- Advertisement -

Қандастарға қамқорлық

48

- Advertisement -

Қиын-қыстау заманда қазақтың басына үйірілген сан нәубет қандастарымыздың атажұртын тастап, бас сауғалап, шет жайлап, қиыр қонуға мәжбүр етті. Заман көші түзеліп, Қазақстан егемендігін алған тұста елге қарай құстай ұшқан бауырларымызды кейбіреу «оралман» деп кемсітті, кейбіреу Отанын сатқан «опасыз» деп те айыптады. Бүгінде «Қытайдан келген қазақпын» немесе «Өзбекстаннан келген қазақпын» деген сөздерді естігінде құлаққа түрпідей тиіп, қандас, қарындас, бауыр деп қабылдай алмай қаламыз. Алайда оларды жазықсыз жазғырудың еш керегі жоқ. Өмір ағымы, заманның бет-алысы солай болған аумалы-төкпелі аласапыран шақта шекара асып кетуден өзге жол жоқ екені айдан анық еді. Ел тәуелсіздігімен ере келген ағайын-бауырларымыз да бүгінде Қазақстан демографиясының дамуына ерекше үлес қосып келеді.

Қандас – бұрын Қазақстан Республикасының азаматтығында болмаған, тарихи Отанына келген және «Халықтың көші-қоны туралы» Заңында белгіленген тәртіппен тиісті мәртебе алған этникалық қазақ және (немесе) оның ұлты қазақ отбасы мүшелері.

Жалпы 1991 жылдан бері республикаға 1 миллион 103,5 мың этникалық қазақ оралды.

Биыл 2022 жылғы 1 қарашадағы жағдай бойынша 15 637 этникалық қазақ тарихи Отанына оралып, қандас деген мәртебеге ие болды.

Жыл басынан бері Қазақстанға келген қандастардың жартысынан көбі (65,2%) – Өзбекстаннан, 9,2% – Қытайдан, 8,8% – Ресейден, 8% – Түрікменстаннан, 4,8% – Моңғолиядан және 4% басқа елдерден келгендер.

Келген этникалық қазақтар негізінен Алматы (28,1%), Маңғыстау (16,3%), Түркістан (8,7%) және Жамбыл (6,1%) облыстарына, сондай-ақ Астана (9%), Шымкент (6,9%) және Алматы (5,5%) қалаларына қоныстанды.

Биылғы жылғы 1 қарашадағы жағдай бойынша еңбекке қабілетті жастағы этникалық қоныс аударушылар саны 59,6%-ды, еңбекке қабілетті жастан кішілер 26,7%-ды және зейнеткерлер 13,7%-ды құрайды. Еңбекке қабілетті жастағы қандастардың ішінен білім деңгейі бойынша 16%-ы жоғары білімді, 39%-ы орта кәсіби білімді, 43,1%-ы жалпы орта білімді және 1,9%-ының білімі жоқ.

Биыл Жамбыл облысына келген қандастарымызға қолдау үнемі бақылауда. Бүгінге дейін Жамбыл облысында сырттан көшіп келген 92 мың азамат өмір сүріп жатыр.

Атажұртқа оралған ағайынның жағдайы, әлеуметтік-экономикалық, рухани-мәдени қамтамасыз етілуі үнемі назардағы мәселе. Өз кезегінде елге келген қандастар да қолдан келген кәсіппен айналысып, аймақ экономикасына үлес қосуда.

Күні кешегі Үкімет отырысында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова қандастарымызға 10 жылдық жеңілдетілген виза рәсімдеп, Қазақстанда өз кәсібін жүргізуге мүмкіндік берілетінін хабарлады.

Тамара Дүйсенованың атап өтуінше, «Ашық Қазақстан 500+» атты көші-қон саясатының жаңа тұжырымдамасының төртінші бағыты этникалық көші-қон мәселесін реттейді.

«Бұл бағытта негізгі екі мәселе бар. Біріншісі – шетелде тұратын этникалық қазақтардың әлеуетін пайдалану. Осы мақсатта «Ата жолы» картасын енгізу ұсынылады. Бұл құжат жоғары деңгейдегі кәсіби маман немесе өздері тұратын елдерде табысты бизнес-кейстерді іске асырған және оларды Қазақстанда жүзеге асыруға ықыласты қазақтарға берілетін болады»,–деді ол.

Министрдің айтуынша, мұндай азаматтар 10 жылдық жеңілдетілген виза рәсімдеп, Қазақстанда өз кәсібін жүргізуге мүмкіндік алады.

Сонымен қатар бұл азаматтарды тарихи Отанын дамытуға қосқан үлесі үшін жыл сайынғы «Парыз» байқауы аясында Президент сыйлығымен марапаттау ұсынылды.

Министрдің айтуындағы «Ашық Қазақстан 500+» атты көші-қон саясатындағы тағы бір мәселе – елге келетін қандастардың көші-қонын реттеу тетіктерін жетілдіру. Яғни, еліміздегі демографиялық және экономикалық үрдістерді ескере отырып, құжаттарды рәсімдеудің алғашқы кезеңінде қандастарды еңбек күші тапшы өңірлерге қоныстануға қосымша ынталандыру ұсынылады», – деді министр Тамара Дүйсенова.

Сөз соңын түйіндеп айта кететін нәрсе: Жамбыл облысы – қашаннан қонақжай, бауырмал өлке. Сонау тар жол, тайғақ кешу кезеңінен бері жатты да, жақсыны да бір атаның баласындай бауырына басқан Жамбыл жұртының құшағы қандастарға әрдайым ашық.

 

«Елу жылда – Ел жаңа»

қоғамдық бірлестігі.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support