- Advertisement -

Тәуелсіз Қазақстанның халықаралық қатынасы және сыртқы саясатының дамуы

95

- Advertisement -

1991 жылғы тамыз төңкерісінен кейін КСРО-ның ыдырау үрдісі тез қарқынмен жүзеге аса бастады. 1991 жылғы 8 желтоқсанда Минскіде Беларусь, РКФСР, Украина республикаларының басшылары өзара келісіп, 1922 жылғы КСРО-ны құру туралы шарттың күшін жойғанын жариялады. Сонымен қатар Тəуелсіз Мемлекеттер Одағының (ТМО) құрылғандығын мәлімдеді. 1991 жылғы 13 желтоқсанда Ашхабадта Орта Азия мен Қазақстан басшылары бас қосып, Минскіде қабылданған шешімдерді қолдайтындықтарын білдірді.

1991 жылдың желтоқсанына дейін КСРО-ның құрамында болған республикалардың бəрі мемлекеттік тəуелсіздігін жариялады. Қазақстанда тəуелсіздік алуға қарсы күштер белең алды. Орыс автономиясын құру немесе солтүстік облыстарды Ресейге қосу идеялары көрініс берді. Тəуелсіздік туралы заңды қабылдауды референдумға салу талаптары алға тартылды. 1991 жылғы 1 желтоқсанда бүкілхалықтық сайлауда 98,78 пайыз дауыспен Н.Назарбаев Қазақстан Президенті болып сайланып, 10 желтоқсанда Республика сарайында салтанатты түрде ант қабылдады. Осы күні Қазақ КСР-інің атауы Қазақстан Республикасы (Қазақстан) деп өзгертілді.

1991 жылғы 16 желтоқсанда «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тəуелсіздігі туралы» Конституциялық Заң қабылданды. Тәуелсіз Қазақстан демократиялық даму жолын қалаған, зайырлы, әлеуметтік жəне құқықтық мемлекет болып құрылды. Қазақстан әлемдік қауымдастықтың тең құқықты мүшесі болып жарияланып, 1992 жылғы 2 наурызда Біріккен Ұлттар Ұйымына мүше болып қабылданды. 1991 жылғы 21 желтоқсанда Алматыда Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тəжікстан, Түркіменстан, Ресей Федерациясы, Украина, Беларусь, Молдова, Əзірбайжан, Армения басшылары бас қосты.

Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының (ТМД) құрылғандығы туралы хаттамаға қол қойылды. Бұл жолы одақ сөзі достастық сөзімен алмастырылды. КСРО іс жүзінде өмір сүруін тоқтатты. Бұл кездесуде ядролық қаруы бар мемлекеттер (Қазақстан, Ресей, Украина, Беларусь) ядролық қару жөнінде біріккен саясат қалыптастырып, ТМД мүшелерінің ұжымдық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге келісті.

Қазақстан тарихы қысқа мерзімде басты мемлекеттік мәселені шешті әрі елдің нақты тәуелсіздігіне қол жеткізді. Еліміз соңғы 30 жылда әлемдік қауымдастықпен барлық салаларда өркениетті байланыстар дамыта білген ашық қоғамға айналды. Көптеген елдермен өзара тиімді және ұтымды қарым-қатынастар қалыптастырып, инвестициялармен келуі өсе түсті.

 Әлемдік қоғамдастық тарапынан қолдау тапқан бастамалар

Сыртқы саясатты орнықтырып, еліміздің халықаралық мәртебесін нығайтуға ел дипломатиясының зор еңбегі бар. Бүгінгі күні Қазақстан әлемнің көптеген елдерімен сыртқы қарым-қатынас орнатып, барлық беделді халықаралық ұйымдардың мүшесі атанды.

