- Advertisement -

Экотуризмді дамыту мүмкіндігі жоғары

83

- Advertisement -

Бірлігі мен ынтымағы жарасқан, қоғамдық-саяси жағдайы тұрақты, табиғаты мен климаттық мүмкіндіктері туризм саласын дамытуға қолайлы ауданның бірі Жуалы. Сондай- ақ ауданның географиялық тұрғыдан тиімді орналасуы инвесторларды қызықтырып отыр. Сонымен қатар бүгінгі таңда туризм саласы уақыт талабына сай «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы аясында цифрландырылуда. Бұл – өңір туризмінің дамуына және жарнамасына зор әсерін тигізіп келеді.

Кеңес Одағының Батыры Бауыржан Момышұлы мен Халық жазушысы Шерхан Мұртазаның әңгімелеріне арқау болған Ақсай мен Көксай, Теріс өзені талайды тамсандырғаны анық. Түстігіндегі Ақсай, Көксай шатқалдары, теріскейіндегі Берікқара шатқалы келушілерді ғажап табиғатымен баурап алады. Осындай бай өлкеде туристік орталықтар енді- енді жанданып келеді.

Жуалы ауданы әкімдігі кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің басшысы Марат Қасымбековтің айтуынша, бүгінгі таңда Жуалы ауданы аумағында Берікқара шатқалындағы «Тау самалы» жазғы сауықтыру орталығы мен «Теріс-Ащыбұлақ» су қоймасы жағалауындағы «Солнечный берег» демалыс аймағы жұмыс істеп тұр. «Тау самалы» 150 орынға шақталған. Онда жыл сайын көктемде «Қызғалдақ» фестивалі өтеді. Бірнеше жыл бұрын сауықтыру орнына жөндеу жұмыстары жүргізіліп, жол салынды. Ал «Солнечный берег» демалыс орталығы жыл бойы жұмыс істеп келеді. Демалыс орталығында кафе, 10 орындық қонақүй, киіз үйлер мен жаздық шағын үйлер бар. Нысанның иесі, жеке кәсіпкер Олег Сарафинов демалыс аймағынан су спортын дамытуды да жоспарлауда.

Сонымен қатар «Теріс-Ащыбұлақ» су қоймасының астында жұмыс істеп жатқан «Орлёнок» сауықтыру жазғы демалыс орталығы да облыс тұрғындарының сүйікті демалыс орнына айналып кеткен. Бүгінде ол орталыққа отандастарымыз бен шет мемлекеттен келіп демалушылардың да қарасы қалың. Ол да аудандағы туризмнің дамуына өз үлесін қосуда. Осылайша жергілікті кәсіпкерлердің уақыт талабына сай өлкеміздің көрікті жерлерін туристік аймаққа айналдыра бастағаны байқалады.

Бұдан бөлек, ауданда жұмысы тұралап тұрған екі жазғы сауықтыру орталығы бар еді. Біреуі Қаратау қойнауындағы Берікқара шатқалындағы «Берікқара» жазғы сауықтыру орталығы болса, екіншісі – Кеңес Одағының Батыры Дмитрий Пахомов атындағы пионер лагері. «Берікқара» жазғы с ауықтыру орталығын Билікөл ауылдық округіндегі Миразовтар отбасы өз қарауына алып, жыл бойы жұмыс істейтін 300 орындық отбасылық демалыс орталығына айналдырған. Қазір Берікқара шатқалының сұлу табиғаты мен көрінісіне, сирек кездесетін ағаштары мен өсімдіктерін көруге туристер жан-жақтан келіп, демалуда. Ал Дмитрий Пахомов атындағы пионер лагері әзірге қаңырап бос тұр. Оны жөндеп, баяғы қалпына келтіріп, жандандырар кәсіпкер табылмай келеді.

Жуа лы ауданындағы туризм саласында аяқсыз қалып тұрған тағы бір жоба – «Қаралма» тау-шаңғы кешені. «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық автожолының бойындағы Тәттібай Дүйсебайұлы ауылының үстіндегі Қаралма тау бөктерінде орналасқан тау-шаңғы кешенінің құрылыс жұмыстарының жүргізіліп жатқанына бес жылдың жүзі болды. Осы жылдар аралығында бірнеше мердігер ауыстырған кешеннің қазіргі құрылыс жұмысын жергілікті «Таразстрой-2004» ЖШС міндетіне алған.

