Экономика

Тың ізденістер жолында

Тың ізденістер жолында

«Қақпатас-Қордай» жауапкершілігі  шектеулі  серіктестігі – аудандағы  шаруасы алға басып келе жатқан агроқұрылымдардың қатарында. Бір өзі  мың жарым бастан аса ірі қара өсіретін, бұрыннан-ақ  асыл  тұқымды элиталық шаруашылық мәртебесін иеленген серіктестік облыста  алғашқылардың бірі болып шетелден асыл  тұқымды ірі қара әкеліп  жерсіндірумен айналысты.

2012 жылы шаруашылықтың өз қаражаты есебінен Ирландиядан сатып әкелінген 309 (14-і бұқа) бас Ангус және Герефорд тұқымды сиырлар екі жылда өз төлдерімен көбейіп, бүгінде 600 басқа жеткен. Олардың өгізшелері іріктеліп 150 басы бордақыға да қойылыпты. Алдағы жылдың көктемінде осы асыл тұқымды ірі қара етін сату есебінен шаруашылық есебіне пайда түсе бастамақшы.

Серіктестіктің бұған дейінгі тұрақты пайда көзі ретінде сүт өндірісін атауға болады. Мұнда 425 сауын сиыры болса, оның шамамен 350-і ұдайы сауылуда. Сиырлар жыл – он екі ай қолда ұстап бағылады. Оған барлық жағдай жасалынған. Екі фермада да мал күтіміне айрықша мән беріледі. «Сиырдың сүті тілінде» дегенді жақсы білетін олар жемшөптің мол қорын дайындауға баса назар аударады. Мәселен, биыл 100 гектар сүрлемдік жүгері мен 500 гектар жоңышқадан жаздай сауын малына көктей орып бергенінен бөлек, 2,5 мың тонна сүрлем және 3,5 мың тонна пішендеме дайындалды. Мың гектар арпа, бидай мен 150 гектар дәндік жүгеріден қажетінше жем қоры дайындалуда. Сауыншылардың өнімді жұмыс істеуіне де барынша жағдай жасалынған. Күніне екі мәрте сауылып алынатын сүттің едәуір бөлігі (1500 литр) Алматы облысындағы «Донене-Беркут» ЖШС-на жөнелтіліп, одан қолма-қол ақша шаруашылық кассасына құйылып жатыр. Облыс әкімінің жергілікті қайта өңдеушілерді қолдау талабымен 500 литр сүт соңғы айларда Қордайдағы «Куликов сүт өнімдері» ЖШС-на тапсырылуда. Бірақ сүттің килограмына алматылықтар – 97, ал «куликовтықтар» 87 теңгеден төлеуде. Серіктестік төрағасы Дүйсехан Қошалиев бүгінде облыс әкімінің назарындағы бір үлкен шаруаға білек сыбана кірісіп кеткен екен. Бұрынғы шошқа базының орнынан 600 бас сауын сиырына арналған жаңа тауарлы-сүт фермасын ашпақшы. Швейцариялық технологиямен еуростандарт үлгісінде жұмыс істейтін жаңа баздағы малға азық тарату, астын тазарту, сүт сауу тәрізді жұмыстың барлығы автоматтандырылмақ. Сиырлар алаңға байлаусыз жіберіледі, азық жейтін жері бөлек, жататын орны бөлек, асты құрғақ болады. Қораларға пластикалық терезелер қойылады, баздың ішіндегі температура, желдету автоматты түрде реттеліп отырады. Құрылысымен, құрал-жабдықтарымен қоса бас-аяғы екі миллион долларға түсетін жаңа іс биыл жазда қолға алыныпты. Ескі баздардың төбесі қайта шатырланып, іші жаңа технологияға сай өзгертіліп жатыр. Серіктестіктің бар тапқан-таянғаны қазір осыған жұмсалуда. Дүйсекең осы басталған істі тезірек бітіруге банктен несие аламын деген үмітінің ақталмай отырғанына қынжылыс білдірді. – Тамыз айында облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев ауылшаруашылығы кәсіпорындарына несие беру мәселесі бойынша облыстағы барлық банк басшылары мен бірқатар мүдделі агроқұрылым жетекшілерімен өткізген кеңесте біздің серіктестікке 14 пайыздық өсімнің тең жартысын мемлекеттен субсидиялау шартымен 100 миллион теңге несие беруге ұсыныс жасаған болатын. Бірақ, ол әлі орындалар емес, – дейді Д. Қошалиев. – Екі ай бойы барлық тиісті құжаттарын дайындап, 250 миллион теңгеге бағаланған шаруашылық баздары мен жекеменшік үйімді кепілге қойсам да, «Центркредит» маңайлатар емес. Кепілге қоюға Алматыда үй болуы керек екен. Ал ондай үйім болмаса ше?.. Осыған қарап банктердің кейбір шарттары тым ұшқары ма деген ой келеді. «Қақпатас-Қордай» тәрізді шаруасы мығым агроқұрылымның өзі осындай кедергілерге тап болып отырса, былайғы қатардағы шаруашылықтар үшін несиеге қол жеткізу дегенің қиялдағы дүние сияқты. Мұны айтпағанда, «Қақпатастағы» басқа шаруа өз кезегімен жүріп жатыр. Биыл 13 миллион теңгеге жаңбырлатқыш қондырғы, өсімдікке дәрі шашқыш агрегат, тіркемелер сатып алынған. Келесі жылы 150 гектар жүгері мен 50 гектар пияз плантациясында тамшылатып суару технологиясын қолданбақ. Қашанда жаңалыққа жаны құмар, жиырма жылдан бері осы шаруашылықты табысты басқарып келе жатқан Дүйсекеңнің шығар биіктері әлі алда екені даусыз.

Құрманбек Әлімжан, «Ақ жол».