- Advertisement -

Отанның тірегі, отбасының жүрегі

107

- Advertisement -

Өңірлік қолбасшылықтың ұйымдастыруымен әскери бөлімдердің әйелдер кеңесі өтті. Әйелдер кеңестерінің бастамасымен және ұйымдастыруымен жыл басынан бері «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығына қарасты әскери бөлімдерде, әскери қызметшілердің отбасыларына 450-ден астам іс-шара өткізілген.

«Өздеріңіз білетіндей, биылғы жыл – Балалар жылы деп жарияланады. Біз әскери қызметкерлердің балаларына айтарлықтай көңіл бөлдік. Әскери бөлімдерде балаларға арналған шеберлік сабақтары ұйымдастырылып, ашық есік күндері, ерлік сабақтары, экскурсиялар, мұражайларға, театрларға саяхаттар өткізілді», – деп атап өтті өңірлік қолбасшылыққа қарасты әскери қызметшілерінің отбасы мүшелерімен жұмысты ұйымдастыру қызметінің басшысы Елена Кучукова.

Сондай-ақ «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығына қарасты әскери бөлімдердегі әйелдер кеңестері мүмкіндігі шектеулі балаларға да тиісті көңіл бөлді. Кездесуге денсаулығында ақауы бар балаларға арналған бейімді спорт түрлері бойынша «Тең мүмкіндіктер әлемі» қоғамдық қорының үйлестірушісі Бибігүл Жаныстың шақырылуы кездейсоқтық емес. Ол әйелдер кеңесінің басшыларына физикалық кемістігі бар балалардың қандай спорт түрімен айналыса алатыны туралы ақпаратпен бөлісті.

Жиынға Шымкент гарнизоны 35748 әскери бөлімінің әскери психологтары белсенді қатысты. Олар әйелдер кеңесінің өкілдеріне тренингтер өткізіп, балалардың назарын ұялы телефоннан қалай аударуға болатынын бірге қарастырды.

Олар «Айбын-2022» әскери-патриоттық жастар жиынына қатысу үшін бір жыл бойы дайындалған. Спорттық, әскери, зияткерлік бағыттағы шеберліктерін көрсетіп, командалық рух пен ұйымшылдық танытқан «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығына қарасты Шымкент гарнизоны механикаландырылған бригадасының балалары бірінші орынды иеленді.

Сондай-ақ биылғы жылы «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының әскери қызметшілерінің отбасы мүшелерімен жұмысты ұйымдастыру қызметі Луговой гарнизоны әскери қызметшісінің отбасының «Мерейлі отбасы» байқауында жеңіске жеткенін ерекше мақтан тұтты.

Луговой гарнизонының 03811 әскери бөлімінің материалдық-техникалық базасын қамтамасыз ету бөлімінің сержанты Нұршад Мардановтың көпбалалы отбасы ең үлгілі деп танылды.

– Нұршад Марданов – үлгілі сарбаз, әріптестері арасында беделге ие, қызметте жауапты маман, ал үйде сенімді отағасы. Үш ұлдың екеуі әскери оқу орындарында оқиды, олар әке жолын қуып, әскери қызметті өз мамандығына айналдыруды ұйғарды. Сондықтан біз ойланбастан оның кандидатурасын «Үлгілі отбасы» – «Мерейлі отбасы» байқауына ұсындық. Ал бұл отбасы үздік атанғанына өте қуаныштымыз. Жастар олардан үлгі алып, отбасын берік, тату-тәтті етіп құруы үшін мұндай отбасыларды атап өту керек, – дейді Елена Кучукова.

Биылғы жылдың қорытындысы бойынша 03811 әскери бөлімінің әскери қызметшілерінің отбасы мүшелерімен жұмысты ұйымдастыру қызметінің басшысы Әйгерім Қабиева марапатталды. Адал еңбегі үшін басқа да әскери бөлімдердің әйелдер кеңесінің ерекше және белсенді жетекшілеріне Құрмет грамоталары табыс етілді.

 

Дина МУХАРИНОВА,

«Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы баспасөз қызметінің жетекшісі.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support