- Advertisement -

Садақаны кімдерге алуға болады?

193

- Advertisement -

Алла ризалығы үшін жасалған әрбір іс пен берілген затқа «садақа» дейміз. Берілетін садақаның үлкен-кішісі болмайды. Не берілсе де ықыласпен Алла разылығы үшін берілуі қажет. «Оң қолың бергенді сол қолың көрмесін» хадисіне сәйкес берілген садақа мен жасалған жақсылықты жасырын жасау – ең абзал амалдың бірі.

Садақа – ислам діні бойынша қайырымдылық мақсатында мұқтаж адамдарға берілетін ақшалай немесе заттай көмек. Садақа беруші қайырымдылық көрсетумен қатар, күнәсін жуу, қапыда келер көлденең кесапат, қиындықтардың алдын алып, сақтану мақсатын да көздеуі мүмкін. Садақаны мүмкіндігі бар адамдар береді. Садақа ақша, киім-кешек, көмек көрсету, тұрғын жай беру, қарызын немесе міндеттемесін кешу түрінде болады. Садақаның парыз етілген түрі – дәулетті адамдар беретін «Зекет» және ораза айында бүкіл мұсылмандар беретін «Пітір» садақалары.

Құран Кәрімде екі жүз жерде Алла жолында садақа беру, мал сарп ету жайында баяндалады. Яғни, Алла берген нығметті Алла жолында жұмсау сауапты амал екені айтылады. Шексіз нығмет иесі болған Алла мақлұқаттың табиғатында өзгеге жәрдем ету, барын бөліп беру сезімін жаратқан.

Пенде мұқтажға садақа берумен сауапқа кенеледі әрі мүлкінен ештеңе кемімейді. Керісінше, Алла оның мүлкіне береке беретін болады. Ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) былай дейді: «Садақа мал-дүниені ешқашан кемітпейді. Пенде қолын садақа беру үшін созғанда ол садақа сұраушының қолына жетпестен бұрын Аллаға берілгендей болады» (Табарани. Кәбир. ІХ, 109 б.)

«Батыр болсаң, жауыңа найзаң тисін, бай болсаң, халқыңа пайдаң тисін» деген қазақ халқы да қайырымдылықты жоғары бағалап, әсіресе, дәулетті жандардың сараңдығын сынаған. «Қайырсыз адам – сараң, Құм ішінде шөлмен тең. Қайыры мол адам – Суаты шалқар көлмен тең», «Қайырсыз байдан қайнатқан су артық» деп мақалдарына қосқан. Қазақтың ақын-жыраулары да байлардың қоғамдағы жағдайы нашарларға көмек беруін, жанашырлық жасап, қарасуын өлеңдеріне арқау еткен.

Дулат Бабатайұлы:

«Қайырсыз байдан пайда жоқ.

Нашарға жәрдем бермесе.

Кем-кетікті көрмесе,

Көн болып қатса сіреуі,

Екіге сатса біреуі,

Несиенің өсімі,

Мөлшерлі жоқ кесімі,

Үзбей құйса, толмаса» дейді.

Ақын тағы бір өлеңінде:

Қайырымы жоқ, сорлы байлар-ай,

Тәңірі алдына барғанда

Табылар сонда мініңіз, – деп, Жаратушының алдына барғанда байлар үшін қайыр жасамаудың үлкен мін болатынын білдірген.

Ғалымдарымыз есік алдына келіп сұраушыны бос қайтаруға болмайтынын айтып, мына хадисті негіз ретінде ұстанған.

Ибн Аббастың (р.а.) айтуынша, бірде оған бір қайыршы келгенде одан: «Алладан басқа тәңірі жоқ екендігіне және Мұхаммед (с.ғ.с.) оның елшісі екеніне куәлік етесің бе?» – деп сұрайды. Қайыршы: «Иә», – дейді. Ибн Аббас: «Ораза ұстайсың ба, намаз оқисың ба?» – дейді. Әлгі адам: «Иә», – деп жауап береді. Ибн Аббас: «Сен сұрадың, сұраушының ақысы бар. Бізде сұраушыға беру міндетіміз», деп оған бір киім береді. Сөзін жалғастырып былай дейді: «Алланың Елшісінен (с.ғ.с.) былай дегенін естідім: «Бір мұсылманға киім кигізген әрбір мұсылман Алланың қорғауында болады. Сол киімнің бір бөлшегі оның үстінде болғанша» (Тирмизи, Қиямат 42).

Садақа беретін орындар туралы Алла Тағала «Тәубе» сүресінің 60-аятында: «Шын мәнінде садақалар (зекеттер), кедей-кепшіктерге, түгі жоқ міскіндерге, зекетті жинауға тағайындалған адамдарға, көңілдері жібітілуге мақсат етілгендерге (жаңа мұсылмандарға), құлдарды азат етуге, қарыздарға батқандарға, Алла жолына және қиналған жолаушыларға берілуі Алла тарапынан парыз етілді» деген.

