- Advertisement -

Генералдар елі

363

- Advertisement -

Жуалы – айналасын Алатау мен Қаратау қоршаған, ауа райы өзгеше, қатал, қасиетті де киелі өңір. Жуалы десе ең әуелі аты аңызға айналған, ерлігі мен өрлігі бүкіл әлемге мәшһүр болған батыр Бауыржан Момышұлы мен Халық жазушысы Шерхан Мұртаза еске түседі. Қасиет дарыған өлкені батырлар мен ақын-жазушылар мекені деп келген жұртшылық енді оны генералдар елі деп те атап жүр.

Олай атаудың өзіндік себебі де бар. Өйткені бұл өңірден шыққан генералдардың қатары көп. Жалпы, бейресми ақпаратқа сенетін болсақ, Жуалыдан шыққан 27 генерал бар. Әрине, бұл жерде ескеретін мәселе, бұрын осы өңірде тұрып, кейін ата-жұртына көшіп кеткен, сол елде генерал шеніне жеткендер де баршылық екен.

Елдік пен ерлік таразыланған сол бір сын сәттерде, Ұлы Отан соғысы тұсында жуалылық жауынгерлер де ерен ерліктің үлгісін көрсетті. Кейбір мәліметтерге сүйенсек, ауданнан майданға 5 мыңға жуық ер азамат аттанып, оның жартысынан астамы ұрыс даласында қаза тапқан екен. 1 500 жуалылық жауынгер соғыста көрсеткен ерліктері мен батырлықтары үшін КСРО -ның наградаларына ие болған. Солардың ішінде полковник Бауыржан Момышұлы, генерал-лейтенант Дмитрий Ковешников, Дмитрий Пахомов, Владимир Вишневецкий, Федор Кердань Кеңес Одағының Батыры, ал Тайыр Тастандиев «Даңқ» орденінің толық иегері атанды. Сөйтіп, жуалылық батырлар саны алтыға жетті. Ал қатардағы жауынгер Төрен Сейтаев пен Ипполит Шаповалов 1945 жылғы Жеңіс шеруіне қатысты.

Генерал-лейтенант Дмитрий Ковешниковтің балалық шағы Жуалы ауданының Көлбастау ауылында өткен. Оған 1943 жылғы 17 қарашада Кеңес Одағының Батыры атағы берілген. 1998 жылы 17 желтоқсанда Мәскеу қаласында дүниеден өткен.

Халық Қаһарманы, генерал-лейтенант Бақытжан Ертаев 1952 жылы 25 маусымда Кеңес (бүгінгі Ертай) ауылында дүниеге келген. Ауған соғысының ардагері. 2008 жылы Халық Қаһарманы атанды. Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты.

Ал Ұлттық қауіпсіздік комитетінің генерал-майоры Сейітжан Қойбақов 1954 жылы 5 наурызда Шыңбұлақ ауылында туған. Ол 2003 жылы генерал-майор атағын алды. «ҰҚК Құрметті қызметкері» белгісін иеленді. Сондай-ақ заң ғылымдарының докторы. 2006 жылдан қазіргі уақытқа дейін ҚР ҰҚК академиясының басшы ғылыми қызметкері. 40-тан астам ғылыми публикациялары жарық көрген.

Қазақстан Қарулы Күштерінің генерал-майоры Диханбек Сатылғанов 1954 жылы 7 мамырда Шетбұлақ ауылында дүниеге келген. 2005 жылы генерал-майор шенін алды. Бүгінгі таңда Диханбек ағамыз Төтенше жағдайлар министрлігі төтенше жағдайларды жою департаментінің директоры.

Генерал-майор Владимир Трегубенко 1945 жылы қазан айында Шақпақ стансасында туған. Ауған соғысына қатысқан. Оған 1979 жылы генерал-майор атағы берілген. Бүгінгі таңда Мәскеу қаласында тұрады.

Әуе қорғаныс күштерінің генерал-майоры Александр Тромбачев 1923 жылы Б.Момышұлы (бұрынғы Бурное) ауылында дүниеге келген. Ұлы Отан соғысы ардагері. Генерал-майор атағын 56 жасында алған. 1986 жылы №1 Шерхан Мұртаза атындағы орта мектепте қырық бірінші жылғы түлектердің 45 жылдық кездесуіне қатысқан.

