Әлеумет

Үздік студенттер марапатталды

Үздік студенттер марапатталды

4 3Арман. Сенім. Талпыныс. Тараз қаласындағы «Гауһартас» мейрамханасына жиылған жастардың жүзінен осындай асқақ көңіл-күйді аңғару қиын емес. Түрлі салада жетістікке жетіп, білім ордаларының ғана емес, еліміздің мерейін тасытып жүрген 300 студент. Бұлар шын мәнінде мемлекетіміздің мақтанышы. Сондықтан да Халықаралық Студенттер күніне орай облыс әкімдігі жастар саясаты мәселелері басқармасы ұйымдастырған шара осындай озық ойлы, жалынды да жігерлі, нағыз ұлтжанды өрендердің құрметіне арналды. 

Айту керек, бұл шараға облысымыздың түкпір-түкпіріндегі үздік студенттердің төрт көзі түгел жиналды. Олар мейрамханаға бастайтын қызыл жолақтың қос қапталында тұрып, құрметті қонақтарды зор қошеметпен қарсы алды. Әсем безендірілген зал, фуршет үлгісіндегі берекелі дастархан, бәрі-бәрі жастардың көңілін желпінтіп тастады. Жеткен жетістіктеріне қарай жоғары және арнаулы орта оқу орындарынан іріктеліп алынған студенттердің ішінен 30 жұп қайта таңдалып, «Қазақ вальсі» ырғағымен билеуі аталмыш кештің ажарын аша түсті. Өңірдің үздік студенттерін марапаттауға арналған салтанатты кешті облыс әкімінің орынбасары Қалижан Әбдірайымов ашып, құттықтау сөз сөйледі. Шара аясында 100-ге жуық студент облыс, қала әкімдерінің, «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының, облыс әкімдігі жастар саясаты мәселелері басқармасының Алғыс хаттарына ие болды. Кеште сонымен қатар студенттердің арасынан оза шапқан «Үздіктердің үздігі» анықталып, ұйымдастырушы тарапынан арнайы символикалық сыйлық табыс етілді. Салтанатты кеш әнмен әрленіп, күймен көмкерілді. Шараны белгілі эстрада жұлдызы Нұрлан Албан жүргізіп, көптің көңілінен шықты. Елімізге белгілі «Орда» тобының ән-шашуы да жастарды қанаттандырып тастады. Студенттер мың бұрала би билеп, үлкен әсермен тарасты.

Тұрсынбек СҰЛТАНБЕКОВ, «Ақ жол».