Ардагерлерді құрметтеуден жалыққан емеспін
Ардагерлерді құрметтеуден жалыққан емеспін
– Біздің адал болмысымызға ауылдың тұнық табиғаты, шынайылығы себепкер. Бір Жаратушыдан кейін алғысты Бейсенбек әкеме айтар едім. Әкем Ұлы Отан соғысынан бір жағынан айырылып оралыпты. Қан майданда оқ тигендіктен, жақтың көп бөлігін кесіп тастаған. Ол кісі үшін бұл жарақат оңайға соқпағаны белгілі. Бірақ, сыртқа ештеңе білдірмейтін. Соғысқа дейін педагогикалық училищені бітіріп, мұғалім мамандығын алған. Ал соғыстан аман оралған соң, ұжымшарға сауатты қызметкерлер де жетіспейді деп, әкемді есепші қызметіне тағайындаған. Әкем – коммунист еді. Шешімге қарсы келмеді. Қалған ғұмырында есепші болып еңбек етті. Біз кішкентай кезімізде әкеміздің есептеуге арналған ағаш шотын талай көтердік. Әкем барлық баласын адал жүруге, ешкімнің ала жібін аттамауға, ар-ұятты жоғалтпауға тәрбиеледі. Жалпы адалдық, қоршаған ортаға деген жанашырлық, қоғамдық жұмыстарға деген белсенділік міне, асыл әкемнің тәрбиесімен қалыптасты. Сол үшін алғашқы алғысымды әкем мен анама айтамын. – Қызметке ерте араласқан екенсіз. Ел оны қалай түсінді? – 1965 жылы сол кездегі Жамбыл зоотехникалық малдәрігерлік техникумын бітіріп, елге қайттым. Оған дейін аз уақыт Көкшетау облысы, Көкшетау мал бордақылау бригадасының бригадирі, онан соң Жуалы ауданы, Чапаев атындағы ұжымшарда мал дәрігері, комсомол комитетінің хатшысы болдым. Комсомол жұмысында науқан кезінде малшылар арасында, қырманда, шөпшілердің арасында жүрдік. Қайнаған еңбектің арасы мені біраз ширатты. Мұнан соң 23 жасымда Самсоновка (қазіргі Күреңбел ауылы) ауылдық кеңес төрағасы болдым. Мұнан соң Чапаев ұжымшарына партия комитетінің хатшысы болып сайландым. Аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Дмитрий Жигалкин деген кісі еді. Сенім артты. Сол сенімді ақтаған секілдімін. Ұзамай облыстық партия комитетінің мүшесі, халық депутаттары Жуалы аудандық кеңесінің депутаты болдым. 1979-1980 жылдары Алматы жоғары партия мектебінде тыңдаушы болдым. Айтпақшы, бұл тұста аталған мектептің деңгейі жоғарылап кеткен. Ұжымшардың партия комитет хатшыларын қабылдамайды екен. Осы жерде облыстық партия комитетінің мүшесі болғаным көмектесті. Бұл тұрғыдан алғанда аудандық атқару комитетінің төрағаларымен дәрежелес тұрады екенмін. Ол оқуға осылай түсіп кеттім. Кейіннен Жуалы аудандық халықтық бақылау комитетінің төрағасы, Сарысу аудандық кеңесі атқару комитетінің төрағасы болдым. 1987 жылы баламалы жолмен Сарысу аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болып сайландым. Міне осылайша, қырық жасқа толмаған шағымда аудан басқарып, талай мәселемен бетпе-бет келдім. 1992 жылы басқару тәсілі әкімдік жүйеге көшкенде Жуалы ауданының әкімі болып тағайындалдым. – Ол кезде «Райком» деген қызмет жоғары лауазым болатын. Сіз ауданға бірінші хатшы да, әкім де болдыңыз. Қайсысы ауыр соқты? – Бірінші хатшы болу – партияның жолы. Оның да талаптары оңай емес. Дегенмен ұзақ жыл қалыптасқан партиялық тәсіл бар еді. Жуалы ауданының тұңғыш әкімі ретінде аудан басқарудың жауапкершілігі жоғары болды деп ойлаймын. – Жуалы дегенде батыр Баукең мен Шерағаң еске түседі. Ол кісілермен де дәмдес, дастархандас болған шығарсыз. Сол сәтте қандай әсерде болдыңыз? – 1980 жылы Бауыржан Момышұлының 70 жылдық мерейтойы Алматыда жаңа жылдың қарсаңында өтетін болды. Жуалы аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Дмитрий Жигалкин деген кісі «Даңқты қолбасшы жерлесіміздің тойына біздің ауданнан екі бюро мүшесі барғаны дұрыс», деп мені және аудандық кеңесі атқару комитетінің төрағасы Сабыр Маусымбайұлын жіберді. Сол мерейтой