- Advertisement -

Құрылыс қарқыны толастамайды

112

- Advertisement -

Көкжиекпен көмкерілген жазира далада аспанмен таласқан ғимараттар сән жарастырып, сәулет өнерінің салтанатын құрып тұрса, қандай жарасымды. Облыс әкімдігінің сәулет және қала құрылысы басқармасының негізгі мақсаты да осы – халық арасында туындайтын қатынастарды реттеуге және халық мекендейтін және тіршілік ететін толымды ортасын қалыптастыруға, елді мекендер мен қонысаралық аумақтарды тұрақты дамытуға бағытталған.

Осыған орай, облыстың сәулет және қала құрылысы саласы бойынша биыл әзірленген бірқатар ауқымды жобалар, Тараз қаласын және елді мекендердің өзіндік кескін-келбеті мен көркемдік сәулетін қалыптастыру, шаhарды тұрақты дамыту, мейлінше көркейту, абаттандыру және көгалдандыру мақсатында мақұлданған жобалар іске асырылды.

Жалпы өңірімізде 4 қала және 367 елді мекен толық қала құрылысы жобаларымен қамтамасыз етілген. Мұның ішіндегі 33-і бас жоспармен, ал 338 елді мекен бас жоспардың оңайландырылған нұсқасымен қамтамасыз етіліп, аудандық мәслихаттардың шешімдерімен бекітілген.
Қазіргі таңда «Қала және ауылдық елді мекендерде құрылыс салу, қала құрылысын жоспарлау» Ережесіне сәйкес, бас жоспар мен оңайландырылған нұсқаларының пайдалану мерзімі 5-7 жыл болуына және жеке тұрғын үй құрылысы үшін берілетін жер теліміне кезекке тіркелген азаматтардың санының өсуіне байланысты қала мен аудан әкімдіктері тарапынан барлығы 43 елді мекеннің бас жоспар мен бас жоспардың оңайландырылған нұсқаларына түзетулер енгізілуде.

Мұнымен қоса, 34 елді мекеннің, атап айтсақ, Тараз қаласының, Қордай ауданында Қордай, Бетқайнар, Еңбек, Өтеген, Үлкен Сұлутөр, Қақпатас, Кенен, Сарыбұлақ, Сұлутөр, Қайнар, Жамбыл ауданында Ақбұлым, Тоғызторау, Қаратау, Құмсуат, Шу ауданында Көкжиек, Жайсан, Сауытбек, Далақайнар, Бәйдібек, Белбасар, Еңбекші, Жаңа жол, Көктөбе, Балуан Шолақ, Жиделі, Шоқпар, Көкқайнар, Мойынқұм, Еңбек, Жиенбет, Абай, Тасөткел, Ақтөбе ауылдарының бас жоспар мен бас жоспардың оңайландырылған нұсқалары қаралып, өзекті мәселелері жан-жақты талқыланып, бірқатар ұсыныстар берілді.

Меркі ауданындағы Меркі, Сарымолдаев, Жамбыл, Ойтал, Меркі шипажайы, Ақарал, Екпінді, Плодовоягодный, Интернациональный секілді қалған 9 елді мекеннің бас жоспары мен бас жоспардың оңайландырылған нұсқаларына аудан әкімдіктері тарапынан жобалау жұмыстары жүргізілуде. Ол жұмыстар аяқталғаннан кейін басқармада өтетін техникалық кеңес мәжілісінде қаралып, ұсыныстар берілетін болады.

Енді облыс бойынша жобалық-сметалық құжаттамалардың жайына келер болсақ, жыл басынан бері «Сәулет бюросы» мекемесіне 164 жобалық-сметалық құжаттама келісуге ұсынылды. Оның ішінен 85 жоба мақұлданды. 36 жобаға ұсыныстар беріліп, 17 жоба қайта пысықтау үшін қайтарылды, 26 жоба келісуден бас тартылды. Себебі жобаларды зерделеу барысында нысандар құнының негізсіз, тым қымбат болуы, тапсырыс беруші тарапынан тиісті жұмыстардың жүргізілмеуі, құрылысты жоспарлау барысында нысанның орналасуы елді мекеннің бас жоспары мен бас жоспардың оңайландырылған нұсқасына сәйкес келмеуі, келісімшартқа сәйкес, жаңадан әзірленуі тиіс жобалардың басқа жобалардан көшіріліп жазылғаны, жобаланып жатқан құрылыстың сыртқы желілері, қолданыстағы инфрақұрылымға қосылу үшін су, жылу, электр желілері алыс қашықтықтан жобалануы және Қазақстан Республикасы ережелер жинағының талаптары мен нормалары сақталмағаны анықталып, бұл жобалар келісуден бас тартылды.

Алдағы уақытта жоғарыда аталған кемшіліктер қайталанбас үшін ең алдымен құрылыстың мақсаты мен қажеттілігіне талдау жүргізу қажет. Оны жоспарлау барысында салалық басқармамен келісім алынып, жобалаушы тарапынан әзірленген жобалық-сметалық құжаттаманы толық қабылдамастан бұрын «Сәулеттік бюромен» алдын ала талқылау керек. Сондай-ақ тапсырыс беруші мен жобалаушы арасында тұрақты байланыс болғаны жөн. Бұл ұсыныстар Тараз қаласы мен аудан әкімдіктерінің назарында және осы бағыттағы жұмыстар басқарманың тұрақты бақылауында.

