- Advertisement -

Ауылдарға бөлінген қаржы көлемі артып келеді

75

- Advertisement -

Меркідегі мерейлі істер

Меркі ауданында да «Ауыл – Ел бесігі» жобасы бойынша тыңғылықты тірлік атқарылуда. Алдымен Ақарал ауылындағы №5 орта мектептің жағдайымен танысып шықтық. Мұнда аталған жоба аясында күрделі жөндеу жұмыстары қолға алынған.

Жөндеу жұмыстары шамамен 80 пайызға аяқталып қалыпты. Дегенмен кестеден кешігуде. Оны құрылысшы мамандар ауа райының күрт суытып кеткенімен түсіндірді. Бірақ мердігер «ТаразЭлитСтрой» ЖШС нысанды биыл бітіруге тырысып, бар күшімен жұмысқа кіріскен.

Ойтал ауылында 180 орындық мәдениет үйі бой көтеріп келеді. Бұрын мұнда мұндай мәдени ошақ болмаған екен. Нысан құрылысына 168 миллион теңге бөлінген. Нысан келесі жылға өтпелі болғандықтан қаржы толық бөлінбеген екен. Бірақ мердігерлер өз қаражатына осы айдың соңына қарай аяқтап береміз деп отыр.

Меркі ауылындағы 145 орындық «Балауса» балабақшасы да тотыдай-ақ түрленіп келеді. 1965 жылы салынған мектепке дейінгі бұл білім беру нысанының ғимараты ескірген екен. Сондықтан биыл оған «Ауыл – Ел бесігі» жобасымен күрделі жөндеу жұмысы жүргізіліп жатыр екен. Биыл маусым айында басталған құрылыс бұйыртса осы айда аяқталады деп күтілуде.

Экспедиция аясында аудан басшысы Жорабек Баубековпен де жолықтық. Осы қызметке келгеніне алты айға жуық болған Жорабек Нұрмергенұлы атқарылған жұмыс пен алдағы жоспарларын кеңірек айтып берді. Ол қызметіне тағайындалғаннан кейін аудан аумағында ауқымды жұмыстар қолға алынып, межелі жоспарлар бекітілгенін және сол жоспар бойынша орындалуы көзделген жұмыстар кезең кезеңімен жүзеге асып келе жатқанын жеткізді.

– Аудан әкімі жұмысын ең алдымен ауданның жалпы ахуалын зерделеуден бастадым. Аудандағы 45 елді мекеннің барлығын аралап шығып, оның ішінде барлық әлеуметтік, кәсіпкерлік, қызмет көрсететін нысандардың жұмысымен таныстым. Сондай-ақ 14 ауылдық округте 34 қоғамдық қабылдау өткізіп, ауылдардағы мәселелерді тұрғындардың өздерімен бірге талқыладым. Сондай-ақ тұрғындардың өтініш-тілектері және ұсыныстары негізінде аудандағы барлық мәселені жинақтап, ауданның даму жоспарына енгіздік. Мәселелерді кезең-кезеңімен шешу мақсатында басымдықтар анықталып, сол бойынша жүйелі әрі нақты жұмыс жасалып келеді, – деді Ж.Баубеков.

Қазіргі уақытта аудан аумағында 16 жоба аясында 48 ауылішілік көше жолдары жаңарған. Ақкөз Қайнар, Беларық ауылдары тұрғындарының көп жылдан бергі сұранысы орындалып, аталған ауылдарға газ құбыры тартылып, қазіргі уақытта іске қосу жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ Қарасу ауылында да газ құбырларын тарту жұмыстары басталып, жоба өтпелі болғандықтан келесі жылы жалғасын табатын көрінеді.

– Аудандағы ең ірі аймақтардың бірі Ойтал ауылдық округі тұрғындарының мәдениет үйі қажеттігі жөніндегі сұраныстары орындалды. Биыл 180 орындық мәдениет үйінің құрылысы басталды. Дәл сол сияқты Мыңқазан ауылында да 90 орындық ауылдық клубтың құрылысы қызу жүргізілуде.

