Саланың жұмысын жаңғыртуға шақырды
Саланың жұмысын жаңғыртуға шақырды
Палата Төрағасының орынбасары Ольга Перепечина әр азаматқа денсаулық сақтау құқығын іске асыруға мүмкіндік беретін жағдай жасау – мемлекеттік саясаттың басты басымдығы екенін атап өтті. Саладағы проблемалар өзекті болып қала беретіні және оған сенаторлар өңірлерге сапарлары барысында бірнеше рет көз жеткізгені атап өтілді. – Бүгінгі таңда денсаулық сақтау саласында ауқымды жұмыс атқарылғанына қарамастан, «Дені сау ұлт» әрбір азамат үшін сапалы және қолжетімді денсаулық сақтау» ұлттық жобасын іске асырудың екінші жылы өтіп жатса да қабылданып жатқан шаралар мен бөлінген қаржы, денсаулық сақтау жүйесіндегі проблемалар, өкінішке қарай, әлі де өткір қалпында қалып отыр: ол емханалардағы кезектер, сирек сала мамандарының тапшылығы, ағымдағы тарифтер нақты шығындарды жабуға мүмкіндік бермейді. Осыған байланысты медициналық ұйымдарда, әсіресе ауылдық жерлерде бюджет тапшылығы мен несие берешегі өсіп барады, кірікпеген ақпарат жүйесі жұмысының қиындығы шешілген жоқ, ол көрсетілетін қызметтердің сапасына, шығындардың ашықтығы мен тиімділігіне кері әсер етеді, – деді Ольга Перепечина. Сенатор Ақмарал Әлназарова саладағы жағдайдың көңілден шықпай тұрғанын айтып, денсаулық сақтау саласындағы нақты проблемаларға Үкіметтің назарын аударды. Сенатордың айтуынша, Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымының мүшесі ретінде БҰҰ Бас Ассамблеясында қабылданған Орнықты дамудың жаһандық 17 мақсатына қол жеткізу жөніндегі міндеттеме алған болатын. Қазақстан Орнықты даму саласындағы күн тәртібі қабылданған сәттен бастап оны іске асыруда нақты нәтижеге қол жеткізді, алайда денсаулық сақтау саласындағы мақсаттар көрсеткішінің жартысына – 14-тің 7-еуіне қол жеткен жоқ. Елімізде шешілмеген проблемалар бар, атап айтқанда, сақтандырылмаған халық медициналық қызметтерге әлі де қол жеткізе алмай отыр. Сонымен қатар сақтандырылғандар да медициналық қызметтердің тиісті көлемін ала алмайды. Елімізде ауруларды ерте білуге арналған скринингтер сапасының төмендігі, сондай-ақ амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету сапасында проблемалар әлі жойылған жоқ. – Сенатты ана мен бала өлімінің жоғары деңгейі де алаңдатып отыр. Медициналық сақтандыру жүйесі енгізілген сәттен бастап сақтандыру жүйесіне енбеген репродуктивті жастағы әйелдерге жүктілікке жоспарлы түрде дайындық пен медициналық емделу шаралары қолжетімсіз болып қалды. Жүктіліктің 10-шы аптасынан кейін ғана әйел мемлекет тарапынан жеңілдік санатындағы азаматтарының қатарына қосылып, сақтандырылған мәртебеге ие болады. Еліміздегі ана өлімі жөніндегі ауыр жағдайды ескерсек, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде репродуктивті жастағы әйелдерге көрсетілетін медициналық қызмет көлемдерін қайта қарау қажет екені сөзсіз. Шыны керек, әр әйел яғни болашақ ананың өз қаражатынан емделуге мүмкіндігі бар деп айтуға келмейді, – деді сенатор Ақмарал Әлназарова. Үкімет сағатында республиканың Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният және «University Medical Center» корпоративтік қорының басқарма төрағасы Юрий Пя баяндама жасады. Мәселелерді талқылауға сондай-ақ мемлекеттік органдардың өкілдері, облыстар мен Астана, Алматы, Шымкент қалалары әкімдерінің орынбасарлары, денсаулық сақтау саласындағы тәуелсіз мамандар және Сенат жанындағы Жас сарапшылар клубының мүшелері қатысты. Үкімет сағатында денсаулық сақтау саласындағы проблемалардың шешілуі өңірлерді одан әрі дамытуда маңызы зор екенін атап өтті. Сондықтан еліміз өңірлерінің атынан сайланған Палата ретінде Сенат денсаулық сақтау жүйесінде бар мәселелерді шешуге әрқашан атсалысатын болады.
«Aq jol»-Aqparat».