- Advertisement -

«Азаматтарға арналған үкіметтің» алар асуы алда

235

- Advertisement -

Егемен еліміз тоқсаныншы жылдардағы терең тоқырауды еңсерген соң ұзақ мерзімді даму стратегиясын жүзеге асыра бастады. Бұл тұрғыда барлық саланы қамтыған оң өзгерістерге жол ашылды десек, артық айтқанымыз емес. Мұндай жарқын мысалды халыққа қызмет көрсету сервисінің алға басуынан да айқын аңғарамыз. Осы орайда аз уақыттың ішінде «бір терезе» қағидатымен жұмыс істейтін жаңа құрылым өмірге келіп, орталықтандырылған база жасақталды.

Бұл әрі қоғам сұранысы мен уақыт талабынан туындаған шешім еді. Кейін келе, дәлірек айтсақ, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Назарбаевтың 2015 жылғы 20 мамырдағы «Ұлт жоспары – бес институционалдық реформаны жүзеге асырудың 100 нақты қадамы» бағдарламасына сәйкес «Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамын құру ісі қолға алынды. Ол Канададағы «Canada Service» және Аустралиядағы «Centrelink» үлгісі бойынша халыққа қызмет көрсету орталықтарын бір жүйеге біріктіру арқылы мемлекеттік қызмет көрсетудің бірыңғай провайдеріне айналып, Қазақстан Республикасының азаматтарына мемлекеттік қызметтерді бір жерден алуға мүмкіндік беруге негізделді.

Осылайша 2015 жылғы 17 қарашада «Мемлекеттік қызмет көрсету мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» №408-V Қазақстан Республикасының Заңы қабылданып, соған сәйкес Қазақстан Республикасының бірқатар заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Соның ішінде жеке тұлғаларға және (немесе) заңды тұлғаларға мемлекеттік қызметтерді «бір терезе» қағидаты бойынша көрсету, міндетті мемлекеттік тіркеуге жатпайтын жылжымалы мүлік кепілін тіркеу, ғимараттарды, құрылыстарды және (немесе) олардың құрамдас бөліктерін техникалық тексеру, мемлекеттік жер кадастрын жүргізу, зейнетақы және әлеуметтік қамсыздандыру Мемлекеттік корпорацияға жүктелетін болды.

Сөйтіп, Қазақстан Республикасының Үкіметі 2016 жылғы 29 қаңтарда «Мемлекеттік қызметтер туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 11-1-бабына сәйкес «Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамын құру туралы» № 39 қаулы қабылдады. Онда Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігі Байланыс, ақпараттандыру және ақпарат комитетінің «Халыққа қызмет көрсету орталығы», Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің «Жылжымайтын мүлік орталығы», Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі Құрылыс, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және жер ресурстарын басқару комитетінің «Жер кадастрының ғылыми-өндірістік орталығы» және Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің «Зейнетақы төлеу жөніндегі мемлекеттік орталығы» республикалық мемлекеттік кәсіпорындарын біріктіру арқылы жарғылық капиталда мемлекеттің жүз пайыз қатысуымен «Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамын құру туралы айтылған.

Меже белгіленді, міндеттер айқындалды. Осылайша 2016 жылғы 7 сәуірде Қазақстан Республикасы Үкіметінің осы шешімі негізінде аталған мемлекеттік кәсіпорындарды қайта құру арқылы «Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамы құрылып, ол заңда белгіленген тәртіппен Астана қаласының Әділет департаментінде тіркелді.

Мемлекеттік қызмет көрсету процесін жетілдіру мақсатында Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетінің уәкілетті тұлғасының 2016 жылғы 8 сәуірдегі №01 бұйрығымен ел аймақтарында «Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының 1 өкілдігі мен 70 филиалы құрылды.

Ал 2016 жылғы 29 сәуірде Мемлекеттік корпорацияның Директорлар кеңесінің бірінші отырысы өткізіліп, онда Мемлекеттік корпорацияның ішкі құжаттарын бекітумен қатар, басқарма құрамы сайланды. Директорлар кеңесінің 2017 жылғы 12 сәуірдегі шешімімен Мемлекеттік корпорацияның ұйымдық құрылымына өзгерістер енгізілді. Мемлекеттік корпорация басқармасы аппаратының құрамына Жер кадастры және жылжымайтын мүлікті техникалық инспекциялау дирекциясы, Мемлекеттік қызмет көрсту дирекциясы және Әлеуметтік төлемдер бойынша ведомствоаралық есеп айырысу орталығының дирекциясы кірді.

