- Advertisement -

Мақсат – балаларды қоғамдық ортаға бейімдеу

118

- Advertisement -

Елімізде балалардың денсаулығын қорғау – ең өзекті мәселе. Әсіресе ерекше қажеттілігі бар балалардың денсаулығын жақсарту, ерте диагностикалау, емдеу, оларды қоғамдық ортаға бейімдеу, сауықтыру, мүгедектік деңгейін төмендету бағытында атқарылып жатқан шаруалар аз емес. Елімізде мүмкіндігі шектеулі балаларды қолдау бойынша ауқымды іс-шаралар жүргізіліп жатса, оның ішінде облыстағы түрлі оңалту орталықтарына артылар міндет те айрықша.

Бүгінде ерекше қажеттілігі бар балаларға арналған бейімдеу және оңалту орталықтары барлық ауданда жұмыс істеп жатыр. Соның бірі – облыстық мүгедек балаларды оңалту және бейімдеу орталығының Жамбыл ауданының Аса ауылында орналасқан филиалы. 2014 жылы ашылған орталықтың бұл филиалы сол уақыттан бері кембағал балаларды қоғамдық ортаға бейімдеп, сауықтыру және оларға саналы тәрбиемен бермен, тиісті ем-шаралар жүргізумен айналысып келеді. 30 орынға арналған аталған мекеме шипасын қазіргі таңда 23 бала көріп отыр.

– Орталықтың аудандық филиалында 1,5 жастан 18 жасқа дейінгі тірек-қимыл аппараты бұзылған, психоневрологиялық ауытқулары бар балалар ғана қабылданады. Филиал мамандары халықты әлеуметтік қорғау саласында жартылай стационарлық жағдайда арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету стандартын негізге ала отырып, 7 арнаулы әлеуметтік бағыттар бойынша қызмет көрсетеді. Атап айтқанда, мұнда әлеуметтік-тұрмыстық, әлеуметтік-медициналық, әлеуметтік-психологиялық, әлеуметтік-педагогикалық, әлеуметтік-мәдени, әлеуметтік-құқықтық, әлеуметтік-экономикалық қызметтер ұсынылады. Оның ішінде әлеуметтік-медициналық қызмет туралы айтар болсақ, орталықта невропатолог дәрігері, педиатр, емдік дене шынықтыру нұсқаушысы, уқалаушы, мейірбеке жұмыс істейді, – дейді филиал директоры Жанна Баубекова.

Емдік дене шынықтыру нұсқаушысы Эльвира Қабылбекова невропатолог дәрігердің тағайындауы бойынша тірек-қимыл аппараты бұзылған, психоневрологиялық ауытқулары бар балаларға аяқ-қол буын бұлшықеттеріне жаттығулар жасап, дене шынықтыру жаттығуларын орындауда күнделікті қызмет көрсететінін айтады. Ол емдік дене шынықтыру кез келген ауру, жарақат, кез келген жаста қолданылатын, физиологиялық әдіс, табиғи және өте тиімді емдеу тәсілі екенін сөз етті. Емдік дене шынықтыру жұмысын жүргізу барысында оның көмегі аяқ-қол буындарының икемге келуіне, дененің қозғалысқа түсуіне, өсуіп-дамуына, қалыптасуына оң әсер ететінін жеткізді. Емдік дене шынықтыру кезінде қолданылатын физикалық жаттығулар аурудың түріне және науқастың жағдайына байланысты арнайы таңдалатынын да айтты.

Одан бөлек филиал әдіскері Индира Тұяқбаева орталықтағы басқа да мамандардың қайсысы қандай іспен айналысатынын бүге-шігесіне дейін тәптіштеді.

Бізде өз жұмысында бай тәжірибе жинақтаған Шаркүл Далимова есімді маман еңбек етеді. Оның міндеті – уқалаушы. Невропатолог дәрігердің тағайындаған ем-шаралары бойынша тірек-қимыл аппараты бұзылған, психоневрологиялық ауытқулары бар балаларға мойын, арқа, кеуде бұлшықеттеріне арналған нығайту, қатайту секілді жалпы уқалау жұмыстарын жүзеге асырады. Мейірбике Ақнұр Апсаматқызы да күнделікті қызмет алушылардың жағдайын қадағалау, жеке бас тазалығын тексеру, оның талапқа сай болуына мән беру, орталықтың ішінде жүргізілетін күнделікті тазалықты, қызмет алушылардың тамақтану кезіндегі тазалығын қадағалаумен айналысады. Сонымен қатар орталықта әлеуметтік-педагогикалық, әлеуметтік-психологиялық қызметтер бойынша логопед, дефектолог, тәрбиеші, еңбек, музыка мұғалімдері, психолог мамандары қызмет істейді, – дейді Индира Дәулетбекқызы.

Аталған орталықтың филиалында қызмет алушылардың жас ерекшелігі ескеріле отырып, жеке дамыту бағдарламасын құру арқылы бұзылған тіл кемістіктерін, дыбыстарын түзеуге, лого уқалау арқылы тіл, бет бұлшқеттерінің тонусын қалыпқа келтіру бағытында жұмыс жүргізіледі. Мұндағы жүргізілетін жұмыстардың тағы бірі – қызмет алушылардың сөздік қорларын, қиялын, ой-өрісін, артикуляциялық және ұсақ қол моторикаларын, дұрыс тыныс алу қабілеттерін, танымдық, шығармашылық қабілеттерін, белсенді, енжар сөздік қорларын дамыту. Өйткені бойында қандай да бір кемістігі бар балаларды оңалтуда олар үшін қимыл-қозғалыс дағдыларын қалыптастырумен қатар, ақыл-ойдың да дамуы айрықша мәнге ие. Аталған іс-әрекет түрлерінің дамуы біздің мекемеде осындай ерекшеліктермен жүзеге асырылуда.

 

Салтанат ЕСТАЙ,

облыстық мүгедек балаларды оңалту және бейімдеу орталығы аудандық филиалының

кіші топ тәрбиешісі.

Жамбыл ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support