Жаңалықтар

Түркі әлемінің жаңа кеңістігінде

Түркі әлемінің жаңа кеңістігінде

Бүгінгі таңда түркі елдері алдында өзекті мәселелердің бірі ретінде тұрған руникалық түркі жазба ескерткіштері өзін зерттеуді тек көне тарих жазылып қалдырған кезеңнен емес, бастауын сонау ғұн, сақ мәдениетінен іздеуді меңзейді. Орталық Азиядағы алғашқы ірі көшпелі ғұндар империясы біздің дәуірімізге дейінгі III ғасырдың соңында құрылды. Бұл ұлы патшалық Байкалдан Тибетке, Орта Азиядан Қытайдағы Хуанхэ өзеніне дейінгі аралықты мекендеп, сандаған жылдар бойы осы территорияда өз үстемдігін жүргізіп отырды. Ғұн тайпалары алтай тілдес тайпалар қатарына жатқанымен, оның кұрамында әртүрлі тілдерде сөйлейтін тайпалық одақтар мен шағын рулар да бар еді. Осындай тайпалық одақтардың түрлі жағдайларға байланысты әлсіреуі нәтижесінде Орта Азия территориясында түркі этногенезінің, яғни түркі тілдес тайпалық одақтарының бірігу үдерісі басталды.

