- Advertisement -

Имандылық – барша ізгіліктің бастауы

270

- Advertisement -

Қазақстанның бүгінгі өмірінде ислам факторы үлкен мәнге ие. Бұл бір жағынан қуантса, екінші жағынан ислам дінін өз мүдделерін жүзеге асыру жолында пайдаланғысы келетін діни радикалды топтардың белсенділігі алаңдатпай қоймайды. Соңғы жылдары әлемде орын алған түрлі лаңкестік оқиғалардың барлығын да исламмен байланыстырып, күллі әлемде исламофобия адамдар санасына сіңіріліп жатқаны бәрімізге мәлім. Осылайша, діни экстремизм мен терроризм секілді тақырыптар жаһандық мәселеге айналды. Бұл үдеріс біздің еліміздегі діни жағдайға да өз салқынын айтарлықтай тигізіп отыр.

Баршаңызға белгілі, еліміздің Тұңғыш Президенті «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты мақаласында: «Біз жаңғыру жолында бабалардан мирас болып, қанымызға сіңген, бүгінде тамырымызда бүлкілдеп жатқан ізгі қасиеттерді қайта түлетуіміз керек», – деген болатын. Демек, бұл – рухани жаңғыру жұмыстарында дәстүріміз бен қазіргі қоғамда қалыптасқан құндылықтарды үйлестіре отырып, рухани дамудың жаңа белестерін бағындыру деген сөз. Бұл бағыттың қазіргі діни қадамдарымызға да әсері бар.

Қазақстан қоғамында діни тұтастықты қалыптастыру жолында Ханафи мәзһабын дамытудың ғылыми әрі идеологиялық негіздері мен оны орнықтыру стратегиясын жасау қажет. Жинақталған ғылыми мәліметтер негізінде еліміздің рухани біртұтастығын сақтау, сондай-ақ қоғамдық бірізділікті қамтамасыз ету жолында маңызды рөл атқаратынын тарихи салыстырмалы әдіс негізінде талдап, пайымдау арқылы іргелі ғылыми еңбектер жазу мемлекет тарапынан тікелей қолға алынып, білікті мамандарды тарту арқылы кең көлемді ғылыми жоба жасау – кезек күттірмейтін іс. Бұған біздің ғылыми һәм идеологиялық базамыз жетеді.

Дін мәселесіне келгенде өткен жолдарды сызып тастауға болмайды. «Біз мұсылманбыз, оның ішінде Әбу Ханифа мәзһабын ұстанатын сүнниттерміз. Бабаларымыз ұстанған бұл жол – ұлттық салт-дәстүрді, ата-ананы сыйлауға негізделген. Ендеше, бүгінгі ұрпақ та әлемдегі ең ізгі дін – ислам дінін қадірлей отырып, ата дәстүрін ардақтағаны абзал. Қазір кейбір сыртқы күштер жастарымызды ислам дінінің хақ жолынан адастырып, теріс бағытқа тартуға тырысуда. Мұндай ұлттық табиғатымызға жат келеңсіздіктерден бойымызды аулақ салуымыз керек. Біз мұсылман үмбетінің бір бөлігі екенімізді мақтан тұтамыз. Ол – біздің дәстүріміз. Бірақ бізде зайырлы қоғамның дәстүрлері де бар екенін, Қазақстан зайырлы мемлекет екенін ұмытпауымыз керек» деген Тұңғыш Президент ғасырлар бойы осы Ханафи мәзһабы мұрасы негізінде қалыптасып, қанымызға сіңген діни түсінігіміздің маңыздылығын да атап өтті. Расында, қазақ елінің діни санасының қалыптасуында сүнниттік Ханафи мәзһабы ғалымдарының сіңірген еңбегі зор. Осы мәселені біз өзіміздің діни «ішкі» сүзгі ретінде қалыптастыруымыз қажет. Онсыз біз сырттан келіп, еліміздің тұтастығын бұзғысы келетін жат ағымдарға қарсы тұра алмаймыз.