Роман Чумаков (шын аты Рәсілхан) 1928 жылы Бақалы өзені сағасындағы Сарықайқаң деген жерде туған. Төрт-бес жасында жетім қалған. Ашаршылық жылдары Нұрлыкент ауылында ашылған балалар үйінде тәрбиеленген. Балалар үйінде ол сол мекеменің күзетшісі Роман Чумаковтың есімін алған. 1942 жылы ол арнаулы әскери мектепке алынып, Бішкек қаласында оқиды. Соғыстан кейін әскери училищені, Мәскеудегі С.Орджоникидзе атындағы авиациялық институтты бітірген. 1961-1968 жылдары Вьетнам, Конго, Египет, Куба мемлекеттеріндегі әскери қимылдарға қатысқан. 1970-1981 жылдары Балтық жағалауындағы ПрибОВО-да генерал шенінде армия генералы қызметін атқарған. Ол 1982 жылы отставкаға шығып, Мәскеуде тұрақтап қалған.

Генерал-майор Қуанышбек Үштаев 1976 жылы 10 қазанда Көлтоған ауылында туған. Бүгінгі таңда Қорғаныс министрлігі «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің қолбасшысы.

Ішкі істер қызметінің генерал-майоры Есен Демесінов 1938 жылы 15 сәуірде Қайрат ауылында дүниеге келген. Алматы орта кәсіптік, Қарағанды жоғары милиция мектептерін және Мәскеудегі ішкі істер академиясының жоғарғы курсын бітірген.

Еңбек жолын Жуалы және Қордай аудандарында милицияның жедел уәкілі, тергеушісі болып бастаған. Одан кейін Қаратау қалалық ішкі істер бөлімі бастығының орынбасары және бастығы, Жамбыл облыстық ішкі істер басқармасының оперативті бөлімінің бастығы, облыстық басқарма бастығының орынбасары, Қызылорда облыстық ішкі істер басқармасы бастығының орынбасары, 1985 жылы басқарма бастығы болып тағайындалған ол бұл қызметте 1997 жылы зейнетке шыққанға дейін атқарған. 2005 жылы дүниеден озды.

Ішкі істер қызметінің генерал-майоры Тәттібай Дүйсебаев 1923 жылы Амангелді ауылында туған. Ұлы Отан соғысының ардагері. КСРО халық комиссариаты мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің Горький қаласындағы өлкеаралық жоғары мектебін бітірген. 1946 жылдан 1949 жылға дейін Жуалы ауданының қауіпсіздік комитетінде, одан кейін облыстық басқармада қарсы барлау бөлімінде өкілетті уәкіл болып қызмет атқарады. 1949 жылдан Ташкент қаласында, одан кейін Ашхабадта, Приморье өлкесінің Владивосток қаласында қауіпсіздік комитетінің қарсы барлау басқармасында өкілетті уәкіл, аға өкілетті уәкіл болып жұмыс істейді. Кейін Оңтүстік Қазақстан облысы айрықша инспекциясының тергеушісі. БХСС басқармасының орынбасары, бастығы сияқты қызметтер атқарған. Кейін КСРО ішкі істер министрлігі БХСС бөлімінің айрықша істер жөніндегі аға өкілетті уәкілі, Қазақ ССР ІІМ-нің қылмысты іздестіру басқармасы 1-ші бөлімінің бастығы, Қазақ ІІМ-нің қылмысты іздестіру басқармасы бастығының орынбасары болған. 1996 жылы дүниеден өтті. Бұрынғы Амангелді ауылы бүгінгі таңда Т.Дүйсебаев атымен аталады.

Ішкі істер қызметінің генерал-майоры Арыстанғали Заппаров 1969 жылы Жаңаталап ауылында туған. Қазіргі таңда Алматы қалалық полиция департаментінің бастығы.

Әділет генерал-майоры Тілебалды Ыбыраев 1928 жылы 10 қаңтар күні Қызыл Жұлдыз ауылында дүниеге келген. 38 жасында үшінші сыныпты мемлекеттік әділет-кеңесшісі, яғни генерал-майор атанды. 1999 жылы дүниеден өтті.

Әділет генерал-майоры Ғабит Миразов 1965 жылы 19 қаңтарда Билікөл ауылында дүниеге келген. 1983-1985 жылдары Ауғанстан Республикасында азаматтық борышын өтеген. Бүгінгі таңда Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасы Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің Әскери басқармасының бастығы.

 

Марат ҚҰЛИБАЕВ

Жуалы ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support