- Advertisement -

Су мәселесін шешуді тапсырды

166

- Advertisement -

Облыс әкімі Нұржан Нұржігітов Шу ауданындағы «Тасөткел» су қоймасында болып, нысанның сейсмикалық күшейту мақсатында жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстарының барысымен танысты. Су қоймасының құрылыс жұмысын «ТаразҚұрылысИнвест» ЖШС жүргізуде. Жобаның құны 2,1 миллиард теңгені құрайды.

Учаске бастығы Мұрат Есенбаевтың айтуынша, су қоймасының тоспасы салынуда. Құрылыс жұмысына 26 техника мен 38 құрылысшы жұмылдырылған. Нысанның құрылысы тамыз айында басталған, соның ішіндегі су қоймасы тоспасының құрылыс жұмысын 31 желтоқсанда аяқтау жоспарланған. Жалпы, су қоймасындағы сейсмикалық күшейту жұмыстары алдағы жылдың қыркүйек айында аяқталмақ.

– Біздің мақсатымыз – егістік жерлердің көлемін ұлғайту. «Тасөткел» су қоймасына 620 миллион текшеметр су жиналады. Үш ауданның егістік алқаптары осы қойма суымен ылғалдандырылады. Алдағы жылдың суару кезеңіне дейін су қоймасына тиісті көлемдегі суды жинап алуымыз керек. Сол үшін құрылыс жұмыстарын сапалы жүргізіп, суды ерте бастан жинауға күш салуға тиіспіз, – деді Нұржан Нұржігітов.

Құрылыста қарқын бар. Тоспаның табанынан бастап, суағар науаға дейінгі биіктікті бетондау жұмыстары жүргізілген. Ендігі жерде құрылысшылар су тоспасының ең жоғарғы бөлігі, қауіпсіздік тоспасының құрылыс жұмысына кірісіп кетті. Ол қауіпсіздік тоспа су қоймасына сел, басқа да табиғи жағдайда бір миллиард текшеметрге дейін су қабылдап, оның нысанға төндірер қаупін азайтып, бес су науасы арқылы төменге ағып кетуіне мүмкіндік береді. Жалпы, мұнда барлық қауіпсіздік шаралары назарға алынған.

– Біз еш аянып қалып жатқанымыз жоқ. Қолымыздан келгенше құрылыс жұмыстарын атқарудамыз. Бар мүмкіндікті пайдаланып, құрылыс жұмыстарын бір сәтке тоқтатқанымыз жоқ, – деді учаске басшысы.

Аймақ басшысы су қоймасының маңыздылығын қайтара еске салып, суды ертерек жинау керектігін айтты. Сөйтіп учаске басшысынан қашаннан бастап су қоймасына су жинауға болатынын сұрады. Учаске басшысы Мұрат Есенбаев 25 желтоқсанда бетондау жұмыстарын аяқтайтынын, сол күннен бастап су жинай беруге болатындығын айтты.

Облыс әкімі Нұржан Нұржігітов мердігер өкілдеріне құрылыс жұмысын бір сәт те тоқтатпай, жоспарға сай тапсыруды, ал суға жауапты мекеме басшылығына су қоймасына су жинауды құрылыс жұмыстары аяқталысымен бастап кетуді тапсырды.

 

Марат ҚҰЛИБАЕВ

Шу ауданы.

 

 

 

 

 

 

 

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support