Діни тұрақтылық мемлекетіміз үшін аса маңызды. Бүгінде өңірімізде де діни ахуал тұрақты. Діни басқарманың облыстағы маманы ретінде облыс жастарының имандылық тұрғыдағы бағыттарына қадағалау жасаймын. Жастардың бірқатарында имандылық әлеміне деген жақсы талпыныс бар. Жұма намаздағы жамағаттың да көпшілігін жастар құрайды. Бұл жағдайға қуанып қарайтындар да, күмәнмен қарайтындар да бар. Ата-аналардың өзі мешітке қадам басқан баласының болашағына алаңдайды. Әрине, ол алаңдауды да негізсіз дей алмаймыз. Өйткені ислам атын жамылып, түрлі секталарды жарнамалап жүрген топтар бар. Олардың барша жамағаттың ішінде қай бұрышта, қай жерінде отырғанын, нені уағыздап жүргенін ажырату оңайға соқпайды. Ал мешіт әкімшілігі құлшылығын өтеу үшін мешітке келген кез келген адамға «Сіз кірмейсіз, себебі жалған діни топтың өкілісіз. Жастарды бұзасыз», – деп айта алмайды. Олардың сыртқы сипаты – өте сыпайы. Олардың сыртқы сипатына қарап, ештеңені ажырата алмайсыз. Сөздері де сондай әсерлі, үндері жұмсақ болуы мүмкін. Сондықтан, мешіттерде «Мынау кісі таза дәстүрлі дінді ұстаушы» немесе «Мынау кісі жат ағымды насихаттаушы» деп бөліп-жарып қарауға мүмкіндік жоқ. Бұл жерде жастар әр нәрсенің талғамына баруы тиіс. Білімі біраз жетілгенше, тек бас имам мен наиб имамдардан ғана бағыт-бағдар сұрағандары жөн. Тіпті ата-анасымен келіп, кеңес алып тұрса да болады. Сонда ата-ана көңіліндегі күдік те сейіледі.

Бізді және түрлі мешіттегі бас имамдарды өңіріміздегі жоғары және арнаулы оқу орындары жиі кездесулерге шақырып, дін бағытында сабақтарымыз бен насихаттарымызды тыңдап, имандылық тұрғысында жұмыстар ұйымдастырылады. Мұндай кездесулердің студенттерге оң әсері мол деп есептеймін. Кездесулерде біз де дұрыс ақпараттарды және ең пайдалы кеңестерді беруге күш саламыз. Себебі ел болашағы – жастардың ертеңіне біз де бейжай қарай алмаймыз. Алдағы уақытта да жастардың имандылық тұрғысынан білімін көтеруге, дұрыс бағыт беріп тұруға бар күшімізді саламыз. Барынша ізгі істерге шақыруға дайынбыз. Терең білімге ұмтылған жастар – елдің мақтанышы. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с) білім мәселесіне ерекше мән берді. Пайғамбардың (с.ғ.с) «Қытайдан болса да білім ал» деген хадисі бар. Осыдан-ақ жастардың білім алуы имандылық тұрғысынан да аса маңызды екенін білуге болады. Сауатты жастар – мемлекет абыройы. Сауатты жастар діни бағытта да, кез келген ортада да адаспай, түзу бағытта жүре алады. Себебі білімді мыңды жығады. Білімді адам барлық жетістікке жетеді.

Қазақтың далалық өркениетіне негізделген көшпелілер мәдениеті мен ұлт дүниетанымына негізделген дәстүрлі құндылықтарымызды пайымдау рухани мүддеміз бен ізгі мақсатымызды айқындайды. Халқымыздың бірлігі мен ынтымағының негіздерінің бірі – бұл ұлттық құндылықтар және ұлттық руханиятымыз. Зайырлы қағидатпен ұлттық салт-дәстүр, қазақ ойшылдарының діни ізденістері мен ұлтымыздың рухани мұрасын жастарға таныту жолымен біз келешек ұрпақты өзіндік төлтума дәстүріміз бен құндылықтар негізінде білім беріп, тәрбиелей аламыз. Дәстүрлі дін – біздің басты имандылық бағыттағы ұстанымымыз. Дәстүрлі дін – ата-бабаларымыздан ұстанған өзіміздің ізгі жолымыз. Осы жолды түсінген жастардың имандылық жолындағы жетістіктері мол болатыны, діни қауіп-қатерден аулақ болатыны анық.

 

Ержан АМАНБАЕВ,

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының облыстағы жастар ісі секторының жетекшісі.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support