Мемлекет басшысының биылғы жылды «Балалар жылы» деп жариялауына орай, Меркі, Ақарал және Сыпатай батыр ауылдарында балалар алаңшасы салынып, тұрғындардың игілігіне берілді.

Білім ошақтары бойынша Меркі ауылында Балауса бөбекжай бақшасында және Ақарал ауылындағы №5 мектеп гимназиясының ғимараттары күрделі жөндеуден өтуде.

Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, «Асарлатып үй салу» жобасы аясында 6 үй, 3 асхана құрылысы жоспарланып, қазіргі уақытта 5 үй мен 2 асхана тұрғындар игілігіне берілді (Кеңес, Аспара, Ойтал, Ақарал, Жамбыл және Тәтті мен Жаңатоған ауылдары). Жоспарланған қалған нысандар жуық арада өз иелеріне табысталатын болады.

Аудандағы су тапшылығы мәселесін шешу мақсатында 46 ұңғыманы қазу жұмыстары жүргізілуде. Ұңғыма құрылыстары толығымен аяқталған соң, 2200 га жерді суармалы сумен қамтуға мүмкіндік туады. Сонымен қатар Андас батыр және Жаңатоған ауылдық округтерінде Андас І, Андас ІІ және Андас ІІІ су қоймаларын салу жұмыстары қолға алынды. Су қоймаларының құрылысы аяқталған соң, тағы 700 га жерді суармалы сумен қамтуға болады.

Денсаулық саласында Тәтті ауылдық округінде 30 келушіге арналған дәрігерлік амбулатория мен Гранитогор ауылында 10 келушіге арналған фельдшерлік акушерлік пункітінің құрылысы аяқталып, Республика күні мерекесіне орай, ел игілігіне пайдалануға берілді, – деген Жорабек Нұрмергенұлы тұрғын үй құрылысы, ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік саласы бойынша да ақпарат беріп өтті.

– Аудан халқын тұрғын үйге арналған жер учаскелерімен қамтамасыз ету мақсатында Мыңқазан, Аққайнар, Меркі, Тұрлыбай батыр, Т.Рысқұлов Сұрат ауылдарынан арнайы алқаптар қарастырылып, қазіргі уақытта инженерлік-инфрақұрылымдық жұмыстары жүргізілуде.

Ауыл шаруашылығы саласында 2022 жылы 23739,6 гектар бидай, 27417 гектар арпа, барлығы 51156,6 гектар дәнді масақты дақылдар орақтан өткізілді. Сонымен қатар 1055,4 гектар кортоп, 2370 гектар көкөніс, 7540,8 гектар мақсары, 450 гектар бақша дақылдары жиналып, 691,5 гектар жүгері жиналды.

Ағымдағы жылы 1354 гектар алқаптан 41822 тонна тәтті түбір жиналып, бұл облыс бойынша өткізілген 107500 тоннаның 38,9 пайызын құрады. Биылғы жылы өңдеу кәсіпорнына өткізілген қант қызылшасының 1 тоннасына қант зауыты 15000 теңге төлейтін болса, Үкімет тарапынан 1 тоннасына 15000 теңге субсидия төленеді. Осы орайда, аудандық қант қызылшасын өндірушілерге 582 миллион 98 мың теңге субсидия төленді.

Кәсіпкерлік бағытында «Бизнестің жол картасы-2025» бағдарламасы аясында 328,9 миллион теңгені құрайтын 49 жобаға қолдау көрсетілді. Оның ішінде «Гүлдер» шаруа қожалығының жеміс-жидек сақтау және «Green garden» шаруа қожалығы алма бағының инфрақұрлымдық жұмыстарын атап өтсек болады, – деді аудан басшысы.

Байқағанымыз ауданның негізгі капиталына салынған инвестиция көлемі де аз емес көрінді – 13196,8 теңгені құрааты.