Жуалы ауданының әкімі Жалғас Мұртаза да тау-шаңғы кешенінің қазіргі жағдайынан жақсы хабардар. «Қаралма» тау-шаңғы кешенінің құрылыс жұмыстары 2018 жылы басталып, одан кейінгі екі жылда құрылыс жұмыстары жақсы жүргізілді. Бірақ оның инве сторы кейінгі жылдары қаржылық қиындықтарға байланысты құрылыс жұмыстарын жалғастыра алмады. Бұл аралықта инвестор бірнеше ғимарат пен негізгі кешеннің біраз құрылыс жұмысын аяқтап та қалған. Ал билік тарапынан инве сторға қажетті қолдаудың барлығы көрсетілді. Жол салынды, жарық пен газ құбыры тартылды. Қалған жұмыс инвестордың жеке қаржысы есебінен жүргізілуі тиіс болатын. Бірақ, арада инвесторлар ауысты. Шынын айтқанда, бұл жоба 100 пайыз жеке инвестордың күшімен атқарылатын шаруа. Оның нысанды қашан пайдалануға беретінін біз де дөп басып айта алмаймыз», дейді Жалғас Әлижанұлы.

Дегенмен аудан басшысы өз сөзінде бүгінгі инвестор алдағы уақытта жазғы демалыс орнын ашып, одан кейін тау-шаңғы кешені жобасын іске қосуға ниетті екенін жеткізді.

Сонымен қатар әкім ауданда экотуризмді дамыту мүмкіндігінің жоғары екенін де айтты. Ол үшін Көксай шатқалы таңдап алынған. Екі жыл бұрын қолға алынған «Көксай» туристік орталығы қазірден-ақ көп туристің жүрегіне жол тауып үлгерген. Онда құрылысы жүріп жатқан нысандар мен қонақүйлер, асхана мен киіз үйлер демалушылар үшін таптырмас орынға айналған. Сонымен қатар Көксай шатқалының түкпірінде, яғни, «Ақсу-Жабағылы қорығына қарайтын аймақта орналасқан Айнакөлді көруге қызығушылар қатары да жыл санап артуда. Оның жарнамасының өзі талай туристі осында келуге ынталандырып отырғаны белгілі. Бұл да өңірдегі экотуризмге жол ашатын бағыттың бірі болғалы тұр.

Алдағы уақытта Көксай шатқалында салынып жатқан жаңа демалыс орт алығында ел спортшылары халықаралық және олимпиадаларға дайындалатын болады деген жоспар да бар. Ол алдағы уақыттың еншісінде. Ал аудан әкімі Жалғас Мұртаза алдағы жылы ауданда экотуризмді дамыту мақсатында туристерге тау ішіндегі жаяу жүргінші бағыттарын ашпақ ниетте екенін жеткізді.

Бұдан кейін ауданда туристердің көп баратын орны «Шақпақ әулие» үңгірі. Ол Шақпақата ауылының оңтүстігіне қарай 600 метрдей жерде, Шақпақ қа лашығының шығыс беткейінде, шоғыр тау жыныстарында орналасқан. Тереңдігі 5,5-6, биіктігі 2,5 метрді құрайды. Оны жұрт «Шақпақ әулие» атап, ол жерге барып зиярат етеді. Онда еліміздің түкпір-түкпірінен дертіне шипа іздеп, кие тұтып келетіндердің қарасы қалың. Келгендер үңгір алдындағы шетікке ырым етіп шүберек байлап барып, ішке кіреді. Әулиенің басына күтім жасап отыратын шырақшысы бар. «Шақпақ әулие» үңгірінен 200 метрдей жерде әулие бастауы бар. Халық оны «Шақпақ әулиенің бастауы» деп құрмет көрсетеді, суын емге пайдаланады. Бұл жерге де кәсіпкерлердің қолдауы керек-ақ.