Келесі бір өзекті мәселенің бірі – облыс бойынша қызыл сызық нормасы мен шекарасын бұзып құрылыс жүргізілген нысандар мен сауда дүңгіршектері.

Біздің басқарма мен Тараз қаласының, аудан әкімдіктерінің мамандары бірлесіп, ауылдық округ әкімдерінің қатысуымен, былтыр зерделеу жұмыстарын жүргізу барысында қызыл сызық нормасын бұзған 80 нысан мен сауда дүңгіршектері анықталған болатын. Бүгінгі күнге осы 80 нысанның 19-ына шара қолданылды.

Атап айтар болсам, Тараз қаласында – 3 нысан, Жамбыл ауданында – 1, Байзақта – 5, Жуалыда – 1, Қордайда – 1, Меркіде – 2, Сарысуда – 3, Таласта – 1, Шуда – 2 нысан. Қалған 61 нысанға Тараз қаласы мен аудан әкімдіктері тарапынан Қазақстан Республикасы заңдары талаптарының шеңберінде тиісті шаралар қабылдау жұмыстары жүргізілді.

Басқарма тарапынан әр жыл сайын сәулет саласы бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға мониторинг жүргізіліп отырады. Осы бағытта биыл 23 мамыр мен 10 маусым аралығында да басқарма мамандарымен мониторинг жұмыстары жүргізіліп, нәтижесінде аудан орталықтары бойынша 13 нысан қосымша анықталып, оның 2 нысаны бұзылып алынды да, қалған 11 нысанға шара қолданылуда.

Мемлекеттік қала құрылысы кадастры жайына тоқталар болсам, Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен «Инженерлік инфрақұрылымды дамыту мәселелері» қаралған жиналыста «Мемлекеттік қала құрылысы кадастры» автоматтандырылған ақпараттық жүйесіндегі инженерлік желілер туралы деректерді толық цифрландыруды қамтамасыз ету тапсырылды. Премьер-Министр Әлихан Смайыловтың «Цифрландыру, ғылым және инновациялар есебінен технологиялық серпіліс» ұлттық жобасына сәйкес, инженерлік желілерді түгендеу және цифрландыру жөніндегі іс-шараларды қаржыландыру тапсырылған болатын.

Соған сәйкес, аудан орталықтарының жаңадан қосылған алқаптары – Аса 67,50 гектарға, Меркі – 246,78 гектарға түгенделіп, мемлекеттік қала құрылысы кадастры республикалық мемлекеттік кәсіпорнының облыс бойынша филиалына ұсынылды.

Сонымен қатар халық саны 5 мыңнан жоғары елді мекендер, оның ішінде Жамбыл ауданы – Жалпақтөбе, Пригородное, Айша бибі ауылдары 1 342,61 гектарға, Байзақ ауданы – Бурыл, Құмжота ауылдары 807,88, Қордай ауданы – Ауқатты, Булар батыр ауылдары 605,60 гектарға, Меркі ауданы – Сарымолдаев, Плодовоягодное, Екпінді ауылдары 1000 гектарға, Т.Рысқұлов ауданы – Луговой ауылы 816,70 гектарға қаражат бөлініп, барлығы 210,529 миллион теңгеге түгендеу жұмыстары жүргізілуде.

Жыл соңына дейін межеге сәйкес, инженерлік желілерді түгендеуді аяқтау жоспарлануда.
Тағы бір елеулі мәселенің бірі – жеке тұрғын үй құрылысы үшін берілетін жер телімдері. Биыл 11 ай ішінде жер кезегіне Тараз қаласы мен аудандар бойынша жалпы саны 55832 азамат тіркелді. Жалпы облыс бойынша жер алуға 184971 адам кезекте тұр.

Жер кезегіне азаматтардың көп тіркелу себептерінің бірі – биыл сәуір айынан бастап жер кезегіне тіркелу www.egov.kz «электрондық Үкімет» веб-порталы арқылы электронды нұсқаға ауысуы және жер кезегіне азаматтардың қайталанып тіркелуі болып отыр.

Бұл бойынша Тараз қаласы мен аудан әкімдіктері жер кезегіне қайталанып тіркелген азаматтарға талдау жұмыстарын жүргізіп, нақты қажеттілікті анықтау қажет.

Тараз қаласы мен аудан әкімдіктерінің берген мәліметтеріне сүйенсек, осы жылы жер кезегіндегі азаматтарға жалпы 4865 жер учаскесін беру жоспарланған болатын. Оның ішінде 11 айда 1822 жер учаскесі таратылды. Мұның 1387 учаскесі осы жылға жоспарланған аумақтан берілсе, 3601 учаске 2021 жылдан өтпелі. Қалған 3118 жер учаскесін алдағы уақытта беру жоспарланды.

 

Айтқазы ҚАРАБАЛАЕВ,

облыс әкімдігі сәулет және қала құрылысы
басқармасының басшысы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support