Қазақ елі сыртқы саясатының басты бағыты – жетекші державалардың қауіпсіздік жөніндегі кепілдігін ала отырып, ядролық қарудан бас тартып қана қоймай, ядролық қарусыз мемлекет мәртебесіне ие болу еді. Бұл ұстаным тез арада-ақ іс жүзіне асырылды. Ал осы жәйт халықаралық аренада еліміздің мәртебесін көтерді. Еуразия одағын құру, Азиядағы өзара ықпалдастық пен сенім шаралары жөніндегі кеңес шақыру сияқты Қазақстанның бірқатар игі бастамалары әлемдік қоғамдастық тарапынан кеңінен қолдау тапты. Аталған кеңеске көптеген мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың қызығушылық танытуы осы айтқандарымызға айқын дәлел бола алады.

Халықаралық қатынастарда Қазақстан таңдап алған көпвекторлы саясаттың дұрыстығын осы жылдарда жинақталған тәжірибе шын мәнінде растап берді.

Тәуелсіздіктің басында қазақ дипломатиясының алдында ұлттық экономиканың көтерілуіне жан-жақты ықпал ету, инвестициялар тарту, елдің экспортын ұлғайтудың жолдарын қарастыру, сауда-экономикалық қатынастарды дамыту сияқты бірқатар маңызды мәселелер тұрған болса, қазір де аталған бағыттарда айтарлықтай жұмыстар атқарылуда. Енді бүгінгі күннің талаптарына сай халықаралық қауіпсіздікті нығайтуға, әлемдегі экономикалық қатынастарды жетілдіруге, тұтастай алғанда, ғаламдық деңгейдегі проблемаларды оң шешуге үлес қосу басты мақсат болып табылды.

Қазақстан әлемдік қоғамдастықта өзіндік алар орны бар ел екенін соңғы жылдар бедерінде айқын көрсетті. Қазақ елінің саясаттағы бағыты да, географиялық орналасуы да, жер байлығы да дүние жүзіндегі мемлекеттерді бізбен ынтымақтасуға ынталандырды. Мысал үшін айтсақ, Қазақстан Республикасымен дипломатиялық қарым-қатынас орнатқан елдердің саны 120-ға жетті. Елімізде 68 шетел елшілігі мен дипломатиялық миссиялары жұмыс істейді. Қазақстан Республикасының шетелдерде 47 елшілігі мен миссиялары және консулдық өкілдіктері тіркелген. Еліміз мүше болып кіретін халықаралық ұйымдардың саны – 68.

Ел шекарасында сенімді «Қауіпсіздік белдеуін» жасай алды

Қазақстан Ресеймен қарым-қатынасқа айрықша мән берді. Бұл жөнінде елеулі ілгерілеу болды. 1998 жылдың 6 шілдесінде Мәскеуде қол қойылған 11 ғасырға бағдарланған мәңгі достық пен ынтымақтастық туралы Декларация екі ел үшін маңызды тарихи мәнге ие. Қазақстан мен Ресей арасында Каспий теңізінің құқықтық проблемасы шешілді. Келісім хаттамасына 2002-2003 жылдары қол қойылды. Қазақстан мен Ресей арасында экономикалық ынтымақтастыққа арналған шарт жасалды, қаржы мәселелерін реттеу туралы ірі келісімге қол қойылды.

Біздің ел үшін бірінші дәрежелі маңызы бар келісім, дүниежүзілік ірі проблемалардың бірі – Каспий теңізінің мәртебесін айқындау еді. Ел президенті алғашқы кезден бастап принципті бағыт ұстады, өз айқындамамызды қорғап қалды. Қазір ол айқындама Каспий теңізінің солтүстік бөлігі түбінің ара-жігін белгілеу жөнінде Ресеймен ортақ желі принципі бойынша жасалған келісімнен өз көрінісін тауып отыр.

Осы келісімнің іске аса бастауы үшін Сыртқы істер министрлігі белсенді түрде жұмыс істеді. Каспий теңізінің түбіндегі ұлттық секторлар координаттарын айқындайтын хаттаманы қысқа мерзім ішінде даярлады. Сыртқы істер министрлігі Каспий теңізінің заңдық мәртебесі жөніндегі екіжақты және көпжақты келіссөздерді жалғастырып келеді. Каспий проблематикасының Қазақстанның стратегиялық мүдделеріне тікелей қатысты, мейлінше күшті екенін ұдайы есте сақтауда.