Осы орайда, жұмыспен қамту шаралары бойынша, кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық бағдарлама аясында 5957 адам жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартылса, жаппай кәсіпкерлікті дамыту бойынша 253 азаматқа қаражат берілген. Қысқа мерзімді оқуға 138 азамат жіберілсе, әлеуметтік жұмыс орындарын құру бойынша 100 адам жұмысқа жолданыпты. Жастар тәжірибесі бойынша 131 адам, алғашқы жұмыс орны бойынша 10 адам жұмысқа жолданған. Ал бос жұмыс орындары бойынша 2580 адам жұмысқа орналасты.

– Ауыл халқының тұрмысын түзеу мақсатында облыс бойынша жүзеге асып жатқан пилоттық жобаға Ақермен ауылы енгізілді. Қазіргі таңдағы округтегі 441 ауланың 145-і жобаға қатысуға ниет білдіріп, жалпы жоба құны – 587 032,85 мың теңгені құрап отыр.

Жалпы ауданнның әлеуметтік-экономикалы даму бағытындағы жоспарлы әрі жүйелі жұмыстар өз жалғасын табатын болады, – деді Жорабек Баубеков.

Т.Рысқұловта да жағымды жаңалық көп

«Батыс Еуропа – Батыс Қытай» күре жолының бойында орналасқан Т.Рысқұлов ауданы да егінге қолайлы, малға жайлы мекен. Ауыл шаруашылығы жақсы жолға қойылған ауданда мемлекеттің де қолдауымен жүзеге асып жатқан жобалар баршылық.

Әсіресе «Ауыл – Ел бесігі» жобасының игілін рысқұловтықтар да көріп келеді. Атап айтсақ жақында жақсылық ауылында жаңа дәрігерлік амбулатория ел егіліне берілді.

Ауыл тұрғындарының көптен күткен қуанышын бөлісуге аудан әкімі Ернар Есіркепов, Жамбыл облысы әкімдігінің денсаулық сақтау басқармасы басшылық өкілдері, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қожайхан Бижанов қатысып ақ батасын берген екен.

Біз де осы ауылға ат басын бұрып, амбулаторияның ішін аралап көрдік. Жаңа нысанның құрылыс жұмыстарына 103 миллион теңге бөлінген.

1783 ауыл тұрғыны бар Жақсылық елдімекеніндегі бұл амбулатория ауысымына 15 келушіге арналған.

Заманауи дәрігерлік құрал-жабдықтармен жабдықталып, халық игілігіне беріліп отырған нысанда 11 адамды тұрақты жұмыспен қамтылып отыр.

Нәтижесінде, денсаулық сақтау ұйымдарының тозуы 51 пайыздан 49 пайызға дейін төмендейді деп күтілуде.

Айта кететіні, биыл ауданда 2 дәрігерлік амбулаторияның құрылыс жұмыстары жүріп, жақын күндері Жаңатұрмыс ауылындағы дәрігерлік амбулатория да қолданысқа берілетін болады. Осылайша аудандағы барлық елдімекендер жергілікті дәрігерлік амбулаториялармен толығымен қамтамасыз етілмек.

Жалпы Т.Рысқұлов ауданында медицина саласы қарқынды дамып келе жатыр. Соңғы 10 жылда ауданда ана өлімі тіркелмеген. 2021 жылы аудандық орталық ауруханаға барлығы 305,1 миллион теңгенің медициналық құрал жабдықтары алынып, жарақтандыру көрсеткіші 91,2 пайызды құрап отыр.

Жамбыл ауданында жүзеге асқан жобалар

Жамбыл ауданында «Ауыл – ел бесігі» жобасы шеңберінде 2022 жылға 2 тіректі 7 спутниктік елді мекеннен 15 жоба іске асырылуда. Жалпы сомасы – 1 425,7 миллион теңге (оның 3 жобасы облыстық басқармалар арқылы (295,2 миллион), 12 жоба аудандық бөлім және ауылдық округтер арқылы қаржыландырылуда (1 133 миллион теңге).

