- Advertisement -

Орынсыз тойға тоқтам керек

252

- Advertisement -

«Aq jol» газетінің «Айтарым бар» айдарын шолып отырып, кейбір «тойынған» тойшыл қауым жайында оймақтай ой түйгенбіз. Орайы келгенде сол пікір-пайымды жалғап, бірлі-екілі жайттарға тоқталуды жөн көріп отырған жайымыз бар.

Кейінгі жылдары елде той мен шоу қаптап кеткені біз айтпай-ақ белгілі. Осындай жиындарда желіккендер кейде ұлттық салт-дәстүрден аттап, жасөспірімдерге психологиялық жағынан әсер ететін ессіз әрекетке барудан тартынбайды. Ағайын-туыс, көрші-қолаң, таныс-біліс бас қосқан қуанышқа ел-жұрт бала-шағаны алып бармай ма? Сонда арақ-шараптың күшімен оғаш әрекетке бой алдырып, жартылай жалаңаш бишілерді ортаға шығарған азаматтардың әрекеті дұрыс па? Ол-ол ма, қазақтың қасиетті де киелі бесігін тойханаға апарып «бесікке бөлеу» ырымын жасайтындар көбейді.

Тұсаукесер, тілашар, сүндет тойды ресторанда өткізіп мәзбіз. Менің айтпағым, бір қолмен ішімдік ұстап, екінші қолымызбен бет сипаған батамыз қабыл бола ма? Осындай жиындарда арақ-шараппен айтар тілегімізді айтып, тойдың көркін қыздырып жатырмыз десек қатты қателесеміз. Бізге бәлкім, бесік той, тұсаукесер, сүндет той секілді көнеден жеткен салт-дәстүрлерді отбасыда, әулет, көрші-қолаң арасында жасап, әуелі ақжаулықты аналарымыз бен ақ сақалды аталарымыздың батасын алуымыз керек шығар.

Ал кейінірек құлыншақтардың ата-анасы тойды жалғап ресторанда атап өтем десе, ол жиынға  жора-жолдастарын, құрдастарын шақырып, қуанышын жалғаса, ешкім «қой» демес. Ойды-ой қозғайды емес пе, бесік жайында сөз бастаған соң, қарашаңырақта аға, іні-қарындастарым көрген бесік есіме түсіп отыр. Сол бесікте 9 бала тербелді. Ондай бесік, меніңше әрбір үйдің сарайында ілулі. Қазір әр нәрестеге нағашылар жағынан бөлек-бөлек бесік әкеледі. Қарап отырсақ, бұл да ата дәстүрге сай емес секілді. Әрі ысырап. Әй дейтін әже, қой дейтін қожа болмаған соң,осылай салт-дәстүрімізден алыстап барамыз. Әйтпесе, мына заманда той жасау оңай болып па?  Сол баяғы «елден қалмайық», «ұят болады» деумен жанталасқан халық.

Тойлап жүрген халықты елдегі ахуал, мемлекеттің ұстанған саясаты алаңдата ма? Қала берді несиеге той жасайтындар да аз емес. Осындайда зиялы қауым ағалар ақ жаулықты аналар тойды өзіміздің салт-дәстүрімізге сай қылып өткізуді ұсынып ақыл-кеңесін айтып жатса құба-құп болар еді. Сонда уақыт өте ел жастары да жаңашылдыққа бейімделер еді.

Бақилық болған кісілердің әруағына мал сойып, құран бағыштап жатамыз. «Өлі риза болмай,тірі жарымас» деген мақал бар. Оны да «байымас» деп бұрып, рухани байлықтың орнына, материалдық қажеттілікті күйттеп жүрміз. Сондай-ақ құдай тамақ азаматтардың әскерге кетер, не келер шағында, қонысқа көшкен кезде, туған күнде осыған  ұқсас өмірдің маңызды сәттерінде беріліп жатады. Осы құдай тамақтың Жамбыл өңірінде қалай өтетіні баршаға белгілі. Шақырылған молда бастапқыда құран оқиды, кейбір молдалар аз-маз уағыз айтады.

Ас соңында молдамыз тағы бір құран оқып, ақсақалды аталарымыз ас қайырып, бата бергенде ғана «әумин» деп көпшілікпен бірге бетімізді сипаймыз да қоямыз. Қалған уақыттың түгел әңгіме дүкен соғумен өтеді. Осындай жайттарды өңірдің зиялы қауымы, ардагерлер алқасы қаперге алып, жастарға үндеу тастап жатса, өзге аймақтарға да үлгі болар ма еді дейміз.

 

 Амантай Досмаханбетұлы, қала тұрғыны

 

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support