- Advertisement -

Мал қыстату қалыпты жағдайда өтуде

16

- Advertisement -

Төрт түлігін түлеткен меркілік шопандар жазын жайлауда өткізсе, қыста құмда қоныс етеді. Қазіргі таңда мал қыстауында отырған шопандардың жағдайы қандай? Аудан әкімі Жорабек Нұрмергенұлы тиісті салаға жауапты бөлім басшыларымен бірге мал қыстауларына арнайы барып, жағдайды көзбен көріп қайтты.

Бүгінгі таңда аудандағы мал қыстауында 184 шаруа қожалыққа тиесілі 63 мың уақ мал, 8 мың мүйізді ірі қара, 1000-нан аса жылқы мен 128 түйе қыстатылуда. Оның күтімінде 600-дей малшы жүр.

Аудандағы іргелі шаруашылықтардың бірі – «Жылыбұлақ» жауапкершілігі шектелуі серіктестігі биыл құмдағы жайлауға 22 мың оңтүстік меринос қойын шығарған. Шаруашылықтың шопандары көктемде 100 қойдан 115 төл алған болатын. Қожалық жетекшісінің айтуынша, қыстақ маңында қажетті жем-шөп қоры жиналған. Эпизоотиялық жұқпалы аурулардың алдын алу мақсатында тиісті вакциналардың барлығы егілген. Сондай-ақ малшыларға қажетті азық-түлік және қатты отын қоры жеткізіліп берілген.

Ондағы шопандардың пікірін ескерген аудан әкімі малшылармен тілдесіп, ой-пікірлерін тыңдады. Басшылары тарапынан барлық жағдай жасалғанын жеткізген шаруалар, құмдағы елді мекенге жедел жәрдемнің келмейтінін айтты. Бұл мәселе биыл жоспарға енгізіліпті. Аудан әкімі Жорабек Нұрмергенұлы Тәтті ауылынан бастап, Меркі ауданына қарасты құмды аумақтың аяқталатын пункті – Сарығобаға дейінгі 86 шақырым жолға тас төселіп, жөндеуден өткізілетінін жеткізді. Аталған жол пайдалануға берілген соң құмды ауылға жем-шөп жеткізу, мал мен техникаларды тасымалдау, тіпті өндірілген өнімдерді де орталыққа жеткізу мен жедел жәрдем қызметінің жеделдігі арта түсетіндігін айтты.

Аудан әкімімен бірге іссапарға шыққан жедел жәрдем қызметкерлері құмды өлкенің малшы қауымына медициналық көмек көрсетті.

Құмға қоныс тепкен тағы бір шаруашылық «МерАгро» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Серіктестіктің мал қыстауында 229 асыл тұқымды мүйізді ірі қара тұр, оның 212-сі аналық. Қожалық бұл малды өткен жылы «Сыбаға» бағдарламасы аясында Ресейдің Алтай өлкесінен алып келген болатын. Шаруашылық 2026 жылға дейін ет бағытындағы аналық малдың санын 1000-ға жеткізіп, асыл тұқымды шаруашылық құруды жоспарлауда.

Сонымен қатар «МерАгро» ЖШС басшылығы бірнеше шаруашылықтың басын біріктіріп, өндірістік кооператив құруды қолға алған. Ондағы мақсаты – шағын шаруашылықтарға техника, тұқым және жем-шөппен қолдау көрсетіп, жалпы өнім көлемін арттыру. Сондай-ақ құрама жем дайындайтын комбинат салуды да жоспарлап отырған шаруашылық қазіргі таңда 13 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Алда 60 жаңа жұмыс орнын ашпақ ниетте.

Мал қыстауында бірнеше шаруа қожалық басшыларымен кездескен аудан әкімі Жорабек Нұрмергенұлы алдымен жұмысшыларға жағдай жасалу керектігін айтып, олардың құқықтарын және әлеуметтік қорғалуын қамтамасыз етуді тапсырды.

 

Қазыбек КАМАЛ,

аудан әкімінің баспасөз хатшысы.

Меркі ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support