Түркі тайпаларынан қалған бұл ескерткіштер көне дәуірдің қоғамдық-мәдени, әрі әдеби тұрмыс-салт өмірлерінен хабар беретін жәдігер қазына ретінде бүгінгі күні барлық түркі тектес халықтарға ортақ мұраға айналды. Көне ескерткіштер түркі тілдес елдердің тарихын, көне мәдениетін, өркениеті мен мемлекеттігін, тілі мен діліне қатысты құнды деректерді барлық өңірлерден іздестірудің қажетті екендігін байқауға болады. XX ғасырдың 30-жылдары Орталық Азия территориясынан көне түрік таңбалары салынған таяқша табылды. Бұл жазу жүйесі графикалық лингвистикамен айналысушы ғалымдардың көне жазуға деген қызығушылығын арттыра түседі. Өйткені мұнда бұрыннан белгілі әріптерден бөлек бірнеше беймәлім таңбалар кездеседі. Аталған жазудың құпиясын ашуға бірнеше ғалым атсалысып, өз оқылу нұсқаларын ұсынған болатын: С.Е.Малов (1936). Х.Н.Оркун (1940), А.М.Щербак (1959), т.б. 1970 жылдары Іле бойындағы Есік қорғанынан ежелгі сақ тайпасы мәдениетінің айнасы болып саналатын сол кезеңнің тұрмыс қажетін өтейтін бірнеше заттар табылғаны белгілі. Осындай қазба жұмыстарының нәтижесінде күміс тостағаншаға екі қатар ойылып салынған 26 таңбадан тұратын руникалық жазу табылған. Аталған сына жазуды оқып, оның мағынасы мен құндылығын ашу барысында ғалымдар арасында алуан түрлі тартыстар да болды. Сақ қорғанынан табылған бұл жазудың тарихи құндылығы күн санап арта түсті. Біріншіден, тостағаншаға таңбаланған әріптер өзімізге белгілі VI-VIII ғасырларда кездесетін көне түркі жазуынан кейбір таңбалары сәл өзгеше, Екіншіден, табылған жазу, археологтардың анықтауы бойынша, сақ дәуірінің жемісі. Сондықтан жазу жүйесі алдыңғы табылған көне түркі әліппесіне қарағанда 5-6 ғасырға көне. Мұның өзі біздің жазу мәдениетіміздің қайнар бастауы сонау сақтар мен ғұндар дәуірінен бастау алатындығын дәлелдей түседі. Бүгінгі таңда, көптеген түркі мемлекеттері ғана емес, әлемдік дамуда түркітану саласына деген көзқарас қайта өзгерді. Осы мақсатта ғылым саласы да өз зерттеулеріне халық тарихы мен мәдениетінің қайнар бастауын көне заманнан іздеуді негізгі бағыт етіп, қазіргі уақытта көптеген табыстарға да қол жеткізіп үлгерді. Аталмыш мәселе тарихшылар немесе тілшілердің, мәдениет пен тіл тарихын зерттеушілердің пешенесіне жазған еншісіндей ғана болып келсе, оның бүгінде аясы тар, шектеулі шеңбері құлаш жазғызбай, тығырыққа тықсырған үстірт ойлар мен «академиялық» схематизмге ұрындырып жүргені де жасыратын жай емес. Әр саладағы ғылымның дами келіп шоғырлана түйіскен бірлігі негізінде зерттелмейінше, айтарлықтай нәтижеге қол жетпейтіндігі де айқын. Алғашқы көшпелілердің (сақтардың) тілдеріне байланысты ағат пікірлерге қоса, қола заманындағы Оңтүстік Сібір мен Қазақстан тұрғындарын үнді-иран немесе иран тілдерінде сөйлеткісі келетіндер бар. Ақиқатын айтсақ, Алтай мен Жетісудың ежелгі тұрғындарының тек қана үнді-иран («арийлік») тілдес халықтарға тарихи жақындығы (ортақтығы) туралы пікірге сын көзбен қарағанымыз жөн. Неге десеңіз, бұл аймақта ірге тепкен ежелгі тұрғындар (автохтондар) үнді-иран тілінде сөйлепті-мыс деген тұжырымды айқындарлық көңіл тұшытарлық тілдік айғақ, дәлелге медеу боларлық тілдік фактінің жоқ екені белгілі. Қайта, ондай жорамалдардың үнін өшіріп, адымын аттатпайтын деректер сыры сақ қорғандарында атой салып жатқандығын бүркеудің өзі қиын. Өйткені сақ қорғанынан табылған жазулар көне түркі руникалық алфавитімен төркіндес, онымен негіздес екені айқындала бастағаны көпке аян. Ертіс, Іле бойларынан табылған ең көне түркі жазулары тиісті ғылыми баспаларда дер кезінде талдау жасап, пікір айтқанымыз жұртқа белгілі. Усунь тайпалық одағына үстемдік еткен әулетті билеушілердің түркі тілінде сөйлегендігін зерттеуші Н.