«Еуразия барысы»
«Еуразия барысы»
Қазақ балуандары жеңіске жететіндеріне сенімді Осымен екінші мәрте Тараз топырағында өткелі отырған қазақ күресінен «Еуразия барысы» мега жобасына биыл он екі мемлекеттің «сен тұр, мен атайын» балуандары қатысатынын газетіміздің өткен санында жазған болатынбыз. Кеше қазақ батырларының, мейман елдердің балуандарының, бапкерлерінің қатысуымен баспасөз мәслихаты болып өтті. Онда алғаш сөз алған ұйымдастырушылардың бірі – ТИГУ ректоры Ерболат Саурықов қазақ күресінің айбынын асыратын осынау доданың жыл өткен сайын танымал болып келе жатқанын, төл спортымызға әрдайым қолдау көрсетуге дайын екендіктерін сөз етті. Бұдан кейін сөз сөйлеген Қазақстан Республикасының мемлекеттік жаттықтырушысы Марат Жақыт балуандарға сәттілік тілеп, ережемен жіті танысу қажеттігін атап өтті. Павлодарда өткен «Әлем барысы» додасында бірқатар балуандардың белбеуден ұстауда қателікке бой алдырғанын тілге тиек етіп, осы жолы ондай техникалық қателіктерді қайталамау қажеттігін ескертті. Қазақ күресін алдағы жылдары әлем мойындайтындығына сенім білдірді. Сондай-ақ, облыс әкімдігі дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Нұржан Жолдасбеков те өз сөзінде бұл жобаның ұлттық спортты дамытудағы рөліне тоқталды. Бұдан кейін әр елден келген меймандар сөз сөйлеп, қазақ күресін өз Отандарында дамытуға күш салынып жатқанын тілге тиек етті. Әсіресе Моңғолиядан келген қандасымыз Бақыт Онлай төл күресіміздің аталмыш мемлекетте кеңінен танымал екендігін атап өтті. Айтулы сында ел намысын қорғайтын балуандарымыздың бәрі де жарысқа тас түйін дайын. Олардың әрқайсысымен сөйлескенімізде жеңіске жететіндіктеріне сенімді екендіктерін айтты. Дегенмен, өткен жылы «Тараз арланы» Бейбіт Ыстыбаев таза жеңген салмағы екі центнерге жуық моңғол балуаны Сұғаржарғал Болдпуревпен тілдескенімізде: «Биыл мен қазақ балуанының жауырынын жер иіскетем. Оған сенімдімін» деп қалды. Естеріңізге сала кетейік, аса ауыр салмақта ел намысын өткен жылғы «Қазақстан барысы» Айбек Нұғымаров қорғайды. Жалпы жүлде қоры жүз мың АҚШ долларын құрайтын доданың ресми демеушісі «Самұрық Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры екенін де атап өткен жөн. Жамбыл облысынан іріктеуден өткен Дәулетхан Жақып та сексен келі салмақта қарсыластарына дес бермеймін деп отыр. Кімнің бағы жанып, бабы шабатынын уақытында көрейік.
Табиғат АБАИЛДАЕВ, «Ақ жол».