- Advertisement -

Қайырымдылық – асыл қасиет

222

- Advertisement -

Әлемді мейірім ұстап тұр. Самал желге жайқала тербелген раушан гүлдер, оның төбесінде әуелеп ұшқан қызыл-жасыл көбелектер, гүл бетіндегі ара мен тал бұтағына қонған құстың әуезді үні де осы мейірімнің, мамыражай бейбіт тіршіліктің нәтижесі. Біз неғұрлым мейірленсек, соғұрлым табиғаттың да сырын ұғып, нәзіктігін сезіне түсеміз. Әрбір мейірімді, жақсылық жасауға асық жүрекке ғаламның келбеті ашылып, ажарланып, нұрланып қоя береді.

Иә, дәл солай. Қоғамда болып жатқан түрлі құбылыс, қынжылып, қамыққан жандардың мұңы онсыз да жұқа жүйкеге салмақ. Ал оны жеңілдетудің бір жолы – ол сіздің жүрегіңізден тараған жылылықтың өлшемі болса керек-ті. Жанарын жас жуған жетімді бейтаныс адамның бауырына алдырып, бесігіне бөлеткен, үйсіз-күйсіз қалған кейуанаға баспана алып беріп, ашқұрсақ баланың қарнын тойдырып, қанағат еткізген де осы мейірім емес пе еді?!

Бүгінде облыс бойынша еріктілердің жұмысын жандандыру мақсатында өңірде барлығы 12 бағыт бойынша 15692 адам қамтылып, 1 209 іс-шара өткізілген. Сонымен қатар волонтерлікті дамыту бойынша бастамашыл топтар 15 шағын грант жеңіп алған. Облыс аумағында волонтерлік қызметпен құрамында 12 мыңнан аса волонтері бар 13 ұйым айналыcады. Еш ұйымға қосылмай, жеке-дара қайырымдылық жасап жүргендер де баршылық. Солардың бірі – жаңатастық Бауыржан Балғабаев. Ол Тұрар Рысқұлов атындағы жаңа экономикалық университетінде мемлекеттік және жергілікті басқару мамандығы бойынша білім алған.

Бауыржан бала күнінен адамдарға көмек қолын созып, қайырымдылық жасағанды ұнататын. «Біреуге қуаныш сыйлап, оған қажетін алып берсем» деп арман етті. 2015 жылы сол арманын жүзеге асырып, «Мектепке жол» акциясы бойынша жағдайы төмен отбасының балаларына мектепке қажетті құрал-жабдықтарды сыйлады.

Сол күннен кейін арманы алға жетелеп, ол өзінің Instagram әлеуметтік желісіндегі _baukenti атты жеке парақшасына үндеу жариялады. Онда ол оқырмандарынан жағдайы төмен отбасыларға көмектесуді өтініп: «Біз қайырымдылық жасағалы жатырмыз, атсалысуға шақырамын» деп, өзінің ұялы телефон номерін жазып қойды. Ол кезде Бауыржанның парақшасында небәрі 4 мың тіркелуші бар еді. Ал бүгінгі таңда оның парақшасына жазылушылардың саны 50 мыңға жуықтады. Қайырымды адамдардың қатары күннен күнге көбейіп, көмек қолын созатындардың саны арта берді. Жүректері жылуға, көңілдері мейірімге толы оқырмандарының арқасында тұрмысы төмен, көпбалалы талай отбасыға көмектесті. Азық-түлік, киім-кешекті айтпағанның өзінде Жаңатас қаласынан жаңа баспана да алып берген кезі бар.

– Жаңатас қаласында туып-өстім. 2015 жылы әлеуметтік парақшамдағы 4000 тіркелушіме үміттеніп, қайырымдылықпен айналысуды бастап кеткен едім. Ең алғаш осы парақшам арқылы адамдарды қайырымдылыққа шақырған сәтте 28 мың қаражат жиналса, бүгінгі таңда 2 миллион теңге жиналады. Осыдан 4 жыл бұрын Жаңатас қаласында 2 миллион 100 мың теңгеге мұқтаж отбасыға 2 бөлмелі пәтер кілтін табыстағанда, өзіме біреу пәтер сыйлағандай қуанғаным есімнен кетпейді. Мен өз кейіпкерлерімнің мекенжайын бірде ұстаздарымнан алсам, енді бірде әлеуметтік желі арқылы табамын. Тараздағы балалар үйіне, Қаратау қаласындағы қарттар үйіне барып тұрамыз. Қандай жағдай болмасын, өзіне көмек қажет адамдарды тауып, оларға қуаныш сыйлаған сәттегі сезімді бастан кешіру де бір бақыт екенін жан-тәніммен ұғынамын. Бүгінде республикалық «Қарекет» қайырымдылық қорының Сарысу ауданындағы еріктісімін. Осы қорға да мұқтаж жандарды тауып, құжаттарын рәсімдеп, арнайы видео-фото материалдарды жинақтап, ұсынамын. Осы қор арқылы Жаңатас қаласында 2 жылдың ішінде 5 отбасына баспана сыйладық. Бұл да мен үшін үлкен мәртебе, – дейді Бауыржан.

