Басты жаңалық

«Үлкен жиырмалық» саммиті Путинсіз аяқталды

«Үлкен жиырмалық» саммиті Путинсіз аяқталды

Австралиядағы Брисбен қаласында әлемдегі дамыған және дамушы 20 елдің (G-20) саммиті жексенбі күні аяқталды.

Екі күнге жалғасқан жиын соңында оған қатысушы елдердің жетекшілері әлемдік экономика көлемін ұлғайту үшін бірлескен шаралар қабылдайтындары туралы мәлімдеді. Биылғы саммиттің төрағасы, Австралия премьер-министрі Тони Эббот жария еткен қорытынды құжатта инфрақұрылымдық жобалар мен сауда-саттық саласына инвестиция салу туралы айтылған. Ұсынылып отырған шаралардың қатарында әйелдер үшін 100 миллион жұмыс орындарын ашу және ерлер мен әйелдер арасындағы алшақтықты азайту мақсаты да бар. Бұл жолғы саммит Украина дағдарысындағы рөліне байланысты Ресей халықаралық қауымдастықтың сынына қалған кезбен тұспа-тұс келді. Батыс баспасөзі Австралияда өткен “Үлкен жиырмалық” тобының саммитінде Ресей президенті Владимир Путинді “салқын қабылдағанын” айтады.