- Advertisement -

Агросалада алға жылжу бар

44

- Advertisement -

Топырағы құнарлы, жері шұрайлы, табиғаты жайлы Жамбыл облысында ауылшаруашылық саласы өңір экономикасының негізгі өрге сүйреуші күші десек, қателеспейміз. Облысымыздың қай ауданы болмасын төрт түлік мал ұстауға, егін шаруашылығын дамытуға қолайлы. Бүгінде осынау бай өлкеміздің мол мүмкіндігін тиімді пайдалана отырып дала төсін төрт түлікке толтырып, топыраққа маңдай терін сіңдіріп, егін шаруашылығы арқылы ел ырзығын еселеп жүргендер аз емес.

Өңіріміздің қолайлы табиғаты мен құнарлы топырағы ғана емес, мемлекеттік қолдау шаралары да ауылшаруашылығының қарқынды дамуына кеңінен жол ашып отыр. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында: «Ауыл шаруашылығын дамыту – негізгі проблеманың бірі. Осы саладағы ахуал мемлекетіміздің азық-түлік қауіпсіздігіне тікелей әсер етеді. Еліміздің ауылшаруашылық өнімдерінің көлемін және оның қосымша құнын арттыру қажет. Бұл – стратегиялық міндет. Қазір тек бидай мен мал сатып отыратын заман емес. Үкімет агроөнеркәсіп саласын субсидиялаудың ұзақ мерзімге арналған жаңа тәсілдерін әзірлеуге тиіс.

Бюджет қаражатының қайтарымы болуы керек. Мемлекет қаржыны оңды-солды шашып, ысырап етуге жол бермейді.

Субсидия бөлуге және оның жұмсалуына жүргізілетін бақылауды күшейту керек.

Шаруалардың өзара ұжымдасуы ауылшаруашылықты дамытуға жол ашып отыр. Біз осындай пилоттық жобаны жүзеге асырдық. Оған қатысқан ауылшаруашылық кооперативтерінің егіні екі есе артық өнім берген. Ал мал басы шамамен 25 пайызға көбейген. Әр өңірдің ерекшелігін ескере отырып, оң тәжірибені бүкіл елге біртіндеп тарату қажет. Бұл салада озық технологиялар тапшы.

…Тұтастай алғанда, еліміздің агроөнеркәсіп кешені келесі жылдан бастап жаңа әрі тұрақты ереже бойынша жұмыс істеуі қажет», деп агросаладағы жедел шешілуі тиіс бірқатар мәселелерді атап өтіп, алдағы міндеттерді айқындап берді.

Жалпы тәуелсіздігіміздің 31 жылында аграрлық секторды ел экономикасының драйверіне айналдыру мақсатында ауқымды жұмыстар атқарылды. Тиісінше Мемлекет басшысы айтып өткендей, алда тұрған міндеттер де аз емес. Бүгінгі таңда облысымызда ел Президентінің тапсырмаларын орындау мақсатында ауылшаруашылық саласының дамуына үлкен көңіл бөлініп, нақты жұмыстар жүргізілуде. Ендеше жыл басынан бері атқарылған жұмыстарға қысқаша шолу жасап шықсақ.

Биыл «Агроөнеркәсіптік кешенін дамыту жөніндегі 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобасын іске асыру» аясында облыстың ауылшаруашылық саласын дамытуға 30,5 миллиард теңге бөлінді. Бүгінгі күнге дейін 12 мыңнан астам ауылшаруашылық тауар өндірушілеріне қолдау көрсетілді.

Жыл басынан бері салада 562,5 миллиард теңгенің өнімі (егін шаруашылығында 374 миллиард теңгенің, мал шаруашылығында 187,7 миллиард теңгенің өнімі) өндіріліп, өткен жылмен салыстырғанда 40,5 пайызға артты.

Ауылшаруашылығының негізгі капиталына 18,9 миллиард теңге инвестиция тартылса, тамақ өнімдері өндірісінің негізгі капиталына 1,7 миллиард теңге инвестиция салынды.

2022 жылы ауылшаруашылық дақылдарының егістік алқабы 756,2 мың гектарға жетіп, 5,4 мың гектарға артты. Жиын-терін барысында 371 мың гектар масақты дәнді дақыл егін орағына түсіп, әр гектардан алынған орташа өнім 17,1 центнерді құрады және 633,4 мың тонна астық бастырылып, 166,7 мың тонна өнім артық алынды.

Сондай-ақ 72,7 мың гектарға көкөніс және бақша дақылдары егіліп, егістік алқабы 6,3 мың гектарға ұлғайды. Бұл алқаптардан 1,5 миллион тоннадан астам көкөніс пен 524 мың тонна бақша дақылдары жиналды.

Жоғары өнімге қол жеткізудің негізі – ауылшаруашылық техникаларының жаңаруы. Өңірде жыл басынан бері 1 242 ауылшаруашылық техникасы алынып, 11 пайызға жаңартылды.

Жалпы ауылшаруашылық техникаларын жаңартуды ынталандыру мақсатында мемлекеттік қолдау да жүзеге асырылып, техника алған агроқұрылымдарға инвестициялық субсидия арқылы 1848 миллион теңгеге мемлекеттік қолдау көрсетілді.

