- Advertisement -

Автокөліктегі өрт оқиғалары азаяр емес

51

- Advertisement -

Облыста соңғы кездері автокөліктегі өрт оқиғасы көбейді. Оның басты себептерінің бірі – автокөлік иелерінің көлікті қыздыру кезінде түрлі құралдарды дұрыс пайдаланбауы немесе электр сымдарының қысқа тұйықталуы салдарынан орын алуда. Мәселен, бір тәулік ішінде облыста бірнеше көлік отқа оранды.

13 желтоқсанда сағат 8.01-де Байзақ ауданы, Қостөбе ауылының маңында 1993 жылы шыққан жеңіл автокөлік өртенген. Өрт салдарынан автокөліктің қозғалтқыш бөлігі жойылып, алдыңғы салоны зақымданды. Дәл осы күні, нақ осы уақытта Тараз қаласы, «Ұлы дала» (15) шағынауданындағы тұрғын үйдің ауласында жеңіл автокөліктің электр сымдарының қысқа тұйықталуынан өрт оқиғасы орын алған. Алайда өрт сөндірушілер шақырту орнына жеткенше автокөліктегі өртті тұрғындар өз күштерімен сөндірген.

Меркі ауданы, Сарымолдаев ауылында да бір жеңіл автокөлік өртке оранған. Өрт салдарынан 1998 жылы шыққан көліктің қозғалтқыш бөлігі жойылды. Жоғарыдағы өрттердің салдарынан зардап шеккендер мен қаза болғандар тіркелмеген. Аталған өрт оқиғалары бойынша шақыртуларға облыстық ТЖД-ның өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстарының күштері мен құралдары шығып, өртті дер кезінде ауыздықтаған.

Автокөліктегі өрт оқиғаларына жол бермеу мақсатында автокөлік жүргізушілері төмендегі нұсқаулықты естен шығармаулары тиіс:

– автокөліктерді дер кезінде техникалық байқаудан өткізген дұрыс;

– үнемі оның дұрыс жұмыс жасап тұрғанын қадағалаңыз, әсіресе, электр сымдарға баса назар аударыңыз;

– өзіңізбен бірге әрқашанда өрт сөндіргіш құралы болсын, оны қолжетімді жерде ұстаңыз; – тәжірибеде көрсеткендей, өрт сөндіру кезінде автокөлігіңізге көмірқышқылды өрт сөндіргіш пайдаланған тиімді.

Егер сіздің автокөлігіңізде өрт пайда болған жағдайда:

– өрт шалған уақытта тез арада көлікті тоқтатып, өрт сөндіргіш құралын алып, капотқа жақындатып шашыңыз;

– егер өрт сөндіргіш құралыңыз жарамсыз немесе таусылып қалса, әрі қарай құм мен топырақты пайдаланыңыз;

– жанып жатқан кезде мүмкіндігінше есік пен терезені ашық қалдырмаңыз. Көліктің есігін мықтап бекітіңіз, әйтпесе өрт шарықтап кетуі мүмкін;

– жанармай төгілген жағдайда, лапылдап жанып кетпес үшін, оған су мен көбік немесе топырақ себу қажет;

– егер көлігіңізден өрт шықса, аккумулятордың клемасын (бекітпесін) ажыратып тастаңыз.

Төтенше жағдайлар департаменті қандай да бір төтенше жағдайлар мен өрт оқиғалары кезінде «101» және «112» телефон нөмірлеріне қоңырау шалу қажеттігін еске салады.

 

ТЖД баспасөз қызметі.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support