Мәдениет

Үздік жастар марапатталды

Үздік жастар марапатталды

Жамбыл өңіріндегі жастарды қолдау мақсатында қолға алынған «Әулиеата үміті» сыйлығы биыл да өз иелерін тапты. Әр саладағы үздіктерге берілетін облыс әкімінің арнайы сыйлығын тапсыру салтанаты өңір жастарының жетістіктері туралы көрмені тамашалаудан басталды. Кездесуге облыс әкімі Нұржан Нұржігітов арнайы қатысты.

Биыл сыйлыққа 15 номинация бойынша халықаралық, республикалық және облыстық жарыстардың, байқаулардың, фестивальдер мен көрмелердің лауреаттары, жүлдегерлері, қоғамдық өмірге белсенді араласқан, мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыру мен жетілдіруде жаңашыл бастамаларымен ерекшеленген 113 жастан өтінім түсті. «Әулиеата үміті» облыстық жастар сыйлығын тағайындау жөніндегі комиссияның шешіміне сәйкес әр сала бойынша 15 жас үздік деп танылды. Тәуелсіздік алғаннан бері елімізде жастардың заманауи білім алып, денсаулығын сақтап, тұлғалық тұрғыдан жан-жақты дамуына, еңбекке етене араласуына барынша жағдай жасалып келеді. – Кешегі бабалардың ізін жалғап, халқының үмітін, сенімін арқалаған жас буынға еліміздің ізгі мұратына жету жолында сәттілік тілеймін. Алаш қайраткері, ақын Мағжан Жұмабаев «Арыстандай айбатты, жолбарыстай қайратты» жастарға зор сенім артқан. Ел ертеңі мен ұлт тағдыры жастарға тікелей байланысты. Жас буын мемлекеттік саясатқа белсенді араласып, ел экономикасын ілгерілетуге қызығушылық танытуға тиіс. Облыста жастар саясатын жүзеге асыруға соңғы үш жылда 2,7 миллиард теңге қаржы бөлінді. Бұл – жастарды еңбекқорлыққа баулып, олардың бастамаларына көрсетілген қолдау, – деді сыйлық тапсыру рәсімінде облыс әкімі Нұржан Нұржігітов. Саланы ілгерілету мақсатында мемлекеттік жастар саясатын дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған «Әулиеата жастары» өңірлік бағдарламасы жүзеге асырылып отыр. Бағдарлама аясында облыс жастарына жеңілдетілген несие беруге арналған жоба шеңберінде жергілікті бюджет есебінен 500 миллион теңге қаралып, жастарды қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз етуге және жас отбасыларға қолдау көрсетіліп жатыр. Жоба аясында барлығы 619 өтінім қабылданып, 67 қатысушыға «Отбасы банкке» жолдама берілді. Бүгінгі күнге 33 қатысушының өтінімі мақұлданып, оның ішінде 25 қатысушы баспаналы болды. Алдағы 2023 жылы жоба аясында баспанамен қамтылатын жастардың санын арттыру мақсатында «Отбасы банкпен» бірлесе отырып, қаржыландыру көлемін төрт есеге арттыру жоспарланып отыр. «Әулиеата үміті» облыстық жастар сыйлығының иегері атанғандардың қатарында әріптестеріміз де бар. Атап айтсақ, «Aulieata-Media» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне қарасты «Ar-Ai» жастар газетінің тілшісі Шапағат Әбдір «Үздік жас жазба ақын» номинациясын иеленсе, серіктестікке қарасты «Jambylinfo» ақпараттық сайтының тілшісі Диана Орынбасар «Үздік жас тележурналист» атанды. Салтанатты жиында «Әулиеата жастары» өңірлік тұрғын үй бағдарламасы аясында 3 қатысушыға баспана кілті табыс етілді.  

Қамар ҚАРАСАЕВА