- Advertisement -

Үсік шалудан абай болыңыз

328

- Advertisement -

Уақыт талабымен қылышын сүйреткен қыс мезгілінің де есіктен еніп, төрге озғанына да көп уақыт бола қойған жоқ. Қайбір жылдары жаңа жылды әулиеаталықтардың қарсыз қарсы алғаны бар. Ал соңғы жылдары аспаннан түсетін ақ ырысқа деген біздің өкпеміз жоқ. Биыл да Таразда қыс өз уақытымен келді. Осыдан бірнеше апта бұрын алғаш мұздақ жауғаны болмаса, артынша далада қар біресе жапалақтап, біресе ұшқындап, айналаны әп-сәтте ақ мамыққа орады. Артынша аяз да күшіне еніп, қыс қысып берген кезде көшеде жүргендердің дірдек қақпағаны жоқ шығар.

Бүгінде ол күндер де өтіп, суық сынып, жылымықтың беті бері қарай бастады. Десе де сол бір аязды күндерде далада қалып қойып, денесін үсік шалған тұрғындардың болғанын біреу білсе, біреу білмес. Мәселен, Тараз қаласында көшеде көп жүріп қалған 54 жастағы бір азамат өзінің қатты суықтан жаурағанын кейіннен ғана білген. Былайша бойынан тоңған, үсік шалған белгілер байқалмаған. Кеш түсіп қалса да далада ұзақ жүріп қалған оның бір сәтте саусақтары жансыздана бастапты. Жедел жәрдем шақырып, алғашқы медициналық көмек алған соң ғана денесіне қан жүріп, өз-өзіне келген соң үсіктің шалу белгілеріне алғашында мән бермегенін айтады. Сол секілді 49 жастағы тағы бір тұрғын шаһардағы таңғы суықты байқамай далада көп тұрып қалып, үсікке ұрынған. Екеуіне де тиісті медициналық көмек көрсетілген.

– Күннің қатты суығына орай облыс тұрғындарына аяз кезінде барынша абай болуды, алкогольді ішімдік тұтынбауды, мүмкіндігінше темекіден бас тартуды ескертеміз. Сондай-ақ кофені көп ішудің де қажеті жоқ. Кофеин қан тамырларын тарылтады және қол-аяқтағы қанайналымды баяулатады. Ыңғайлы, жылы киім мен аяқкиім киген жөн. Ең жақсы сырт киім – ол жылы, жеңіл, қимылдауға кедергі жасамайтын, су болмайтын, бірақ сыртқа ылғал шығаратын киім. Қатты суық болғанда бірнеше қабат киім киген дұрыс, себебі қабаттар арасында жылу сақталады. Қолғаптарды биалайға ауыстырып, қалың жүн байпақтарды пайдаланғанның пайдасы көп. Бетіңізді жұмсақ, тітіркендірмейтін мойыншалмамен орап, сол арқылы демалудың да артықшылығы көп.

Аяқкиімге ерекше назар аудару керек. Ол жылы, қалың әрі ыңғайлы табанды, ең бастысы кең болуы қажет. Қатты суық кезде биік өкшеден бас тартқан дұрыс. Табанның табиғи емес күйде болуы қанайналымды қиындатады және үсіп қалу қаупін арттырады. Суық ауа райында біздің ағзамыз қосалқы «жылыну көзін» талап етеді. Диетаны кейінге шегеріп, дене белсенділігін арттыруға тырысқан абзал. Аяғазға шығарда су негізінде жасалған кремдерді пайдаланбау керек, өйткені ол адамның бетін тоңдырады.

Үсу – суықтың әсерінен болатын денедегі тіндердің зақымдануы. Үсу ауа райының аязды күні ғана емес, сондай-ақ температура нөлге жуық кезде де (ылғалдылық жоғары болып, күн ұзақ уақыт суытқанда) болуы мүмкін. Үсуге суық жел, ауаның ылғалдылығы, су болған әрі тар киім, аяқкиім, қолғап немесе масаңдық, организмнің жалпы әлсіздігі әсер етеді. Үсікке көбінесе саусақ, башпайлар, мұрын, құлақ шалдығады.

І дәрежелі үсік шалу суықта аз уақыт қалу нәтижесінде болады. Дененің кейбір бөлігіндегі терінің қызаруы, кейін ол жердің бозаруы, сезімталдықтың жоғалуы үсік шалғанның белгісі. Жылынғаннан соң терінің зардап шеккен бөлігі қызарып, ісінеді, ауырсыну мен қышу пайда болады. Әдетте 2-3 тәуліктен соң (ең көп дегенде бір апта) үсіген эпидермис жасушалалры түсіп, тері қайта сау қалпына келеді, – дейді облыс әкімдігі денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Толқын Өмірбаева.

Сондай-ақ Т.Өмірбаеваның айтуы бойынша, ІІ дәрежелі үсік шалу суық ауа райында ұзақ болғаннан дамитын көрінеді, яғни қанайналымның бұзылуы, терінің ішінара некрозы. Зақымдалған аймақтың бозғылт, жылынғаннан кейін қою қызыл түсті болуы осы дәрежедегі суықтың негізгі белгісі. Теріде жеңіл сұйықтық толтырылған көпіршіктердің пайда болуы ІІ дәрежелі үсікке жатады және толық тіннің түзілуі 1-2 аптада орын алады.

ІІІ дәрежелі үсік шалу суықта немесе өте төмен температурада орын алады екен. Бұл дәреженің белгілері жылынудан кейін көрінеді. Мәселен, көгілдір түсті (кейде қара) тері, қою қоңыр түсті сұйықтықпен толтырылған көпіршіктер. Алғашқы күндерде зардап шеккен аймақта сезімталдықтың толық жоғалуы, содан кейін жанға бататын қатты аурсыну пайда болады. Үшінші дәреже терінің және басқа жұмсақ тіндердің толық некрозымен сипатталады. Терінің, еттің өлген бөліктерінің қабылданбауы 2-3 аптадан соң аяқталады, содан кейін 1 айға созылатын жарақат (түйіршіктеу, шрам тіні) пайда болады.

ІV дәрежелі үсік – аурудың ең ауыр түрі. Денедегі зақымданған аумақтың түсі көк, ісіну жылынудан кейін дереу дамиды және тез арада өседі, көпіршіктер пайда болмайды, тері температурасы қоршаған тіндерге қарағанда әлдеқайда төмен болады. Барлық ет пен тері өліп, кейде сүйектер мен буындарға әсер етеді.

Алда қақаған қаңтармен ақырған ақпан бар. Күннің қатты суықтығын байқамай, далада ұзақ уақыт жүріп қалғандар өзін үсік шалғандығын білмей де қалуы мүмкін. Сондықтан тұрғындар «сақтанғанды Алла сақтайтынын» ескеріп, жылы киініп, көшеде ұзақ жүрмеуі керек.

 

 Нұрым СЫРҒАБАЕВ,

журналист.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support