Атап айтқанда, Қаракемер ауылында 25 орынға арналған дәрігерлік амбулатория құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді (192,6 миллион теңге). Қызылқайнар (59,4 миллион теңге) және Айшабибі (43,1 миллион теңге) ауылдарында дәрігерлік амбулатория ғимаратына күрделі жөндеу жұмыстары аяқталды. Жұма (1 жол – 58,4 миллион теңге) және Жасөркен (6 жол – 248,5 миллион теңге) ауылы. 7 ауыл ішілік жолдары жөнделуде. Қазіргі таңда Жұма ауылындағы Көктөбе көшесінің жөндеу жұмыстары аяқталған. Ал Жасөркен ауылында 7 жолдың (Талас, Абдуллаев, Терлікбаев, Қазақстанға 10 жыл көшесі, Жасөркен, Тұралиев) жөндеу жұмыстары аяқталып, ауызсу құбырының люктары жөнделуде.

Айшабибі, Пригиродное, Гродиково, Өрнек, Қаракемер сынды 5 елді мекенде спорт кешенінің құрылысы жүргізілуде (бөлінген қаржы 2022 жылға – 826 миллион, 2023 жылға 721 миллион теңге). Бұл 5 жоба 2023 жылға өтпелі нысандар.

Сондай-ақ Қаракемер ауылын ауызсумен қамтамасыз ету жобасы бойынша ағымдағы жылдың 11 қазанында «Таразстрой 2004» ЖШС-мен келісімшарт жасалған. Келісімшарт құны – 504 миллион 548 мың теңге. Келісімшартқа сәйкес құрылыс жұмыстарын жыл соңына дейін аяқтау жоспарлануда. Бүгінгі күнге 300 миллион 364 мың теңге (республикалық бюджеттен – 283 714,5 мың теңге, облыстық бюджеттен – 16 650,1 мың теңге) мердігер мекемеге төленіп, жұмыстың 70 пайызы орындалды. Жұмыс қарқынды түрде жалғасуда. Су құбырының жалпы ұзындығы – 19,2 шақырым.

«Жамбыл облысы тұрғындарының тұрмыстық табысын арттыру» пилоттық жобасының Қаракемер ауылдық округінде іске асыру бойынша да жақсы көрсеткіштер баршылық.

Қаракемер ауылдық округінде 450 аула тіркелген (халық саны – 2 641), оның ішінде Қаракемер ауылы – 296 аула (халық саны – 1785), Құмтиын ауылы – 138 аула (халық саны – 769), Сеңгірбай ауылы – 16 аула (халық саны – 87).

Жалпы жоспар саны – 164 (575 336 825 теңге). Бүгінгі күнде 121 құжат – 836,7 миллион теңгеге (74,7 пайыз) «Тараз» ӘКК» АҚ тапсырылды.

Жуалы ауданындағы ауқымды істер

Экспедициямыздың мақсаты – ауылда атқарылып жатқан жұмыстарды көптің назарына, түйткілді мәселелерін биліктің назарына жеткізу. Сол себепті Жуалы ауданы «Жамбыл облысы тұрғындарының тұрмыстық табысын жақсарту» пилоттық жобасы аясында атқарылған жұмыстарының іске асу барысына көз жүгіртіп көрдік. «Жамбыл облысы тұрғындарының тұрмыстық табысын арттыру жобасына» Жуалы ауданы, Ақтөбе ауылдық округінен 4 елді мекеннің тұрғындары қатысты. Аталған жобаның 5 бағытына жалпы 723,463 миллион теңге несие қаражаты беріліп, толық игерілді. «Тараз» МҚҰ» ЖШС арқылы 1 ауылшаруашылығы кооперативтерінің айналым қаржылары мен ауылшаруашылығы техникаларына 93,863 миллион теңге несие қаражаты 5 пайызбен қаржыландырылды).

Үй іргесіндегі жерді тиімді пайдалану бағыты бойынша 2022 жылы өз есебінен жерлерін игерген. Жиналған өнім 1 386 тонна.