А. Аристов қытай жазбаларына сүйене отырып дәлелдеген еді. Олардың басты дәлелі – қытай жылнамаларындағы көне үйсіндердің лауазымдары (күн бег, ұлуғ, тарқан т. б.) түркі тілінде келтірілген. Усунь еліндегі хандық әулеттің бірнеше ғасырлық мерзімін артқа тастап, олардың кейінгі мирасқорлары түркі тілдес тайпалардың басын біріктіріп, біздің заманның ҮІ-ҮІІІ ғасырларында көне түркі қағанатына билік жүргізген ашина түркілерімен сабақтастығын айқындайтын деректер қытай жылнамаларында кездеседі. Біздің болжауымызша, усунь этнониміндегі ус түбірін көне түркінің ус немесе ас сөзімен салыстыруға болады. Бұл сөздердің мағынасы Махмұд Қашғаридің сөздігінде «күшіген, бүркіт» деп берілген. Ал ҮІІІ ғасырдағы Тунйуқуқ ескерткішінде кездескен турк есір бодун – «түркі бүркіт халқы» деген тіркес (мұндағы есір сөзі тува тіліндегі эзир – «бүркіт» сөзімен төркіндес) ашина түркілерінің, яғни билеуші тайпаның баламасы ретінде қолданылған деп шамалауға болады. Сонымен бірге Күлтегін ханзада зиратына қойылған мәрмәрдан қашалған мүсіндегі кертпе тәждің маңдайшасында бейнеленген бүркіт кескініне ойлы көзбен мән бере қарасақ, біршама толғаныстар туғызуымен қатар, жоғарыдағы болжауларды дәлелдерлік дерек те табамыз. Осыған орай турк (түрік, түркі) сөзінің мағынасы жөнінде айтар болсақ, «ол түркі қағанатының аты, этникалық термин болуымен қатар, өзінің негізгі байырғы «күшті, қуатты» деген мағынасын да көне ұйғыр жазба ескерткіштерінде сақтаған» деп жазады профессор А.С. Аманжолов өз еңбектерінде. Этникалық ортақтықты (тайпа, халық, ұлт) айқындауда тіл – басты да шешуші белгі. Ал тілдің адам қоғамында атқаратын қызметі әр алуан: қарым-қатынас жасау құралы, ойдың тікелей көрінісі, таным-түсінікті жетілдірудің көзі, сонымен бірге этностың белгісі, демек этникалық мәнге ие. Тілдің этникалық қызметін сөз еткенде, оның этникалық ортақтығының құрылуы, өсіп-өркендеуі, дамуы, іштей топтасу барысында қозғаушы күш екенін атап өткен жөн. Түркі тілі жөніндегі ең алғашқы мәлімет Месопотамияның оңтүстігінен (Шумерден) табылған біздің дәуірімізге дейінгі ІҮ-ІІІ мың жылдықтарды меңзейтін идеографиялық жазба ескерткіштерінен байқалады. Мұнда, яғни алғашқы шумер тілінің ескерткіштерінде көне түркі тіліне тән көптеген лексикалық сәйкестер ұшырасады. Шумер тілінің алтай тілдерімен (түркі, моңғол, тұңғыс-манжұр) туыстастығы жөнінде неміс ғалымы Ф.Хоммель және оны қолдаған кеңес тарихшысы С.П.Толстов болжам пікір айтқан еді. Бірақ бұл болжам толық дәлелденген жоқ, алайда тілдік сәйкестіктердің кездейсоқ еместігі ойлантады. Өйткені тілдер мен этностардың бір-бірімен қарым-қатынасы, өзара байланысы, араласуы нәтижесінде сөз ауысу процесі ертеден-ақ белгілі. Міне, сондықтан алғашқы түркі тайпа тілдерінің әлдебір із-көрінісін көршілес елдердің тілдеріне тигізген әсерлерінен де байқауға болады. Көненің көзі болып табылатын асыл қазыналар әлемнің көптеген жерлерінен әлі де табылуда. Соның дәлелі – Елтеріс Құтлық қаған ескерткіші болып отыр. Бұл да өз кезегінде түркі халықтарының тарихы мен мәдениетінің дамуын, өркениеті мен мемлекеттігінің қайнар бастауын ғылыми түрде одан әрі дәлелдей түсуге өз септігін тигізері анық. Қорыта айтарым, қазіргі таңда түркітану ғылымы – бір жағынан ХІХ-ХХ ғасырлардағы Еуропа мен Ресей, кейіннен Кеңес Одағы түркітанушы ғалымдары негізін қалаған зерттеу дәстүрінің жалғасы болса, екінші жағынан зерттеулердің кеңістігі кеңейіп, түркі халықтарының этногенезі, тілдері, тарихы, мәдениеті, философиясы мен діні арнайы зерттелетін кәсіби ғылымға айналды. Түркітану ғылымының өзегі болып табылатын көне түркі жазбалары – Орхон-Енисей, Талас жазба ескерткіштері мен көне түркі жәдігерлері өткен ғасырларда рунологиялық, текстологиялық және лингвистикалық тұрғыда зерттелсе, бүгінгі күні әлемдік түркітанушылары тарапынан көне түркі жазбаларының тарихи, философиялық, этнографиялық және мәдени қырларынан зерттеліп, көптеген ғылыми зерттеулердің негізіне айналуда. Дегенмен әлем мәдениетінің дамуына өлшеусіз үлес қосқан түркі халықтарының мыңжылдықтар қойнауындағы мол мұрасының зерттейтін мәселелері ұшан-қиырсыз. Әлі де табылмаған немесе енді ғана табылып жатқан көне түркі жазбалары өте көп.  

 Ерболат САУРЫҚОВ,

Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз инновациялық институтының президенті,

филология ғылымдарының докторы, профессор, ҚРҰҒА «Құрметті мүшесі», түркітанушы.