Осылайша елдегі мемлекеттік қызмет көрсетудің бірыңғай провайдері ретінде жаңадан құрылған Мемлекеттік корпорацияның қалыпты жұмысын қамтамасыз етуге бағытталған барлық органдар іске қосылды. Бүгінде мемлекеттік корпорацияда 18 мыңнан астам жұмыскер жұмыс істейді.

«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының құрылуымен Жамбыл облысында да ауыз толтырып айтарлықтай ауқымды істер жүзеге асты. Тұрғындар фронт-офистерге келмей-ақ, электронды негізде де тиісті қызметке жүгінуге мүмкіндік алды. Түптеп келгенде, мұның барлығы жұртшылықтың уақытын үнемдеп, шаруасының тез арада шешілуіне оң септігін тигізуде. Бұл жайттар елімізде цифрландыру үдерісінің қарқынды түрде дамып келе жатқандығын да аңғартады.

Қолда бар мәліметтерге сүйенсек, 2021 жылдың 10 айында фронт-офистер арқылы 893 538 құжат қабылданса, оның ішінде 2749-ы электронды негізде жүзеге асты. Ал биылғы сәйкес мерзімде фронт-офистер арқылы 654 054 қызмет көрсетілсе, оның ішінде 2 547 қызмет электронды негізде орындалған. Яғни жалпы қабылданған құжат саны 25 пайызға кемісе, электронды қызмет саны 9 пайызға азайған. Әрине, бұл халық арасында өз беттерінше қызмет алуға үйретуге бағытталған насихат және оқыту жұмыстарының нәтижесі деп білеміз.

Бекітілген арнайы жоспарға сәйкес, биыл облыс бойынша халықтың цифрлық сауаттылығын арттыру мақсатында сауда орталықтарында, базарларда, мемлекеттік мекемелерде, білім беру ұйымдарында 211 592 оқыту жүргізілді.

Халықтың әлеуметтік жағынан осал тобына жататын азаматтардың үйлеріне барып қызмет көрсету үшін «Help desk» бағдарламасы жасалған. Әлеуметтік жағынан осал топтарға 1 және 2-топтағы мүмкіндігі шектеулі азаматтар, мүгедек балалар, ҰОС ардагерлері, 70 жастан жоғары егде жастағы адамдар жатады. Сонымен қатар фронт-офистерде жоғарыда көрсетілген азаматтарға кезексіз қызмет көрсету мақсатында жеңілдік терезелері қарастырылған. Биылғы 10 айда мүмкіндігі шектеулі азаматтарға 1190 шығу жүзеге асырылып, 1433 қызмет көрсетілді.

Сондай-ақ шалғай орналасқан елді мекендерде мемлекеттік қызмет көрсету үшін «Мобильді ХҚКО» жобасы да іске асырылуда. Есепті мерзімде филиал тарапынан бекітілген қызметтік көліктер арқылы «Жылжымалы халыққа қызмет көрсету бойынша мобильді топ» алыс ауыл-аймақтарға жалпы 613 рет сапар шегіп, 10 119 мемлекеттік қызмет көрсеткен.

Халыққа қызмет көрсетіп отырған соң мамандардың біліктілігін шыңдауға айрықша басымдық берілуде. Осы орайда филиалдың HR және сапа-менеджмент жүйесін дамыту басқармасы және бөлім тәлімгерлерімен бірлесе отырып, қызметкерлердің құзыреттілігін арттыру мақсатында 2013 жылғы 15 сәуірде қабылданған ҚР «Мемлекеттік қызмет туралы» Заңы, 2016 жылғы 22 қаңтардағы №52 «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы қызметінің қағидасы, сондай-ақ қолданыстағы нормативтік-құқықтық актілер және мемлекеттік қызмет көрсетуге бекітілген ережелер бойынша фронт-офис қызметкерлеріне оқыту және түсіндірме жұмысы күнделікті жүргізілуде. Ағымдағы жылдың 10 айында 6 393 оқыту сабағы өткізілді.

