- Advertisement -

Қазақшаға жетік Николай

234

- Advertisement -

Жамбыл ауданы, Көлқайнар ауылдық округіне қарасты Тастөбе ауылында тұратын Николай Ивкиннің ұлты – орыс. Мамандығы – механизатор. Бірақ қазақ тілін жетік біледі. Арнайы іздеп барып, біраз сұхбаттастық. Ауылдық округ әкімі Асылбек Қонаров та бізбен бірге барды.

Біз механизатордың тракторын жуып, тазалап жатқан қарбалас сәтінде барыппыз. «Беларусь-82.1» маркалы тракторы жарқырап, әдемілігімен көз тартады. «Мен еңбек ететін «Қызыл диқан» өндірістік кооперативі – үлкен ұжым. Оншақты жаңа тракторымыз бар. Кооперативте алпыстан астам адам еңбек етеді. Көпшілігі жергілікті ұлт өкілдері. Ұжым төрағасы Нұриддин Бегмановтың іскерлігін бағалаймын. Жалақымыз жақсы төленуде. Жаздағы маусым кезінде 350 мың теңгеге дейін айлық аламыз. Қазақ жігіттері –менің достарым. Осы ауылда қазақ достарыммен асық атып, футбол ойнап, бірге өстім. Мемлекеттік тілде ешкімнен кем сөйлемеймін. Қазақ елінің тыныштығы, ел Президентінің айқын жоспарлары маған ұнайды. Трактор руліне отырғаныма 31 жыл болды. Ел Тәуелсіздігінің ақ таңы менің еңбек жолымның бастауымен сәйкес келеді екен. Мұны мақтан тұтамын. Қазақ халқындай дархан, адал, ақкөңіл, жомарт жұртты еш жерден көрмедім. Еңбегім де лайықты бағаланып келеді. 2020 жылы Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында ел Президентінің Жарлығымен үшінші дәрежелі «Даңқ» орденімен марапатталдым. Елдің ынтымақ, бірлігі жасай берсін!», деді Н.Ивкин. Ол жұбайы Гүлшат екеуі Юра, Валера, Дамир атты перзенттер тәрбиелеуде. Юра әскери борышын өтеп келсе, Валера Тастөбедегі Ә.Тарази атындағы қазақ орта мектебінде білім алуда.

Біз механизатор Николайдың сол ауылда тұратын ата-анасының үйіне де арнайы бардық. Әкесі үлкен Николай Ивкин қырық жыл осы ауылда механизатор, көлік жүргізушісі болып еңбек еткен. Анасы Неля Украинченко 38 жыл бойы аудандық жедел жәрдем мекемесінде фельдшер қызметін атқарыпты. Әкесі аудандық автобазаның директоры болған Серік Әлмұхамедовтың жақсылығын тілге тиек етсе, анасы Неля: «Біздің жедел жәрдем мекемесінде Тұрғын Жігітеков, Еркін Сауранбаев деген бас дәрігерлер болды. Қазақтармен, өзге ұлт өкілдерімен бірге тату жүріп, еңбек еттік. Талай жыл мерекелерді бірге тойлап, наурызда қосыла ән шырқап, наурыз көжеден шаттана дәм таттық. Кең пейіл халықтан тек жанашырлық, достық, аппақ пейіл көріп келеміз», – деді.

Біз де Қазақстанды Отанына балап, жергілікті ұлт өкілдерімен арасы ажырамастай ынтымақ, бірлік, татулықта күн кешіп жатқан Ивкиндердің жұмыстарына табыс, өмірлеріне береке тіледік.

 

Жамбыл ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support