- Advertisement -

Батырлар жырын жаттап өскен жауынгер

49

- Advertisement -

Биылғы жылы «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы қолбасшылық пунктінің жедел кезекшісі, подполковник Нұржан Мұсаев туған күнін 15 желтоқсанда отбасынан тыс алғаш рет атап өтті. Отбасылық мерекені жанұяда атап өте алмағанымен, бұл күн антына адал азамат үшін жеңісті сәт болды. Нұржан Мұсаев биыл «Әскери тарланы» байқауы аясында астанада марапатталған үздік әскери мамандардың қатарынан көрінді. Салтанатты сәт подполковник Н.Мұсаевтың туған күніне сәйкес келді. Оның жеңісі үшін әріптестері де, отбасы да қуанды.

«Әскери тарланы» байқауының номинациялары арасында «Үздік жедел кезекші» номинациясы бар. Ол аталымға «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының офицері, подполковник Нұржан Мұсаев лайық деп танылды. Нұржанның қанша үміткерді жеңгенін, қандай салмақты іріктеуден өткенін елестету үшін, әскердің әр түрі мен әрбір өңірлік қолбасшылықта командалық пункттер бар екенін түсіну керек. Олардың қатарында әрқайсысы өз міндеттерін лайықты және толық орындайтын жедел кезекшілер саны айтарлықтай. Бірақ, бұл санның ішінде подполковник Мұсаев үздік деп танылды.

– Подполковник Нұржан Мұсаев қай жағынан алып қарасақ та үздік жедел кезекші болып табылады. Ол бүкіл «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығына қажетті және маңызды ақпаратты жедел жинайды, оны командир мен оның орынбасарларына жедел жеткізеді, қажет болған жағдайда өз бетінше шешім қабылдайды. Басшылықтың талаптарын орындайды. Сол үшін әріптесіміздің үздіктер қатарынан көрінгенін мақтан тұтамыз, – дейді «Оңтүстік» РҚК қолбасшылық пунктінің бастығы, полковник Азат Бекбергенов.

Нұржан Мұсаевты өзінің әулеті, отбасы, атап айтқанда жұбайы Динара және төрт қызы, бауырлары, екі әпкесі мен інісі мақтан тұтады. Әсіресе үлкен ұлдарының жетістігіне ата-анасы дән риза. Әкесі электрик, анасы мұғалім, бір сөзбен айтқанда қарапайым отбасы бола тұра олар ұлына әрдайым демеу болып, қамқорлық танытудан шаршаған емес. Нұржан бала кезінен батырлар жырын жатқа оқып, соғыс туралы фильмдерді көп көріп өскен. Ақыры мектепті аяқтаған бойда әскери оқу орнына түсті.

Нұржан Мұсаев бастапқыда ұшқыш болғысы келді. Ол Ресейдің Смоленск қаласындағы Әуе қорғанысы әскери академиясын таңдап, бес жылдан кейін оны сәтті аяқтады.

Ол әскери әуе қорғанысының офицері болуы керек еді. Бірақ біраз уақыттан кейін ол жедел кезекшінің көмекшісі болып тағайындалды және осы қызмет ұнағандықтан құлшына қызмет етті.

– Маған зениттік батареяның, зениттік артиллериялық взводының командирі болған ұнады. Мен, жас лейтенант, Әуе қорғанысы әскери академиясын бітіргеннен кейін бірден осы қызметке тағайындалдым. Әуелі Арыс қаласында, кейін Таразда 5-ші механикаландырылған бригадада мотоатқыштар батальонының атыс қамтамасыз ету ротасының командирі болып қызмет ету де қызық болды. Бірақ мен «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының қолбасшылық пунктінде әуе шабуылына қарсы қорғаныс бойынша жедел кезекшінің көмекшісі болып қызметте нағыз толқуды бастан өткердім, – дейді Нұржан.

Бұл қызметке жас офицер, сол кезде аға лейтенант Нұржан Мұсаевты «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының әуе қорғанысы күштерін басқарған полковник Салқанбек Әсілов ұсынған болатын. Сол кездің өзінде ол Нұржанды ойы ұшқыр, кез келген тапсырманы орындайтын офицер ретінде көрді.

Күніне ондаған қоңыраулар мен қажетті ақпаратты тиісті алушыларға жедел жеткізумен жас офицердің жұмысы тартысты болды. Сонымен қатар ол оның мамандығымен байланысты еді. Екі жылдан кейін командалық пункттен Нұржан Мұсаев қайтадан әскерге, атап айтқанда әуе шабуылына қарсы қорғаныс офицері ретінде әуелі гвардиялық гарнизондағы танк бригадасына, содан кейін Тараздағы механикаландырылған бригадаға жіберілді.

Әскерде ешнәрсе ешқашан ұмытылмайды. Әуе шабуылына қарсы қорғаныс жөніндегі жедел кезекшінің көмекшісі командалық пунктке қайтадан талап етілгенде, оның кандидаттығына еш күмән болмады.

Нұржан Мұсаев «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының командалық пунктіне ұзақ уақытқа оралды. Бір жылдан кейін ол Құрлық әскерлерінің жедел кезекшісінің көмекшісі болды. Үш жылдан кейін өзі жедел кезекші болды.

– Күнделікті кезекшілік кезінде мен әлі де толқуды сезінемін. Кезекшілік кезінде барлығын тез, әрі сапалы орындау керек, ұсақ-түйек нәрселерді жіберіп алмау қажет. Тек «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының бөлімшелерінде ғана емес, барлық оқиғалардан хабардар болуға тиіссің, әріптестеріммен бірге тәулік бойы жауынгерлік кезекшілікте жүреміз, облыстағы жағдай үнемі бақылауда! – дейді подполковник Нұржан Мұсаев.

 

«Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы Тараз гарнизонының баспасөз қызметі.

 

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support