Мал шаруашылығын дамыту және мал сатып алу бағыты бойынша пилоттық ауылдық округте 2 347 мал басын сатып алуға 191 ауыл тұрғыны несиемен қаржыландырылды.

Жалпы округте 2022 жылдың 1 шілдесіне 16 019 мал басы тіркелген (1183 бас сиыр, 885 бас бұқа, 11118 бас қой мен ешкі, 1463 бас жылқы). 2021 жылмен салыстырғанда 359 мал басына көбейді.

Тұрғындардың ауыл сыртындағы жерін тиімді пайдалану бағыты бойынша 2022 жылы игерілген егістік жер көлемі 100 гектар. Жалпы алынған өнім – 441 тонна.

2022 жылы мал азығы бойынша 1419 гектар жерден 6385,5 тонна мал азығы әзірленді.

Бүгінгі күнге айналым қаражатқа берілген несие бойынша 2,3 миллион теңге қаражат төленді.

Кооперативтерді жабдықтау және құру бағыты бойынша 19 дана ауыл шаруашылығы техникалары лизинг жүйесімен сатып алуға жергілікті бюджеттен 93 860 мың теңгеге 5 пайызбен несиелендірілді. Алынған 19 дана техникаға республикалық бюджеттен (25 пайыз) 19 845 мың теңге, инвестициялық субсидия төленді.

Пилоттық жобаның 5-бағыты аясында округтен жеке кәсібін ашу үшін ауыл тұрғыны Гүлбану Қанатбаева кондитерлік цехына 4 760 мың теңге несиеге қол жеткізді. Өндіріс іске қосылған. Бүгінгі күнге 2100 келі кондитерлік (нан, тәтті бәліш, печенье) өнімін өндіріп, ауданның, ауылдық округтың сауда орындарына сатылуда. Өндірісте 4 адамға тұрақты жұмыс орны ашылды.

Ақсай ауылдық округінен жобаға 2 елді мекен қатысты

Ауладағы мал шаруашылығын тиімді пайдалану бағытына жалпы 641,429 миллион теңге несие қаражаты беріліп, толық игерілді. «Тараз» МҚҰ» ЖШС арқылы 1 ауылшаруашылығы кооперативтерінің айналым қаржылары мен ауылшаруашылығы техникаларына 148,0 миллион теңге несие қаражаты 5 пайызбен қаржыландырылды.

Мал бағыты бойынша 77 тұрғын қатысып, жалпы сомасы 387 660 мың теңге қаражат алды. Оған МІҚ (сауынды) 371 бас, МІҚ (бұқашық) 36 бас, жылқы 250 бас және 597 бас уақ малы алынды.

Тұрғындардың аула сыртындағы жерін тиімді пайдалану бағыты шеңберінде қажетті сома – 43 120 мың теңге айналымға қаражат алынды. Оның 35 799 мың теңгесіне 36,5 тонна тұқым, 7 320 мың теңгесіне 31,829 тонна көктемгі және күзгі дала жұмыстарына жанар-жағармай алынды.

«Жуалы – 2020» ауылшаруашылығы өндірістік кооперативіне 800 гектар жер Мыңбұлақ, Қошқарата, Қызыларық ауылдық округтерінен 4 шаруа қожалықпен келісімшарт негізінде пайдалануға беріліп, ағымдағы жылы 200 гектар арпа, 100 гектар мақсары, 200 гектар жоңышқа, 60 гектар жүгері егілсе, бүгінгі күнге 200 гектар жерге күздік бидай егу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Алынған өнім: арпа – 160 тонна, мақсары – 14 тонна және жүгері – 600 тонна (оның ішінде 350 тонна сүрлемге басылды, 250 тонна кооператив мүшелеріне 8000 теңгеден сатылды).

Ауылшаруашылығы кооперативіне қажетті құрал-жабдықтар алу бойынша «Жуалы-2020» ауыл шаруашылығы кооперативіне ауыл шаруашылығы техникаларын лизинг жүйесімен сатып алуға жергілікті бюджеттен 5 пайыздық үстемеақымен 148 миллион теңге несие берілді. Ол қаржыға 20 дана ауылшаруашылығы техникалары алынып, техникаларға республикалық бюджеттен (25 пайыз) 17,36 миллион теңге инвестициялық субсидия төленді.