Бүгінде Теріс өзені жағасындағы ортағасырлық қала жұрты Баркуаб қалашығында бес жылдан бері қазба жұмыстары жүргізіліп келеді. Ол Теріс өзенінің оң жағалауында орналасқан. Бұл қалашық орнына XIX ғасырда В.Бартольд пен В.Каллаур зерттеу жүргізіп, хатқа түсіріп кеткен. Бұл қалашық бірқатар тарихшылардың және саяхатшылардың еңбектерінде аталған. Бес жылдан бері жүргізіліп жатқан қазба жұмыстары барысында ол қорғаннан көп жәдігерлер табылды. Ел тарихшылары ол қаланың жасын біздің дәуірімізге дейінгі ІІ, біздің дәуіріміздің І ғасырларына, Қаңлы мемлекеті кезеңіне жатқызады. Елімізде біздің дәуірімізге дейінгі қаланың бүтін табылуы әлем тарихшыларын қызықтырып отырғаны анық. Көне қала жұрты орналасқан қорғанды алдағы уақытта тарихи орталыққа айналдыру жоспарлануда.

Өңірдегі негізгі туристік нысандар тізіміне «Бауыржан Момышұлы» мемориалдық музейі, «Бауыржан Момышұлы» ескерткіші, «Қаралма» тау-шаңғы кешені, «Баркуаб» қалашығы, «Теріс-Ащыбұлақ» су қоймасы, «Шақпақ әулие» үңгірі, «Беріққара» обалар қорымы, Берікқара шатқалы, және Көксай шатқалы кіреді.

– Алғашқы кезектегі міндеттердің бірі – қазіргі заман талабына сай туристік инфрақұрылымды дамыту болғандықтан, негізгі туристік нысандардағы келушілерге қолайсыздықтар мен жағымсыз әсерлер тудыратын кемшіліктерді жойып, оларды әрі қарай жаңарту, цифрландыру, көркейту бағытында нақты шаралар қабылдау қажет.

Түгендеу жұмысының қорытындысы бойынша үш нысанға («Баркуаб» қалашығы, Көксай шатқалы, «Шақпақ әулие» үңгірі) автожолдар, автотұрақтар салу, санитариялық-гигиеналық тораптар орнату, «Баркуаб» қалашығына электр желісін тарту, барлық нысандардағы ақпараттық тақтайшалар мен жолсілтегіштерді ауыстыру, қоқыс жәшіктерін, орындықтар, сұхбатжайлар орнату, әр нысанға паспорт жасау, QR- кодтағы ақпаратты қажеттілігіне байланысты жаңартып отыру қажет, – дейді аудандық өлкетану музейінің қызметкері Дәулетжан Байдалиев.

Берікқара шатқалында «Берікқара» ерекше қорғауға алынған мемлекеттік т абиғи (біріктірілген) қаумалы орналасқан. Қаумалдың жалпы алаңы 17500 гектар алқапты құрайды. Өсімдіктер – жабайы а лма ағашт арының сирек кездесетін түрлері, Соғды шағаны, Берікқара терегі, Грейг қызғалдағы. Жануарлардан арқар, құстардан ұлар, дуадақ, безгелдек кездеседі. Қаумал құрамына Саясу, Жұрындысай, Берікқара, Шымырбайсай, Ақсақалсай табиғи шатқалы кіреді. Ол республикалық дәрежедегі мемлекеттік тарих және мәдениет ескерткіштерінің тізіміне енген. Топографиялық түсірілімдер нәтижесінде Берікқара өзенінің қос жағалауынан барлығы 411 оба тіркеуге алынған.

Ауданда 360 тарих-мәдени ескерткіш бар. Туристерді қабылдайтын 5 қонақүй, бір балалар лагері, 11 кафе-мейрамхана мен алты демалыс орталығы жұмыс істейді.

– Біз ауданда туризмді дамытуға мүдделіміз. Өйткені ауданымыз туризмді дамытуға қолайлы жерде орналасқан. Аумағымыздан «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізі өтеді. Оның әлеуетін әлі толық пайдалана алмай келеміз. Жалпы, ауданның жағырапиялық орналасуы өте тиімді. Тараз бен Шымкент шаһарлары бізге жақын. Соған қарап өңірімізде туризм саласы тез дамиды деген ойдамыз, – дейді аудан әкімдігі кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің басшысы Марат Қасымбеков.

 

 

Марат ҚҰЛИБАЕВ

Суреттерді түсірген

Ақәділ РЫСМАХАН.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support