құлан агротехникалық жоғары колледжі студенттерінің көздерінде от ойнап, сөздерінің жалыны бар, ары жанынан қымбат екені көрініп тұрды.

Тараз қаласында 9 желтоқсан – Халықаралық сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес күніне орай «Сыбайлас жемқорлықтан бас тарту – тұрақтылық пен дамудың кепілі» атты форум өтті.

Іс-шара облыс әкімінің орынбасары Ерболат Ибрайхановтың кіріспе сөзімен басталды. Сөзінің соңында бірқатар қоғам белсенділеріне облыс әкімінің алғыс хаттары тапсырылды.

 

 Қасымхан ТӨЛЕНДИЕВ,

«ЖАҢАРУ» сыбайлас жемқорлыққа қарсы жалпыұлттық қозғалысы» РҚБ облыстық филиалының басшысы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support