Сонымен қатар 2022 жылы өңірімізде 5,5 мың гектарға қант қызылшасы отырғызылды. Жоғары сұрыпты тұқым себудің нәтижесінде әр гектардан алынған тәтті түбір 500 центнерді құрады. Қазірге дейін 173,1 мың тонна қызылша жиналып, өткен жылға қарағанда 45,8 мың тонна өнім артық алынды. 117,1 мың тоннасы қант зауытына өткізілді.

Ағын суды үнемдеу және өнім көлемін арттыру мақсатында су үнемдеу технологиялары биыл 50 мың гектар егіс алқабына енгізілсе, оның 32,7 мың гектарына тамшылатып суару, 17,3 мың гектарына жаңбырлатып суару технологиясы енгізілді.

Ауылшаруашылық алқаптарындағы су жүйелері мен каналдарды тазарту және қалпына келтіру жұмыстарын жүргізу мақсатында 2022 жылы 11,3 шақырымды құрайтын 10 су жүйесіне ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп, 2,1 мың гектар суармалы алқап қалпына келтірілді.

Одан бөлек егіс көлемін арттыру мақсатында ұңғыма қазу арқылы жетіспейтін суды жерасты суы есебінен қамтамасыз ету үшін 84 ұңғыма қазылып, 3,7 мың гектар алқап сумен қамтылды.

Ауылшаруашылығында өндірілген жалпы өнімнің 52 пайыздан астамы малшаруашылығы саласына тиесілі екенін айта кеткен жөн. Мемлекеттік қолдаулардың нәтижесінде салада өндірілген ет өнімдері 1 пайызға, сүт өнімдері 1,9 пайызға ұлғайды. Жыл басынан бері 1,5 мың тонна ет экспортталды.

Одан бөлек облыста мал басында да өсім бар. Қазіргі уақытта өңірдегі жалпы мал саны 4 миллионды құрап, өткен жылмен салыстырғанда 5,2 пайызға артты.

Соңғы 2 жылда асылтұқымды малшаруашылығын дамыту бағдарламасы аясында алыс және жақын шетелдерден 3 мыңға жуық мүйізді ірі қара, «Сыбаға» бағдарламасы арқылы 26 мыңнан астам қой сатып алынды. Осының нәтижесінде облыстағы асылтұқымды мүйізді ірі қараның үлесі 26 пайызды құраса, асылтұқымды қойдың үлесі 30 пайызды құрады.

Қазіргі уақытта облыста ет бағытындағы 5 асылтұқымды мал өсіретін репродуктор, 4 құс фабрикасы, 27 мал бордақылау алаңы мен 52 орта және ірі сүт фермасы жұмыс істеуде.

Биыл жалпы құны 17,9 миллиард теңгені құрайтын 14 жобаны жүзеге асырып, 281 жаңа жұмыс орнын құру жоспарланған. Қазіргі таңда 10 жоба Жуалы, Қордай, Меркі, Шу аудандары мен Тараз қаласында жүзеге асырылды. Мұнда 179 адам тұрақты жұмыспен қамтылған.

Сондай-ақ «Жамбыл облысын дамытудың жол картасы» аясында жалпы құны 5 миллиард теңгені құрайтын 105 кіші жобаны іске қосу жоспарланса, қазіргі уақытта 4,5 миллиард теңгені құрайтын 95 жоба жүзеге асырылып, 312 жаңа жұмыс орны құрылды.

2019 жылы бастау алған «Жамбыл облысы тұрғындарының тұрмыстық табысын жақсарту» пилоттық жобасы да өз жемісін беруде.

Биыл жарқын жобаның жалғасы ретінде өткен жылы қайтарылған несиелердің есебінен Байзақ, Жамбыл, Жуалы аудандарынан 3 ауылдық округ енгізіліп, 253 жоба іске асырылды. Сондай-ақ 177,5 миллион теңгені құрайтын 28 ауылшаруашылық техникасы лизинг жүйесімен берілді.

Сондай-ақ облыстағы 26 072 тұрғынды қамтитын тағы 10 ауылдық округте пилоттық жоба жүзеге асырылуда.

2023 жылдан бастап ауыл халқының табысын арттыру жөніндегі жобаны масштабтау шеңберінде өңірімізге 11,5 миллиард теңге қарастырылуда. Жобаға тағы да 22 ауылдық округ енгізіліп, онда 3 мыңнан астам жоба қаржыландырылатын болады.

Жалпы Президент құлағдар болып, Үкімет қолдаған жоба бүгінде республикалық деңгейде масштабталып, барлық облыстарда жүзеге асыру жұмыстары жүріп жатыр.

Биылғы жылы атқарылған жұмыстар аз емес. Алдағы жоспарлар мен мақсаттар да жетерлік. Осының нәтижесінде бүгінде асыраушы сала экономиканың негізгі драйверлерінің біріне айналып, табиғаты шаруашылыққа қолайлы облысымызда ауылшаруашылық саласы жыл санап алға озып келеді.

 

 Тұңғыш ЖАНҰЗАҚОВ,

облыс әкімдігі ауылшаруашылығы

басқармасының баспасөз хатшысы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support