Бүгінгі күнге техникаға алынған несие бойынша 11 миллион теңге қаражат төленді.

Ауыл тұрғындарының жеке кәсібін ашу бағыты бойынша Ақсай ауылдық округінде 6 жобаға 69,97 миллион теңге бөлініп, төменде аталған жобаларға несие алынып, өз жұмыстарын бастап жатыр. Мәселен Төребеков Қуанышбек механикалық техникалық қызмет көрсету орталығы бағытында 20 миллион теңгетг несие алып, 2 адамды жұмыспен қамтып отыр. Ал Әлжапар Ерсұлтан сүт өнімдерін өңдеу цехын ашуға 14 миллион теңге несие алған. Бүгінгі күнге 810 тонна сүтті қайта өңдеп, 81 000 келі ірімшік, 18 600 келіг май, 56 100 келі сүзбе және 3000 келі құрт шығарды.

Сондай-ақ Рахманқұлов Диас кілемнен портрет жасау мақсатында 2,8 миллион теңге қаржы алып, тапсырыс бойынша жұмыс жасауда. Қайсар Құралбай бал ара бағыты бойынша 9,1 миллион теңге алса, Елдар Құралбай да бал ара бағыты бойынша 9,8 миллион теңге несиеге қол жеткізіпті. Ермек Жазылханұлы бал ара бағыты бойынша 14,071 миллион теңге несиелерін алып, ара омарталарын сатып алды.

Сонымен қатар ағымдағы жылы «Жамбыл облысы тұрғындарының тұрмыстық табысын жақсарту» пилоттық жобасы аясында Жетітөбе ауылдық округін несиелендіру басталды. Бүгінгі күнге «Жетітөбе – 2022» АШӨК құрылып, кооператив төрағасы болып Александр Уразовский сайланды. Жалпы жобаға қажетті қаражат – 769,714 миллион теңге, қатысушылар саны – 1080 тұрғын.

2023 жылы «Жамбыл облысы тұрғындарының тұрмыстық табысын арттыру» пилоттық жобасы аясында Жамбыл облысының тұрғындарын 2,5 пайызбен несиелендіруге 11,5 миллиард теңге қаражат бөлінеді деп күтілуде.

Осыған байланысты Жуалы ауданында 2 ауылдық округті несиелендіру көзделуде. Сол себептен несиелендірілетін округтерді басқармаға ұсыну мақсатында, ауылдық округтерге паспорттарын ұсынып, есептерін жіберу бойынша хат жолданып, мәліметтері жинақталуда.

Биыл жалпы «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында 72 377 мың теңге қаржыға 4,2 шақырым автомобиль жолдарына орта жөндеу жұмыстары басталды. Оның ішінде, Күреңбел ауылындағы Бейбітшілік және Қарабастау көшелерін орта жөндеуге 32 863 мың теңгеге ұзындығы – 2,1 шақырым жолды жөндеу жұмыстары басталды. Жұмыстар жыл соңына аяқталуы тиіс. Ал Ақбастау ауылындағы Төлеби, Қойгелді және Береке көшесінің тұйығын орта жөндеу жұмыстарына 39 514 мың теңге бөлініп, ұзындығы 2,1 шақырым жөндеу жұмыстары аяқталды.

Міне, соңғы жылдары облыс көлемінде ауылдарға бағытталған жобалар аясында бөлініп жатқан қаржы аз емес. Қаншама мектеп, мәдениет үйі бой көтерсе, жер емген шаруалар да несие арқылы қажетіт агрегатын алып, қолы ұзарып қалды. Бұйыртса алдағы бес жылда Президенттің жуырдағы Жарлығымен ауылға бөлінер қаржы көлемі де арта түсетіні белгілі.

 

Жасұлан СЕЙІЛХАН,

журналист.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support