Қоғамнан қағажу көріп, тағдыр тәлкегінен қиындыққа ұшыраған жандарға көмектесу арқылы шүкіршілік етіп жүрген жігіт жер бетінде бір адамға болса да қолғабыс көрсетіп, бір адамның болса да көз жасын сүрткеніне қуанады. Оның ойынша жамандық көп насихатталса, жастар сол жамандықтың артынан еріп кетеді. Жамандық онсыз да болып жатыр. Сондықтан ол жақсылық жасай отырып, жастардың көңілін соған көбірек аударғысы келеді.

Ол адамнан адамға жылылық қана қажет екенін біледі. Және оның өзгеге сыйлаған жылылықтан өзінің де жылынып жүрген жайы бар. 2016 жылы болған оқиға әлі есімнен кетер емес.

– Бірде азық-түлігімді алып, көпбалалы отбасыға бардым. Балалар қуаныштан көздері жайнап кетті. Олар үлкендерге қосылып, алғысын айтып қала берді. Мен сыртқа шығып, қайтуға оқталдым. Сол сәтте далаға жүгіріп шыққан ересек бала тыста ойнап жүрген қарындасын шақырды. Ойыны қанбаған қыз бара қоймады. Сонда әлгі бала қуанышты үнмен «Бір аға алма, шоколад әкеп берді. Жүр тез, жеп алайық. Бәрі сені күтіп отыр», деді. Сонда бұл үйдің бөпелері тәттілерді тек біреу әкеп бергенде ғана жейтінін ұқтым. Ал ата-анасының тапқан нәпақасы күнделікті қажеттіліктерінен артылмайды, – деген ол осы оқиғаны есіне алған сайын қайырымдылық жасауға деген құлшынысы арта түсетінін айтты.

Бауыржан «Асар» жобасына да үлесін қосып жүр. Ол өзінің әрбір ісін әлеуметтік желі арқылы бөлісіп, өзі бастаған іс-шараға адамдарды жұмылдырып, еңбек етуге, әлдекімге сауапты іс жасап, қайырымды болуға үгіттейді.

Сарысу ауданы, Арыстанды ауылындағы мешітке де есеп ашып, қаражат жинауды ұйымдастырды. Мерекелерде қыз-келіншектерге құшақ-құшақ гүл сыйласа, бірде қыстың көзі қырауда жол тазалап, жұмыс істеп жүргендерге ыстық шай ұсынады. Әсіресе бүлдіршіндердің қуанышын бәрінен артық көретін ол, балаларға балмұздақ таратуды да әдетке айналдырған.

– Ұлымның есімін Бауыржан Момышұлы атасы сияқты елін сүйген азамат болсын деген ниетпен, қайын ағам қойған еді. Бала күнінен көпшіл болып өсті. Сахнаға шығып, концерт жүргізді, бала күнінен белсенді болады. Енді, міне, «елін сүйген ер менің ұлымдай болсын» деп әрбір ізгі ниетіне қуанып жүрген жайым бар. «Баласы атқа қонса, анасы тақымын қысады» демекші, мен де Бауыржан әрбір істі бастағанда, Алладан жолын оңғаруын тілеймін. Мұқтаж жандарға көмектесіп, әсіресе біреуге баспана алып берген сәттерін көргенде, өзім де үй алғандай әсерде боламын. Ана жүрегіммен ұлымның елге жасаған жәрдемі, қамқорлығы өзінің де алдынан шықса екен деп тілеймін. «Көп тілегі – көл» демекші елдің батасын алған ұл жаман болмайды деп ойлаймын, – дейді анасы.

«Атаңның баласы болма, адамның баласы бол» деген сөздің мағынасы да осы болса керек.

 

 Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ

Сарысу ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support