Жаңалықтар

Сенат депутаттығына кандидаттарды ұсыну аяқталды

Сенат депутаттығына кандидаттарды ұсыну аяқталды

Сенат депутатының бір орнына 6 адамнан үміткер. Бұл туралы Орталық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Константин Петров айтты. «Осы жылдың 29 қарашасы мен 14 желтоқсаны аралығында Парламент Сенаты депутаттығына 130 кандидат ұсынылды. Осылайша, бәсекелестік 1 депутат орнына 6-дан астам адамды құрайды. Өңірлер арасында Абай, Батыс Қазақстан, Қызылорда облыстарында ұсынылған кандидаттардың саны басым – 8 адамнан, Астана мен Алматыда – 10 адамнан. Ең аз үміткер Ақмола, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Алматы, Жамбыл, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстарында ұсынылды – 5 адамнан. Шымкент қаласында бір орынға 6 кандидат үміткер», – деді К.Петров Орталық сайлау комиссиясының отырысында. ОСК дерегінше, кандидаттардың орташа жасы – 50,5 жас. Ең жас кандидат Ақтөбе облысында – 30 жас. Ал ең жасы үлкені Батыс Қазақстан облысында – 74 жаста. Кандидаттардың 25 пайызы, яғни 130 адамның 33-і – әйел. «Қазіргі уақытта кандидаттарды тіркеу жүріп жатыр. Ол 24 желтоқсанға дейін жалғасады. Бүгінге дейін сайлау комиссиялары 49 кандидатты тіркеді. Бәсекелестік барлық өңірде бар. Сенат депутаттығына кандидаттарды тіркеу қорытындысы күнтізбелік жоспарға сәйкес жеке отырысымызда қаралады. Тіркеу кезеңі 24 желтоқсан күні жергілікті уақыт бойынша сағат 18.00-де аяқталады», – деді Константин Петров.  

«Aq jol»-Aqparat».