Көрсеткіштер көңіл көншітпейді
Көрсеткіштер көңіл көншітпейді
Оған облыс әкімдігінің жауапты басқарма басшыларымен қатар каналдардың құрылыс жұмысын жүргізіп отырған компаниялардың басшылық құрамы қатысты. «Қазсушар» республикалық мемлекеттік кәсіпорны облыстық филиалының директоры Алтай Елжасов бүгінге дейін каналдар бойынша атқарылған жұмыс барысы бойынша баяндама жасады. Оның айтуынша, Жамбыл, Жуалы, Байзақ, Қордай, Меркі аудандарындағы су каналдарын, дренаждық жүйелер мен су нысандарын қайта жаңғырту бойынша 34 жоба жүзеге асуда. Жобалардың жалпы құны 26,5 миллиард теңгені құрайды десек, бүгінгі таңда оның 12,8 миллиард теңгесі игерілген. Қазіргі таңда 91 каналды, 321 су нысандарын, 33 құдықты жөндеу жұмыстары аяқталған. 173 каналдың жөндеу жұмыстары жалғасуда. Олар келесі жылы аяқталмақ. Бұл жұмыстардың нәтижесінде облыс бойынша 53,965 мың гектар алқапты қалпына келтіру жоспарлануда. Ал каналдарды бетондау және бетон науалар орналастыру бойынша төрт жыл көлемінде аймақта 280 шақырымды құрайтын канал бетондалған. Атап айтсақ, 2019 жылы 113,7 шақырым, 2020 жылы 114, ал одан кейінгі жылдары оның қарқыны бәсеңдеген. Мәселен, 2021 жылы 56,2 шақырым болса, биыл бар болғаны 77 шақырым канал бетондалған. – Біз бүгінгі таңда диқандар қауымына ағын суды шығынсыз жеткізіп беруді мойнымызға алдық. Сол бағытта жұмыс істеп жатқанымызға төрт жыл болды. Осы жылда бар болғаны 280 шақырым канал бетондалып, бетон науалар орнатылды. Енді алдағы жылы тағы осы көлемде каналдарды бетондау мен бетон науаларды орнатуды жоспарлап отырмыз. Аталған көлемді төрт жыл атқарған мердігерлер 280 шақырымды бір жылда бітіре ала ма? – деді аймақ басшысы Нұржан Нұржігітов. Тиісті сала басшысы бұл жұмыстарды уақытында атқаруға сөз берді. Дегенмен облыс әкімі бірқатар каналдар бойынша жөндеу жұмыстарының әлі күнге аяқталмай отырғанын сынға алды. – Жалпы көрсеткіштер көңіл көншітпейді. Жауапты компаниялар жыл соңына дейін жұмыстың 85-90 пайызын орындаймыз деп уәде берген. Жаңа вегетациялық маусым басталғанға дейін барлық нысандар тапсырылуы керек еді. Бізге сылтау емес, нақты нәтижелер керек. Қаржыға қатысты барлық мәселелер шешілген. Мердігерлерге құрылыс жұмыстарын кешіктіруге ешқандай себеп жоқ, – деп атап өтті Нұржан Нұржігітов. Аймақ басшысы әрбір жоба бойынша мердігерлерден жеке-жеке жауап алды. – Ауыл тұрғындары таңертеңнен кешке дейін алқапта жұмыс істейді. Олар бір күнді де босқа өткізбеуге тырысады. Шаруалар үшін судың дер кезінде берілгені маңызды. Ал сіздер кабинетте отырып, құжаттарды реттей алмай отырсыздар. Вегетациялық кезең басталғанға дейін жұмыс 100 пайыз аяқталуы тиіс. Біздің негізгі мақсатымыз – ауыл шаруашылығы өнімінің көлемін арттыру, – деді облыс әкімі. Компания өкілдеріне жұмыс кестесі бұзылған және өз міндеттемелерін орындамаған жағдайда олармен келісімшарт бұзылатындығы ескертілді. Жиын соңында Нұржан Нұржігітов аудан әкімдіктеріне жұмыстың сапасы мен мерзімін қатаң бақылауды тапсырды.
Марат ҚҰЛИБАЕВ