Қазақстан 1997 жылдың маусым айында Мәскеуде қол қойылған тәжікаралық бейбіт келісімдердің кепілі ретінде Тәжікстанда берік азаматтық татулық орнатуды ұдайы жақтап келеді. Бұл бүкіл Тәжікстан аумағына бақылау орнатуды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Қазіргідей күрделі жағдайда Қазақстан мен Орталық Азия елдері ТМД-ның оңтүстік шекараларын қорғау, діни экстремизмге, халықаралық терроризмге, ұйымдасқан қылмысқа, есірткі заттарының заңсыз айналымына, қару-жарақ контрабандасына қарсы күрес сияқты маңызды салаларда тығыз өзара іс-қимыл жүргізуі аса маңызды болып қала бермек.

Орталық Азия экономикалық қоғамдастығы түпкілікті қалыптасты

Қазір елеулі іркілістерсіз жұмыс істей бастаған Орталық Азия экономикалық қоғамдастығының түпкілікті қалыптасқаны қуантарлық жәйт.

Мемлекетаралық интеграция қазіргі аймақтық дамудың басты бағыты болып табылады. Батыс Еуропада, Солтүстік және Оңтүстік Америкада, Оңтүстік-Шығыс Азияда орталық экономикалық және геосаяси мүдделер байланыстырып отырған қуатты блоктар мен аймақтық бірлестіктер жұмыс істейді. Осыдан ынтымақтастықтан бас тартудың ешқандай мәнісі жоқ еді. Орталық Азиядағы және тұтастай алғанда ТМД-дағы серіктестіктерімізбен бірге Қазақстанда да осындай бағыттарды өмірге енгізу қолға алынды.

Бұрынғы Кеңес одағы мемлекеттерінің көпшілігі әлемдік энергия көздері рыногындағы ынтымақтастыққа, сауда, көлік және коммуникация салаларын өзара тиімді түрде дамытуға объективті тұрғыдан бейімділік танытты. Ұлы Жібек жолын қайта түрлетуге де көптеген мемлекет мүдделік білдірді. 1996 жылы қол қойылған Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан және Ресей елдері арасындағы экономикалық және гуманитарлық интеграцияны тереңдету мәселесі туралы шарт 28 баптан тұрды. Мемлекеттердің өз халықтарының игілігі үшін ерікті түрде кірігу процесі осы құжаттың негізгі арқауы болды.

Қазақстан-Қытай ынтымақтастығы 1992 жылдың 3 қаңтарынан, яғни дипломатиялық қарым-қатынас орнаған сәттен бастап оң бағытта және ырғақты дамып келеді. Он жылға созылған екіжақты байланыстар көрсеткішінің қорытындысы іспетті Елбасы Н.Назарбаевтың 2002 жылдың 23 желтоқсанындағы ҚХР-ға мемлекеттік сапары барысында 1993-1999 жылдардағы біріккен декларациялар негізінде Қазақстан мен Қытай арасындағы тату көршілік, достық пен ынтымақтастық туралы шартқа қол қойылды.

Қазақстан Ақтөбе облысында мұнай мен газ өндірісін арттыруға қол жеткізген Қытай ұлттық мұнай-газ корпорациясының қызметін жоғары бағалады. Аталған корпорация Кеңқияқ-Атырау мұнай құбырын іске қосуда да белсенділік танытты. Қытайлық әріптестер инвестициялық міндеттемелерін орындап қана қоймай, түскен табысты өндіріске қайта сала бастады.

Біздің еліміздегі мұнай өндіру перспективасын ескере отырып, Президент Батыс Қазақстан-Қытай мұнай құбыры құрылысын кезең-кезеңімен жеделдете түсуді ұсынды. Кездесуде сондай-ақ Қытай компанияларының Қазақстан мұнай-газ өнеркәсібін дамыту бағдарламаларын іс жүзіне асыруға қатысуы және керісінше Қазақстан кәсіпорындарының Қытайдағы мұнай-газ жобаларына қатысуы тақырыптары қозғалды.