Өркениет көшіне ілескен сайын жаңа сервистер де іске қосылуда. Қазіргі таңда азаматтар уақытын үнемдеу мақсатында дайын құжаттарды қызмет алушылардың мекенжайына жеткізу сервисі жұмыс жасайды. Жеткізу тек Тараз қаласы ішінде жүзеге асырылады. Халыққа қызмет көрсету бойынша Тараз қалалық №1, 2, 3, 4 бөлімдерде азаматтар тарапынан сервисті қолдануға мүмкіндік бар. Электрондық төлемдерді дамыту мақсатында халыққа қызмет көрсету бөлімдерінде мемлекеттік бажды төлем кассаларына жүгінбей, QR арқылы төлеуді жүзеге асыруға болады. Сондай-ақ азаматтарды тұрғылықты мекенжайы бойынша «Электронды үкімет» порталы арқылы тіркеуге мүмкіндік бар. Бұдан бөлек электронды цифрлы қолтаңбаны онлайн алу қарастырылған. Яғни ХҚКО бөлімдеріне бармай-ақ, қашықтан электрондық сандық қолтаңба алуға болады. Ол үшін өзімен бірге қолданыстағы жеке куәлігі немесе ҚР азаматының паспорты (Қазақстан Республикасында берілген суретімен жеке куәлік құжаты) болуы тиіс. Кіріс SMS-хабарламаларды алу мүмкіндігімен ұялы телефоны болуы қажет. Сол сияқты сіздің дербес компьютеріңізде веб-камера болуы керек. Электрондық сандық қолтаңбаны одан әрі орнату және пайдалану үшін «NCALayer» бағдарламасын орнатқан абзал.

Бұдан бөлек құжаттандыру бағыты бойынша жүгінген азаматтардың кезекте күту уақытын азайту мақсатында қалалық бөлімдерде корпорация қызметкерлеріне кейбір категориялар бойынша құжат рәсімдеуге рұқсат берілді.

Халыққа қызмет көрсету орталықтары ашылған алғашқы уақыттарда лайықты ғимараттар табу оңай соққан жоқ. Ал қазір материалдық-техникалық база кезең-кезеңімен жақсарып келеді. Осы сөзіміздің нақты дәлелі ретінде жуырда ғана Тараз қаласында көші-қон қызметтері орталығының өз жұмысын бастағанын айтуға болады. Тараз қаласы, Сүлейменов көшесі, 300-үй мекенжайында орналасқан орталық екі қабаттан тұрады. Ғимараттың жалпы ауданы шамамен 1000 шаршы метрді құрайды.

Бірінші қабатта төлемдерді қабылдауға арналған касса, сақтандыру, нотариус қызметтері және басқа да қосалқы секторлар жұмыс істеуде. Ал екінші қабатта консультация секторы, операциялық зал, күту залы орналасқан. Мұнда барлығы 11 штаттық бірлік қарастырылған.

Орталықта шетелдіктерге және азаматтығы жоқ адамдарға Қазақстан Республикасында уақытша тұруға рұқсат беру; ҚР-да уақытша болатын шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарға ЖСН қалыптастыру; еңбекші көшіп келушіге рұқсат беру, ұзарту және кері қайтарып алу және басқа да мемлекеттік қызметтер көрсетіледі.

Жаңа бөлімнің ашылуы фронт-офистерге жоғары жүктемені азайтуға, сондай-ақ Қазақстан Республикасында уақытша болатын шетелдік азаматтарға мемлекеттік қызметтерді бір жерден алуға мүмкіндік береді.

Сондай-ақ Байзақ аудандық бөлімінің «New Con» жобасын жүзеге асыру мақсатында жаңа ғимаратқа көшуі де көптің көңілінен шыққан жаңалық болды.

Халықтың цифрлық кеңсесі Байзақ ауданы, Сарыкемер ауылы, Байзақ батыр көшесі, 313 «д» мекенжайы бойынша бір қабатты ғимаратта орналасқан. Ғимараттың жалпы ауданы шамамен 1080 шаршы метрді құрайды. Цифрлық кеңсе тіркеу, дайын құжаттарды беру, жылдамдық, әлеуметтік қызметтер, жайлылық, жеке құжаттарды рәсімдеу аймақтарынан тұрады. Сонымен қатар фото аймақ, байланыс аймағы, ену аймағы да келушілерге қолайлы жағдай туғызуда. Бұдан бөлек видеокабинка, Ана мен бала, жұмыскерлер, оқу бөлмелері де қарастырылған. Сол сияқты жинақтау аймағы, ИПЦ РМК қызметкерлеріне арналған кабинет жасақталып, төлемдерді қабылдау үшін касса орналасқан.

Қандай істі болмасын бастау оңайға соқпайды. Сол сияқты «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы құрылатын кезде де тұрғындар тарапынан алуан түрлі сұрақтар туындаған болатын. Нақты жоспар мен межелі міндеттердің нәтижесінде көпшіліктің күмәні сейілді. Есесіне елге пайдалы құрылым қалыптасып, халыққа қалтқысыз қызмет көрсетіп келеді. Жұртшылықтың игілігіне бағытталған жұмыстар алдағы уақытта да жүйелі жалғаса беретін болады.

 

Данияр МЕДЕТБЕКОВ,

«Азаматтарға арналған үкімет». мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамы облыс бойынша филиалы директорының орынбасары.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support