  1. Пақырлар – нисап мөлшеріне жететін байлығы жоқ адамдар.
  2. Міскіндер – түгі жоқ адамдар.
  3. Зекет жинауға тағайындалған арнайы адамдар – зекеттердің жиналуы, сақталуы, есептеліп, лайық адамдарға таратылып, тапсырылуы сияқты жұмыстар үшін мемлекет тарапынан тағайындалған адамдар. Бұларға зекеттен белгілі есе аталмыш еңбектерінің қарымына айлық ретінде берілгендіктен тағайындалған адамдардың бай болулары зекеттен мемлекеттің белгілеген мөлшерін алуларына бөгет емес.
  4. Муәллафатул-қулууб – мұсылман болу бақытына әлі кенелмеген кейбір адамдардың жаманшылығынан сақтану үшін және ислам дінін жаңадан қабылдаған иманы әлсіз адамдардың, тіпті әлі исламды қабылдамаған кейбір адамдардың көңілін жібіту үшін пайғамбарымыз (с.ғ.с.) кедей болсын, ауқатты болсын, оларға зекеттен белгілі есе беріп отырған. Міне, осы аталмыш үш топ Құранда айтылып, зекеттен белгілі бір есе тағайындалған «муалләфатул-қулууб» тобына жатады. Бірақ Хазіреті Омар дәуірінде бұл топқа берілетін зекет есесі тоқтатылған. Тоқтатылуының басты себебі, ислам дінінің дүниеге қанат жайып қуаттанғаннан кейін бұлардың көңілін исламға жібітіп, жаманшылықтарынан сақтанудың қажеті болмай қалуында еді. Бірақ кейбір ғалымдардың фәтуасына сүйенсек, қажет болған жағдайда, қайтадан бұл топқа беруге болады.
  5. Құлдар. Қожайынынан азат болу үшін белгілі ақшаға келіскен құлдарға зекет беріледі. Міне, бұл ислам дінінің құлдарды азат ету жолында жұмсаған еңбектерінің бір көрінісі.
  6. Қарызға батқандар. Қарызынан тыс нисап мөлшеріндегі малға ие болмаған немесе басқасында алатын қарызы болып, қайтарып алуы мүмкін болмағандар «қарызды адамдардың» тобына жатады. Пақырға зекет бергеннен гөрі қарызынан қиыншылық көріп жатқан адамдарға зекет беру – абзал. Өйткені, қарызынан құтылу – қарызы бар үшін басты міндет.
  7. Алла жолында. Бұл топқа Алла ризалығы үшін ілім іздеушілер, Алла Тағаланың дінін қорғау және жастарымызды имандылық, адалдық, адамгершілік, әділдік сияқты жақсы қасиеттерге тәрбиелеу үшін, жалпы қоғам пай- дасына шешілетін қайырлы істер үшін бар күштерін салып еңбек етушілер кіреді.
  8. Қаржылары бітіп, жолда қалғандар. Бұларға негізгі тұрғылықты жерлерінде ақшалары барлар жатады, яғни, бай болса да оларға зекет беріледі (қажылар, ілім ізденушілер, т.б. сияқты).

Қайсыбір заманда, қайсыбір қоғамда қайырымдылыққа мұқтаждық әрдайым болып отырады. Қайырымды істер қоғам мүшелерінің арасындағы әлеуметтік теңдік пен татулықты нығайтады. Жоқ-жітікке, жетім-жесірге, мұқтаж жандарға, білім қуушыларға, дәрменсіз бен мүсәпірге көмек қолын созып, жомарттық таныту арқылы Жаратқанға шүкіршілік етіп, шарғи міндетімізді орындаймыз. Барымызды басқалармен бірге бөлісу көңілімізді де орнықтырып, қуанышқа бөлейді, ал ақыреттегі сауабы жұмақ бейіштеріне жетелейді.

Отбасымыздың амандығы, деніміздің саулығы, бауырымыздың бүтіндігі үшін садақа беруден шет қалмайық. Шынайы ықыласпен берген садақа – табысыңызға береке, ісіңізге сәттілік, балапандарыңызға қуаныш, отбасыңызға шаттық сыйласын.

Алла Тағала баршамыздың бойымызға жомарттық сипатты бұйыртып, мұқтаж жандарға көбірек қайырымдылық көмек беруді және екі дүниеде бақытқа кенелушілердің қатарынан болуды нәсіп еткей!

 

 Батырбек ЖАҚСЫМБЕТҰЛЫ,

«Қарабала Төре» мешітінің имамы.

Меркі ауданы

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support