Алыс-жақын мемлекеттерге де маңызды мән берілді

Қазақстан сыртқы саясатының күн тәртібінде Таяу Шығыс аймағындағы Түркия мен Иран сияқты мемлекеттерге маңызды мән берілді. Бұл елдермен ынтымақтастық оңды бағытта дамып келеді. Түркиямен әрі саяси, әрі экономикалық байланыстарымыз нығая түсті. Энергия ресурстарымызды тасымалдау саласында бұл елмен белсенді жұмыс жүргізіліп жатыр.

Қазақстанның Парсы шығанағындағы елдермен ынтымақтастығын дамытуда елеулі ілгері басшылыққа қол жетті. Ол мемлекеттердің Қазақстандағы инвестициялық қызметі неғұрлым белсенді бола түсті. Қазақстанның тәуелсіз дипломатиясы өзі үшін тиімді саналатын Баку-Жейхан мұнай құбырының жобасына қолдауын да білдірді.

Қазақстан Оңтүстік Азияның ірі-ірі мемлекеттері – Үндістанмен және Пәкістанмен достық қарым-қатынастарды дамытуға әбден мүдделі. Сонымен қатар біздің ел принцип тұрғысынан алғанда ядролық қаруларды таратпау тәртібін бұзу саясатына риза еместігін де айтып келеді.

Қазақстан үшін сыртқы саясаттың Еуропалық векторы барған сайын зор мән-мағынаға ие бола түсті. Оның өзі Батыс Еуропадағы ықпалдастықтың жоғары деңгейіне және біртұтас Еуропалық валютаның айналымға шығуына байланысты болды.

Қазақстанның Еуропадағы саясатында Германия бағыты басыңқы болып табылды. Принциптік тұрғыдан алғанда, біз өз еліміздегі неміс капиталының мүдделерін толық қамтамасыз етуге ұмтыламыз. 1997 жылы ГФР-дің Үкіметімен және қаржы институттарымен жасалған маңызды уағдаластықтарға қол қойылды. Мұның өзі істің шын мәнісінде біздің елдеріміз арасындағы ұзақ мерзімді ынтымақтастықтың негізін қалады.

Қазақстан Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық жөніндегі ұйыммен өзара іс-қимылын нығайтуға барған сайын көбірек көңіл бөліп келеді. Еліміздің Сыртқы істер министріне осы ұйым жанындағы Адам құқықтары жөніндегі бюромен ынтымақтастық туралы, сондай-ақ осы беделді ұйымның Қазақстандағы өкілдігін ашу туралы құжаттарға қол қойылды.

Сондай-ақ Ресей Федерациясымен ынтымақтастық жөнінде елеулі іргелілеуге қол жеткізілді. Ең алдымен XXI ғасырға бағдарланған, мәңгі достық және одақтастық туралы Декларацияны атап өткен жөн. Бұл құжаттың ережелері екі жақты қарым-қатынастың іргетасын нығайтатыны соншалық, оның болашағы айдан анық көрініп тұрды. Каспий теңізінің шешілмей жатқан мәртебесі проблемасын алға жылжытқан да Қазақстан мен Ресей екендігі назар аударатын жәйт. Қаржы тұрғысындағы өзара кінәласу тәрізді күрделі проблема бойынша түсіністікке қол жеткізілді. Қазақстан «Байқоңыр» ғарыш айлағы мен басқа да полигондарды жалға бергені үшін ақы алатын болды. Өзара сенімге негізделген тұрақты ынтымақтастық Қазақстанға да, Ресейге де өте қажет болды.

Қазақстан Орталық Азиядағы көршілес мемлекеттермен ынтымақтастыққа да маңызды мән берген және одан ешқашан айнымақ емес. Сонымен бірге Украинамен, Беларусьпен, Кавказ мемлекеттерімен арадағы өзара қарым-қатынастардың әлеуеті жақсара түсті. Қазақстандықтар достастықты нығайтуға бағытталған іс-қимылдар Еуразияның ірі мемлекеті ретінде Қазақстанның стратегиялық мүдделеріне сай келетіне нық сенімді.