барысында Баукеңнің үйінде болып, жақсы-жайсаңмен бірге дастарқаннан дәм таттық. Көңілді отырдық. Баукең де көңілді. Арасында әзіл әңгіме айтып бәрімізді күлдіріп отырды. Батырдың мерейтойын жазушы Ғабит Мүсірепов жүргізді. Баукең туралы сөйлегенде сөздің інжу-маржандарын төкті. Ал кештен кейінгі «Алматы» мейрамханасында өткен банкетті ақын Хамит Ерғалиев жүргізді. Сол кезде Баукеңнің жерлесі біздер «Мұндай даңқты жерлесіміздің мерейтойын осындай атақты тұлғалар жүргізуі заңдылық қой», деп мақтанып отырдық. Ал Халық жазушысы Шерхан Мұртаза Сарысу, Созақ аудандарына іссапармен көп келетін. Жылына кемінде бір мәрте келетін. Біз Шерағаға кеңшарларды аралатып, Шудың бойын көрсететінбіз. Сол кезде де біздің ауданда судың тапшылығы бар еді. Ол туралы кейіннен Шераға «Егемен Қазақстан» газетіне «Шуда су көп пе, шу көп пе?» деген мақала жазды. Сол мақаладан соң Сарысуға Ауыл шаруашылығы министрінің өзі келіп, шаруа біраз түзелгені бар. Ал Тараз қаласында 12-шағынауданда Шерхан Мұртазамен біраз жыл көрші тұрдым. Сол кезде де асыл қасиеттерін көп көрдім. – Үш шақырылым облыстық мәслихат депутаты болдыңыз. Қандай қиындықпен бетпе-бет келдіңіз? – Депутаттық жылдарым 1999 жылғы тоқырау кездерге тап келді. Облыс бюджетінде ақша жоқ. Салық жинатып, салық өндіру қолға алынды. Бюджет тапшылығынан Тараз қаласындағы 7-8 көпқабатты үйлердің құрылысы бірер жыл кешеуілдеп біткені бар. Басқасын айтпағанда, осындай қиындықтардан да өттік. Кейіннен жол, мектеп салдыруға мүмкіндік алдық. Сол жылдары халық қалаулысы болған Әбдінұр Әсілбеков, Ералы Дадабаев, Күләш Назарбекова, Тұрсынбай Халық, Ілияс Тортаев, Гүлсін Орынбаева секілді белсенді кісілермен бірге халыққа қажетті ең өзекті мәселелерді шешуге күш салдық. – Біраз жыл облыс әкімдігі еңбек және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы болдыңыз. Ол кезде әлеуметтік саланың мәселелері мүлдем көп болған шығар? – Оныңыз рас. Аталған басқармаға жетекшілік жасай отырып, көп мәселені көзіммен көрдім. Шешілуіне атсалыстым. Бұл ретте ардагерлерге көмек беру басты назарда тұратын. Жалпы, аталған басқарма ардагерлерге 8 түрлі бағыт бойынша қызмет көрсететін. Сондықтан бұл қызмет мені қарттармен қызмет істеуге шыңдай түсті десем қателесе қоймаспын. – Қазір облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы болып қызмет атқарып жүрсіз. Бұл ретте сізді қандай мәселе алаңдатады? – Мен аудан басқарған кездерімде де ақсақалдардың сөзін тыңдап, батасын алып отырдым. Сарысуда Укаша Әбдірахманов, Жақсылық Бозжігітов, Қуандық Ілиясов, Қабыл Ібіжанов, Бердібек Иманбеков, Алтын Досжанова секілді алдыңғы толқын аға-апаларды тыңдауға әркез дайын болдым. Жуалы ауданында Мейманхал Әбдірахманов, Николай Борков, Тұрта Нұржігітов, Зиябек Толымбаев секілді аталар ақылшым болып, талай мәселені бірге шештік. Осылай ақсақалдардың батасымен, алғысымен ісіміз алға жүріп отырды. Қай қызметте жүрсем де ардагерлерді құрметтеуден жалыққан емеспін. Соңғы жеті жылдан бері облыстық ардагерлер кеңесін басқарып келемін. Әр аудан, ауылдардағы қарттарды да емдеу, жағдайларын жасау назарымыздан түскен емес. Шипажайларға жолдаманы көбірек бөлу туралы үнемі ұсыныс айтып келеміз. Жақында облыстық ардагерлер кеңесінің пленумы өтеді. Ол жиында да ардагерлерге қажетті ең өзекті мәселелер айтылып, талқыға түседі. Ал өзіме келсем, 75 жасқа жеткеніме шүкіршілік етемін. Құрмет білдіріп жатқан облыс әкімдігіне, облыстық ардагерлер кеңесіне, мекеме, ұйым басшыларына, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне шынайы алғысымды білдіремін! – Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан Есет ДОСАЛЫ.