- Advertisement -

«Адал ұрпақ» жобасы – іс жүзінде

48

- Advertisement -

Елімізде сыбайлас жемқорлықты түбірімен жоюдың бірегей жолы – баланы жас кезінен бойына адалдық дәнін егіп, тәрбиелеу болса керек. Бұл үшін балабақшалар мен мектептерде адалдыққа үндейтін шараларды көптеп өткізудің маңызы жоғары. Осы бағыттағы адалдық сағаты жақында Тараз қаласындағы №12 мектеп-гимназиясында ұйымдастырылды. Оған ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс- қимыл агенттігі облыс бойынша департаменті Превенция басқармасының бас маманы Гүлназ Бақытжанқызы қатысып, оқушылармен, мектеп ұжымымен кездесті.

Мектепте «Адал ұрпақ» ерікті мектеп клубының іс- шаралары бірнеше жылдан бері тұрақты жүргізіліп келеді. Мұнда, ең алдымен, балаларға рухани-адамгершілік пен азаматтық-патриоттық тәрбие беру, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру басты назарға алынған.

– Халықтың мүддесін өз жағдайынан жоғары қоятын, адалдық, бауырмалдық, адамгершілік секілді асыл қасиеттерді бойына жинай білген ұрпақ тәрбиелеу – барлығымыздың борышымыз. Болашақ ұрпағымызға тек білім берумен шектелмей, адал еңбек етуді де үйретуге тиіспіз. Мұндағы адал еңбек деп отырғанымыз әр тұлғаның еліне адал қызмет етуі және «бармақ басты, көз қысты» әрекеттерден аулақ болуы. Болашақтың иесі саналатын жас ұрпақ жағымсыз қылықтардан аулақ болуы үшін мектеп қабырғасынан бастап тәрбиені осы бағытта жүргізу маңызды. Баланың мінезі азаматтық көзқарасы, ата-ана, мектеп, мұғалім, жүрген ортасы арқылы қалыптасады. Бала дүниеге ақ қағаздай тап-таза күйінде келеді. Қағазға таңбаны қалай салсаң, солай түседі. Бала тәрбиесі де осыған ұқсас. Бүгінде білім беру мекемелері де осы қағиданы ескеріп, оқушылардың бойына әділдік, адалдық қасиеттерді қалыптастыру мақсатында жаңа жобаларды қолға алып отыр. Сондай жобалардың бірі – «Адал ұрпақ» еріктілер клубы. Мектеп оқушылары арасында сыбайлас жемқорлыққа мүлдем төзбеушілік қағидатын қалыптастыруды көздеген жоба Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің бастамасымен, Оқу-ағарту министрлігінің, жергілікті әкімдіктің қолдауымен жүзеге асырылуда. Міне, осы жоба біздің мектебімізде де қолға алынып отыр. Клуб мүшелері қоғамның жегі құрты саналатын жемқорлыққа қарсы мәдениетті нығайтуға арналған түрлі іс-шараларды ұйымдастырып отырады, – деді аталған мектеп-гимназия директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Қарлығаш Қапарова.

Сыбайластық әрекеттердің тек соған қатысушыларды ғана жапа шектіріп қоймай, істің ілгерілеуіне, сол арқылы бүтін бір елдің өркендеуіне кедергісін келтіретінін нақты фактілермен әңгімелеген Гүлназ Бақытжанқызы:

– «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деп Мұхтар Әуезов айтқандай, ертеңгі ел тұтқасын ұстайтын бүгінгі балалардың бойына біз не сіңіре алсақ, келешекте соны көреміз. Сондықтан да «Адал ұрпақ» жобасымен жасөспірім тәрбиеленетін мекемелерде түрлі форматтағы кездесулер өткізіп тұрамыз. Сыбайлас жемқорлықпен күреске жасөспірімдердің ерікті түрде белсене араласуы еліміздегі жағымсыз әрекетті барынша азайтуға үлкен септігін тигізері анық. Әрбір білім беру мекемелерінде ұйымдастырылған осы мақсаттағы іс-шараларға балалар қатысып, өздеріне құқықтық білім алып, дүниенің ақ-қарасын ұғынып жүр деп ойлаймын.

Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы бүкіл адамзаттың назарын қоғам дертіне айналған жемқорлыққа аударып, оған қарсы қоғам болып ымырасыз күресуге шақыру мақсатында 9 желтоқсанды Халықаралық жемқорлыққа қарсы күрес күні деп жариялады. Бұл күн 2004 жылдан бастап дүние жүзі мемлекеттерінде жыл сайын аталып өтеді. Осының өзі жемқорлық тек бір елді емес, барша әлемді толғандыратын мәселе екенін аңғартады. «Ар-ожданы бар адам – адал. Сізде білім мен қабілет әрі ептілік болсын, бірақ егер ар-ожданыңыз болмаса, менен мейірімділік күтпеңіз. Намыс өлімнен күшті», деп Бауыржан Момышұлы әрдайым тек шындықты айтуды, арды бәрінен биік қоюды, адал болудың қаншалықты маңызды екенін өсиеттеген. Осындай ұлағатпен бала тәрбиелесек, еліміздің келешегі кемел болары сөзсіз, – деп аталған тақырыпта түсірілген бейнетүсірілімді оқушылар назарына ұсынды.

Балаға тыйым сөздерді жалаң айтумен санасына сіңіре алмайтынымыз белгілі. Мектепте өткен адалдық сағаты осыны назарға алып, жемқорлықтың қасіретін бейнетүсірілім арқылы дәлелді түрде көрсетті. Кездесу соңында оқушылар көкейіндегі сауалдарын қойып, ашық пікір алмасты.

 

Қамар ҚАРАСАЕВА

Тараз қаласы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support