Қазақстан үшін Америка Құрама Штаттарымен ынтымақтастықтың стратегиялық зор маңызы болды. 1992 жылдан бастап Қазақстан-Америка қарым-қатынасы үдемелі түрде дамып келеді. Саяси және экономикалық салалар бойынша серіктестік деңгейіне шықтық. Біздің экономикамызға ірі инвестиция салып отырған ел нақ осы АҚШ болып табылады. АҚШ-тың белгілі саясаткерлері мен сарапшыларының айтуына қарағанда, бүгінде Вашингтон Қазақстанды Орталық Азиядағы тұрақтылық пен қауіпсіздік тұғыры, өзінің осы аймақтағы басты серіктесі ретінде қарастырады.

Қазір Қазақстанның шетел инвестицияларын тарту үшін барлық мүмкіндіктер бар. Ел экономикасына 1998 жылдың өзінде 8 миллиард долларға жуық қаржы енгізілу фактісінің өзі кездейсоқтық емес еді. Жасалған келісімшартар бойынша ұзақ мерзімді инвестициялардың жалпы құны 60 миллиард доллардан асып жығылды. XXI ғасырда Қазақстан іс жүзінде сыртқа көмірсутегі шығаратын басты елге, ірі мұнай державасына айналды. Біз үшін мұнай және газға шетел инвестицияларын одан әрі тарта беру басым бағыттағы міндет болып табылады.

Адам өмірі, құқығы мен бостандығы – ең жоғары құндылық деп жарияланды

Біріккен Ұлттар Ұйымның ең алғашқы жетістіктерінің бірі – адам құқықтары саласындағы халықаралық нормаларды сақтаудың басты өлшеуіне айналып отырған Жалпыға ортақ адам құқықтары декларациясы болып табылады. 1991 жылы тәуелсіздік алғаннан кейін адам құқықтары мен бостандықтарын құрметтеу мен қорғаусыз демократиялық қоғамның өмір сүре алмайтындығы туралы басты принцип біз үшін айдан анық болды. 1995 жылғы Қазақстан Конституциясы адамды, оның өмірін, құқықтары мен бостандықтарын мемлекеттің ең жоғары құндылықтары деп жариялады. Атқарушы және сот үкіметін, сондай-ақ, құқық қорғау органдарын реформалау барысында осы конституциялық басымдықтар ескерілді.

1994 жылы ақпан айында тұңғыш ұлттық құқық қорғау мекемесі – Адам құқықтары жөніндегі комиссия құрылған болатын, содан соң бір мезгілде үкіметтік емес 20-ға жуық құқық қорғау ұйымдары іске кірісті. Қазақстан адам құқықтары саласындағы бірқатар маңызды халықаралық шарттарға қосылды. Келесіде адам құқықтарын қорғау жөніндегі басқа да халықаралық конвенцияларға қосылды.

Қазақстан бүгінде азаматтық қоғамның берік негізін қалауға қол жеткізді. Қазақстандағы тұрақтылық та халқымыздың ғаламдық және аймақтық тұрақтылық пен қауіпсіздікке қосқан үлесі болып отыр. Қазақстан Республикасы өзінің геосаяси бірегейлігі, экономикалық әлеуеті, тарихы, рухани және мәдени дамуының ерекшеліктері арқылы XXI ғасыр қоғамдастығынан лайықты орын алатын, оның азаматтары бүкіл дүние жүзінде құрметке бөленіп отырған мемлекетте өмір сүріп жатқанын мақтан тұтуына қол жеткізді. 1990 жылдан бергі кезеңде Қазақстан Республикасының Президенттері іс жүзінде әлемнің барлық іргелі елдеріне жүздеген мемлекеттік, ресми және жұмыс сапаларын жүзеге асырды.

Бүгінде Қазақстан өзінің егемендігін жариялаған 31 жыл ішінде дүниежүзілік қоғамдастықтың ажырамас бөлігіне айналды. Тәуелсіз мемлекетіміз халықаралық саясатта беделі бар ел, көптеген интеграциялық бірлестіктердің бастамашысы ретінде танылып жүр.

 

Жүрсінгүл ЖАҚЫП.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support